Серік Бердалин
Команданың үздік ойыншыларының бірі, әрі қозғаушы күші болды десек, артық айтқанымыз емес. Теміртауда өткен бес жылында әр маусымда 15 голдан аз соққан емес. Сондай-ақ, дивизонның үздік 33 футболшысының тізіміне үш маусым қатарынан енді.
Кеңес үкіметі кезінде қазақ баласы доп тебе алмайды деген сыңаржақ пікірдің болғаны жасырын емес. Бірақ, сол пікірдің қате екенін, қазақтың да доп тебе алатынын сол кездің өзінде дәлелдеген футболшыларымыз баршылық. Міне, сондай футболшыларымыздың бірі – Серік Бердалин.
Серік Сарсембайұлы Бердалин –1947 жылы Қарағанды облысында дүниеге келген. Ойыншы ретінде өткен ғасырдың 60-70 жылдары Қарағандының «Шахтер» мен Теміртаудың «Металлург» командасында өнер көрсетті.
Алдымен аулада доп теуіп, көшедегі балалармен аладоптың көрігін қыздырып өсті. Ол кезде Сарыарқаның жас футболшыларының барлығы «Шахтерде» доп тебуді армандайтын. Өзге жас футболшылар сияқты Серіктің де арманы кеншілердің сол кездегі жұлдыздары Гелий Шершевский, Геннадий Костюченко, Вениамин Чуваков сияқты футболшы болып «Шахтердің» сапында өнер көрсету еді. Бұл арманына 16 жасқа толғанда қол жеткізді. Алғашқы бапкері таныстыруды аса көп қажет етпейтін белгілі мамандар – Анатолий Чудинов пен Андрей Гумиров болды.
Алғаш алаңға 1965 жылы кездесудің аяқталуына 15 минут қалғанда әріптесін алмастырып ойынға араласты. Осы он бес минут ішінде Виктор Корольковтың пасын сәтті пайдаланып, қақпа кілтін табады. Осылайша, алғашқы кездесуден-ақ гол соғып ерекшелене бастады.
Осыдан кейін «Шахтер» сапында үш маусым өткізді. Тіпті, бір кездері Ауғанстанда өткен жолдастық кездесуде хет-трих орындағаны бар.
1967 жылы Теміртаудың «Метталург» командасына ауысады. Бұл кездері «Металлург» КСРО чемпионатының екінші дивизионында өнер көрсететін.
Команданың үздік ойыншыларының бірі, әрі қозғаушы күші болды десек, артық айтқанымыз емес. Теміртауда өткен бес жылында әр маусымда 15 голдан аз соққан емес. Сондай-ақ, дивизонның үздік 33 футболшысының тізіміне үш маусым қатарынан енді.
1971 жылы «Шахтер» Теміртауда тәп-тәуір өнер көрсетіп, әбден ысылған өздерінің бұрыңғы футболшысын қайтарып алды. Бірақ, ол кездері «Шахтерде» шабуылшылар арасында бәсекелестік өте күшті болатын. Сондықтын бас бапкер Серікті алаңдағы орнын шабуылшыдан оң жақ қапталдағы қорғаушыға ауыстырады. Нәтижесі де жаман болмады, өз шебінің үздігі болды. Кездесулердің көпшілігіне негізгі құрамда шығып, бапкердің көңілінен шығатын ойын көрсете алды. 1976 жылы үлкен спортпен біржолата қош айтысып, бапкерлікке бет бұрды. Серік те ойыншы ретіндегі карьерасын 30 жасқа толмай аяқтаған футболшыларымыздың бірі.
Ол жаттықтырған Қазақстан ұлттық құрамасы 1997 жылы Азия аймағы бойынша әлем чемпионатының іріктеу кезенінің финалына өтті. Алғашқыда сырт алаңда Ирак (2:1), Пәкістан (7:0) құрамаларынан басым түссе, финалдық кезеңнің өз алаңымызда өткен ойындарында Жапония, Оңтүстік Корея, Өзбекстан құрамаларымен тең түстік (барлығы – 1:1). Ал, Біріккен Араб Әмірліктерін 3:0 есебімен ойсырата жеңді. 1997 жылы барлығы 5 ұтыс, 3 тең ойын, 5 жеңіліс.
Серік Әшірбековтің шақыруымен 1990 жылы «Шахтер» клубының президенті болып қызметке тағайындалды. Кейіннен бапкерлік міндетті де қоса атқарып жүрді. Нәтижесі де көп күттірген жоқ, 1995 жылы кеншілер тәуелсіз Қазақстанның төл чемпионатында алғашқы қола жүлдесіне қол жеткізді. Бұл жетістігін кейіннен 1998 жылы павлодарлық «Ертісті» жаттықтырған кезде қайталады.
Жетістіктері:
Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген бапкері;
Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері;
1995 жылы – «Шахтер» Қазақстан чемпионатында қола жүлдені еншіледі;
1995жылы – Қазақстанның ең үздік бапкері;
1998 жылы – «Ертіс» Қазақстан чемпионатының қола жүлдесін еншіледі.
Қызметтік жолы:
1976-1980 жылдары – «Шахтер» командасының аға бапкері;
1980-1984 жылдары – «Шахтер» командасының директоры;
1985-1990 жылдары – Қарағанды қаласындағы №3 спорт-мектеп интернатының аға бапкері;
1990-1997 жылдары – «Шахтер» клубының президенті, бас бапкері;
1998 жылы «Ертіс» командасының бас бапкері;
2000-2003 жылдары – «Есіл» командасының аға бапкері;
1995-1997жылдары – Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері;
2000 жылы – «Жетісу» командасының бас бапкері;
2003-2008 жылдарда – футболдан мемлекеттік жаттықтырушы.
Бек Төлеуов, «Sport» газеті.