Парижде «ЭКСПО-2017»-нің жеңімпаз-қаласы ретінде Астананың алғашқы таныстырылымы өтті
Қазақстандық тарап «ЭКСПО» көрмесін өткізу құқығын иелену байқауындағы жеңістен кейін тындырылған жұмыстар туралы және Тіркеу құжаттамасын әзірлеу барысы төңірегіндегі есепті ұсынды. Бұл Астананың жеңімпаз қала ретіндегі алғашқы тұсаукесер рәсімі болып табылады.
Р. Жошыбаев атап өткендей, «Қазақстан 2017 жылы «ЭКСПО» көрмесін сәтті өткізу үшін бар күш-жігерін салатын болады. Біз «ЭКСПО-ға» болашақтағы қатысушы мемлекеттер мен келушілер үшін барлық қажетті жағдайды жасаймыз және оны Қазақстан халықаралық көрме қозғалысында өз таңбасын қалдыратындай деңгейде жасаймыз».
Өз кезегінде Халықаралық көрмелер бюросының президенті Фердинанд Наги Қазақстан көрмеге әзірлік шеңберінде үлкен ілгерлеушілікке қол жеткізгенін атап өтті. «Сіздер үшін атқаратын жұмыс бір төбе. Бірақ мен осындай мықты команданың және ҚР Президентінің қолдауының бар екенін ескере отырып, сіздер үлкен табыстарға жетіп, қатысушылардың қатары қалың болатын «ЭКСПО-ны» сәтті түрде өткізетіндеріңізге сенімдімін. Мен Астанаға «ЭКСПО-ға» әзірлікте және оны өткізуде сәттілік тілеймін», - деді ол.
Халықаралық көрмелер бюросының бас хатшысы Висенте Гонсалес Лоссерталес те ҚР-дың «ЭКСПО-ға» әзірлік бойынша атқарған жұмыстарына оң баға беріп, «үлкен ілгерлеушілікке қол жеткізілгенін» атап өтті.
2014 жылы көрменің құрылысы мен қатысушы мемлекеттерді тарту бойынша қарқынды жұмыстар басталады.
Айта кеткен жөн, ҚР Президенті 2013 жылдың 30 мамырында Қазақстан Республикасын «жасыл экономикаға» көшіру туралы Тұжырымдаманы қабылдау жөніндегі Жарлыққа қол қойды.
ҚазАқпарат.