«ЭКСПО – 2017» – Астананың абыройын аспандатады
2012 жылдың 22 қарашасы барша қазақстандықтар үшін ақ түйенің қарны жарылған күн ретінде есте қалды. Дәл осы күні төрткүл дүниені төрінде тоғыстыратын «ЭКСПО» халықаралық көрмесі қазақ жерінде өтетін болып келісілді. Париж қаласында өткен Халықаралық көрмелер бюросы Бас ассамблеясының 152-сессиясында қатысушы 161 мемлекеттің 103-і Астананы қолдап, дауыс берді.
Кешеге дейін күллі жұрт елордада өткен ЕҚЫҰ Саммиті, VІІ Қысқы Азия ойындары, ИКҰ форумы, V Астана экономикалық форумы, Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі сынды маңызды оқиғаларға куә болған. Халықаралық салмағы бар жиындар мен басқосулардың алаңына айналған Астана сәтін салса, енді «ЭКСПО – 2017» халықаралық көрмесін қабылдамақ.
Халықаралық көрмелер бюросының талаптарына сай көрме өткiзушi қаланың әлеуетi үш ай көлемiнде кемі 5 млн адамды қабылдауға дәрмендi болуы тиiс.
Талапқа сай шаһардың оңтүстік-шығыс бөлігінде халықаралық шараны өткізуге арналған тұтастай жаңа қалашық тұрғызу жоспарлануда. Бұл мақсатқа Астана қаласы әкімдігі 124 гектар жер бөлді.
Ол коммуникациялық жағынан қолайлы медициналық кластердің солтүстігінде, Орынбор, №27, №30 және Қабанбай батыр көшелерінің шекараларында орналасқан. «ЭКСПО-ның» орталық көрмесі Назарбаев Университеті мен «Абу Даби Плаза» кешені аралығындағы желілік парктің қиылысқан тұсында орналасады.
Қазір ЭКСПО қалашығының жобасына халықаралық конкурс жарияланды. Конкурс жеңімпазын осы жылдың қазанында Халықаралық көрмелер бюросы бекітеді. Ал, келесі жылдың басында құрылысы басталады деп жоспарланып отыр.
Көрме әлемді қазақстандықтардың көп ұлтты мәдениетімен, көне тарихымен, өнерімен, дәстүрімен және қонақжай мінезімен таныстыруға жол ашып, еліміздің әлемдік қауымдастық алдындағы танымалдылығы мен тартымдылығын одан сайын арттыра түсетін болады.