Шымкентті егеуқұйрықтар "басып" алды
06.05.2013 04:10
3467
Шымкентте егеуқұйрықтар күн өткен сайын көбейіп барады, деп хабарлайды Отырар.кз. Кеміргіштер қазір тек жертөлелер мен қоқыс жәшігінің маңында ғана емес, қаланың орталығында да емін-еркін "серуендеп" жүретін болған.
Жұртшылық қазір балаларын ойынға жіберуге қорқатынын айтады. "12-ші қабатқа да шығып алды қазір. Балаларымыз қорқады. Жұқпалы аурулар тарап кетсе қайтеміз? Біз санэпидқадағалау станциясына да, "Нұр Отанға" да жаздық. Бірақ ешқандай нәтиже жоқ", - дейді қала тұрғыны Зәуре Қамбарова.
Ал қалалық әкімдік тұрғындардың өздері бір харекет қылмаса, басқа қайран жоқ деген көрінеді. Заң бойынша мемлекет зиянкестерді құртуға қаржыны тек төтенше жағдай жарияланғанда ғана бөле алады. Ол үшін кем дегенде тұрғындарға 5000 айлық есептік көрсеткіш көлемінде шығын келуі керек екен.
Қалалық ветаринария бөлімінің бастығы Ғани Құрманбайдың пікірінше, егеуқұйрықтардың еркінсіп кетуіне қалалықтардың өзі кінәлі көрінеді. "Қоқыс жәшіктерінің аузы-мұрнынан шығып тұруы, үй маңының санитарлық талапқа сай болмауы, жертөлелердің құрғақ болмауы - осының барлығы проблеманың туындауына себеп болып отыр", - дейді ол.
baq.kz
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Келесі жаңалық
Еркін күрестен ел кубогының жеңімпаздары белгілі болды