Семейде дәрінің тағы 300 түрі шығарылмақ
Гематоген дәруменін өндіріп отырған «Ромат» фармацевтикалық компаниясы болашақта аталған өнімді Кедендік одаққа кіретін елдерге экспорттамақшы. Осыған орай енді кәсіпорында гематоген өндіру бес есеге ұлғаймақ, деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі.
«Қазақстан-2050» стратегиясына орай «Өнімділік-2020» бағдарламасы бойынша «Ромат» компаниясы гематоген цехын жаң-ғыртуды қолға алып отыр. Себебі, зауыт үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы-на қатысып, соның игілігін көруде. Кәсіпорын Семейде 2014 жылға дейін жаңа қосымша ғимарат бөлігін тұрғызбақшы. Нәтижесінде өндірілетін дәрілердің тағы да 300 түрі шығарылмақ. Ал экспортқа шығарылады деген гематоген сонау кеңестік кезеңнен бір өзгермеген, құрамы – сол күйінде сақталыпты. Иристі батонның құрамы – ірі қара қанынан алынатын альбумин. Зауыт жылына 8,5 миллион плитка шығарады. Бұл Қазақстанның ішкі на-
рығына толық жеткілікті емес. Сондықтан да компания «Өнімділік-2020» бағдарламасына еніп отыр.
– 2013 жылдың қараша айына дейін түгелдей автоматтандырылған, жылына 40 млн. плитка өндіретін цехты іске қоспақшымыз, – дейді «Ромат» фармацевтикалық компаниясы ЖШС директоры Виталий Ишмуратов, – егер өндірістің қуаттылығын бес есеге ұлғайтсақ, энергиялық тиімділік 35 пайызға артады. Отандық өнімді еліміздің ішкі нарығына жібереміз, тек 30 пайызы ғана Кедендік одаққа мүше елдерге экспортталатын болады.
Міне, үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының игі әсері осында. Осы бағдарламаның аясында семейлік өнімді көрші мемлекеттер де тұтынбақшы.
– Жиырма жылдық тәжірибенің арқасында біз бәсекелес шетелдік компаниялардың өнімін жақсы білеміз. Сондықтан өзіміз шығаратын отандық өнімнің бәсекеге толық қабілетті екендігіне кепілдік береміз, – дейді өндіріс басшысы.
Қалалық кәсіпкерлік бөлімінің бастығы Әнуарбек Сүйіншиновтің айтуынша, «Өнімділік-2020» бағдарламасы бойынша отандық өнім өндірушілер бірнеше бағытта жұмыс атқара алатын болады. Бағдарламаның мақсаты – бұрыннан кәсіпкерлікпен айналысып келе жатқан өндіріс орындарының қуатын арттыру.
Раушан Нұғманбекова