Бенди мен биатлон
Шағын доппен және таяқшамен ойнайтын ойынды, адамзат баласы ертеректе ойлап тапқан. Б.з.д ежелгi грек, рим, египет, орталық азия, ацтек қолжазбаларына және тасқа салынған бейнелерге назар аударып қарасақ, бендиге ұқсайтын ойын түрлерi көптеп кездеседi.
Екi командаға бөлiнiп жұдырықтай ғана допты таяқшамен қуып жүрiп ойнау, сол замандағы адамдардың керемет жаңалығына айналып, бұл ойын түрi лезде төрткүл дүниеге тараған. Бiр айтып кететiн жәйт, адамзат баласы жаратылысынан өмiр сүруге климаты қолайлы, ыстық жерлердi мекен еткендiктен, бендидi мұз айдынның үстiнде емес, қарапайым көгал шөптердiң бетiнде ойнаған.
Бұл ойынның шығу тарихы әр елдiң қолжазбаларында әрқилы болып келедi. Мәселен, кейбiр деректерде бұл ойын ацтек империясында дүниеге келген десе, ежелгi грек жазбаларында және тастағы бейнелерiнде таяқшамен доп қуалау ойыны Афины қаласында ойлап табылып, Марафон шайқасы кезiнде жауынгерлердiң сүйiктi ойыны болған-мыс. Ал, ежелгi египетте бенди iспеттес ойын б.з.д 2000 жыл бұрын, Нiл өзенiнiң жағасында, Бен Хасан әскерлерiмен ойлап тапқан ойын деп келедi.
Бендидiң Азия аумағына дәл қашан таралғаны туралы нақты мәлiмет жоқ. Бiрақ қолда бар азды-кем деректерге сүйенсек, XX ғасырдың басында таяқ добынан Қытай, Корея, Моңғолия, Тибет елдерiнде жекелеген ойындар өткiзiп тұрған. Бұл ойындарды азиадтықтар ойнай алмағандықтан, олардың орнына сол жердi мекен ететiн орыстар немесе ағылшындықтар ойнаған деген болжамдар бар.
Қазақтандағы бендидiң дамуы
Негiзi, допты хоккей бiздiң елде қарқынды түрде дамымаған. Тек Оралда «Ақжайық» деген командамыз ғана бар. Бұл команда Ресей чемпионатының бiрiншi лигасында спорттық шеберлiктерiн шыңдап жүр. Ал қаланың бiр клубымен жүлделi орынға сына қағу әсте мүмкiн емес. Бiрақ, бүгiнде Қазақстан құрамасының тiзгiнiн ұстаған азаматтар жүлделi орынға ие болу үшiн Ресей ойыншыларына иек артып жүр. Бұл тұрғыда Ресей құрамасына iлiкпей қалған тәжiрибелi ойыншыларды Қазақстан құрамасына тартуда. Сол ойыншылардың арасында Әлем чемпионаты кезiнде Қазақстан құрамасының жейдесiн киiп, ел намысын қорғағандары болмаса, Қазақстанға үш қайнаса да сорпасы қосылмайтындар жетерлiк. Араларында қазақ топырағында тәрбиеленген ойыншылар да баршылық. Тек ондайлар көп емес. Мұның басты себебi – бендидiң олимпиадалық ойындар бағдарламасына ене алмай отырғандығында.
Кеңес Үкiметi тұсында Алматының «Динамосы» дүрiлдеп тұрған кездiң өзiнде, шет жақтан ойыншылар шақыру тәжiрибесi қолданылған. Сол кездiң өзiнде әйгiлi «Динамоның» сапында Ресейдегi Орал өңiрi мен Едiл жағалауының түлектерi көп болған. Қазақстан спортының тарихында даңқты бапкер, ұлағатты ұстаз Эдуард Айрихтiң дәнiн қазақ жерiне әкеп еккен спорты осылай дүрiлдедi.
Қазақстан бенди құрамасы
Мандарин түстi доп додасына Қазақстан құрамасы 1995 жылдан берi қатыса бастады. 10 рет Әлем чемпионатында бақ сынап, екi рет қола жүлдеге ие болды. Жетi рет төртiншi орын иемденiп, 1999 жылы бесiншi орынды қанағат тұтқан. Ендiгi ретте, «Медеу» мұз айдыны бендиден жарыс өткiзуге әлемдегi теңдессiз спорт кешендерiнiң қатарына ендi.
Қазақстан құрамасы Азия ойындарында
Былтырдан берi бенди Қазақстанда ауызға жиi алына бастады. Себебi, 2011 жылы Алматы мен Астанада VII Қысқы Азия ойындары өтедi. Осыған орай жоғарыда айтылған әйгiлi «Динамо» командасының сұрмергенi, гол соғудан КСРО рекордшысы Евгений Агуреев «өз жерiмiзде өтетiн Ақ Азиаданың бағдарламасына дүбiрлi дода қожайыны ретiнде бендидi қосқанымыз дұрыс. Өйткенi, бұл спорттың түрiнен Азиадада бiзге қайрат көрсете алатын ешкiм жоқ. Яғни, жалпыкомандалық есепте бiр алтын қоржынымызға оңайшылықпен түседi», – деп ұсыныс тастады. Содан берi бендидi аз да болса, ескере бастадық. Бендидiң Азия ойындарының бағдарламасына енiсiмен құрлықтың шығыс бөлiгiндегi кейбiр елдер бұл спортты дамытуды қолға алып, команда жасақтау жолына кiрiстi. «Медеуде» өтетiн додаға Моңғолия, Қырғызстан, Корея, Қытай секiлдi командалар қатысуға тiлек бiлдiрiп отыр.