Үкімет үдемелі дамудың келесі бесжылдығына тұжырымдама әзірлеуге кірісті
Осыдан үш жыл бұрын елімізде Үдемелі индустрияляқ-инновациялық даму (ҮИИД) бағдарламасы өмірге келген болатын. Мемлекет басшысының тікелей қоладуымен іске аса бастаған қазақстандық жаңа индустрияландыру арқасында елімізде жұмыссыздық жүгенделіп, тауар һәм қызмет көрсету сапасы жақсарды, ұлттық экономиканың бәсекеге қабілеттілігі артып, бизнестің ісіне береке кірді. Ақыры осындай ауқымды бағдарлама аясында қолға алынған игілікті істердің нәтижесі айқындала бастады. Бағдарламаның белгіленген алғашқы бесжылдық кезеңі 2014 жылы аяқталады. Соған орай, бүгінгі Үкімет отырысында атқарушы билік ҮИИД бағдарламасының жаңа бесжылдыққа арналған тұжырымдамасын жасақтауға кірісетіндіктерін жария етті.
Бағдарламаның мақсаты Қазақстанның экономикасын әртараптандыру және оның бәсекеге қабілеттілігін әлемдік нарықта арттыру болып белгіленген еді. Осылайша, елдің ұлттық экономикасы жоспарлы түрде әрі сатылы жолмен әртараптандырылады. Бұл ретте Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы ҮИИД бағдарламасы екі бесжылдықтың ішінде экономиканың бет-бейнеcін өзгертіп, оны шикізаттың әлемдік бағаларының ауытқуына тәуелсіз ету туралы міндетін қойған болатын. Жоғарыдағы нәтижелерге көз жүгіртсек, бағдарлама өзінің осы кезеңге дейінгі діттегеніне жеткен тәрізді. Ендеше, индустрияландырудың келесі фазасына бүгіннен кіріскен абзал. Сондықтан да, ауқымды жұмысқа ерте бастан бел шеше кірісу туралы Елбасы Үкіметтің алдына толайым тапсырма қойған еді. Ал келесі бесжылдықты қамтитын кезең туралы Президент: «Үдемелі индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасын өнеркәсіптік қуаттарды импорттауға және технологиялар алмасуға бағыттауға тиіспіз. Бұл үшін бізге бірлескен халықаралық компаниялар мен ел үшін пайдалы серіктестіктер құру мен дамытудың кіші бағдарламасы қажет», - деген болатын.
Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешевтің айтуына қарағанда, бағдарламаның нәтижесінде еліміздегі өнеркәсіп оң серпінмен дамуға бет ала бастаған. Оның ішінде Индустрияландыру картасының тиімділігін жалпы ішкі өнім көрсеткішінің артуынан байқауға болады. Мәселен, өткен жылы Қазақстанның жалпы ішкі өнімі 5 пайызға өссе, соның ішінде 1,3 пайызы Индустрияландыру картасы аясында іске қосылған жаңа өндірістердің үлесіне тиеді екен. Ресми деректерге үңілсек, 3 жылдың көлемінде республиканың түкпір-түкпірінде 537 жаңа өндіріс пайдалануға берілген. Нәтижесінде 50 мыңға тарта азамат жұмысбасты болыпты. Бұған дейін сырттан келіп жатқан, ал ендігіде өзімізде, яғни Қазақстанда шығарылатын өнімдердің 142 жаңа түріне жол ашылыпты. Бір ғана былтырғы жылы жаңа өндірістер бойынша барлығы 913,4 млрд теңгенің өнімі шығарылған. Бұл өнеркәсіптік өндірістің жалпы көлемінің 5,5 пайызын, ал өңдеуші өнеркәсіпте Индустрияландыру картасындағы нысандар үлесінің 8 пайызын құрап отыр. Өнеркәсіптік дамудың аймақтардағы салмағын сараласақ, Қарағанды, Павлодар, Шығыс Қазақстан облыстары жобалардың саны бойынша республикадағы көшбасшы өңірлер болып келеді. Керісінше, ең төменгі өндіріс көлемі Солтүстік Қазақстан, Маңғыстау және Қызылорда облыстарында тіркелген. Премьер-министрдің орынбасары, Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешев бұндағы бар мәселені аталған өңірлердегі мұнай-газ өндірісі саласының ауыл шаруашылығынан басым екеніндігімен түсіндіруге тырысады. Ал жалпы алғанда өткен үш жылдың нәтижесі өңірлердің, ұлттық компаниялардың менеджменті қаншалықты тиімді және қазақстандық бизнестің қаншалықты бәсекеге қабілетті болғанын көрсетеді.
Дегенмен, Үдемелі индустрияландыру бағдарламасының барлық қыры бірдей қарқынды деуге келмейді. Мәселен, Индустрияландыру картасына ілінген 19 жобада жұмыс жанданбай, мерзімінен бұрын тоқтатылған. Осыған түсінік берген Индустрия министрі Әсет Исекешевтің айтуынша, бұл 19 жоба жалпы көрсеткіштің 3,5%-ын құрайды екен. Дегенмен, бұған бола аттандаудың шамалы екенін де министрі алға тартады. «Бұл қалыпты жағдай деп есептеледі. Қажетті шаралар қолданылды. Нарықтық жағдайдың тұрақсыз болуы салдарынан кейбір жобаларда кідіріс бар», - дейді министр Әсет Исекешев.
Тоқтала кететін жайт, экономиканың сапалы өсуінің маңызды факторларының бірі еңбек өнімділігі болып табылады. Министр келтірген мәліметтерге сүйенсек, 2008 жылмен салыстырғанда 2012 жылы өңдеуші өнеркәсіптегі өнімділік 1,4 есеге өскен. Таратып айтқанда, химия өнекәсібінде жоғары көрсеткіштерге қол жетіп, бұл саладағы өсім 1,8 есеге артса, машина жасау, фармацевтика және жеңіл өнеркәсіпте – 1,3 есе, өзге де металлургиялық минералдық өнім өндірісінде – 1,2 есеге өсім көрген. Өнеркәсіптегі жұмыспен қамтылғандар саны 85 мың адамға артыпты. Оның ішінде Индустрияландыру картасының жобаларын іске асырудың нәтижесінде 40,9 мың жұмыс орындары құрылған. Бұдан бөлек, қолайлы жағдай тікелей шетелдік инвестицияларды тарту салсында да сақталып отыр. Мәселен, 1993-2012 жыл аралығындағы кезеңде ел экономикасына 171,2 млрд доллар тартылса, соның 48 пайызы 2009-2012 жылдардың еншісінде болып отыр. Қазіргі уақытта әлемнің 88 елінен 413 инвестормен және 228 инвестициялық жоба бойынша жұмыс жалғасуда. 8,8 млрд. доллар сомасындағы 81 жоба қазірдің өзінде іске асырыла бастаған.
Министрдің айтуынша, 2012 жылы Қазақстан экспортының көлемі 2011 жылмен салыстырғанда 5,3 пайызға өсіп, 92,3 млрд. долларды құраған. Қазақстаннан дайын өнім әлемнің 111елінің нарығына шығыпты. Сөйтіп, әлемнің бірқатар елдерінде, оның ішінде Еуропа аумағында дағдарыс құбылысы айналшықтап жүрген тұста Қазақстанның экономикалық көрсеткіштері біршама жақсарып отыр. Бұны сарапшылар да ең алдымен индустрияландыру бағдарламасымен байланыстырады. «Қазақстанның, Ресейдің, Беларустің, Қытайдың, АҚШ және бірқатар Шығыс, Батыс Еуропа елдерінің әр түрлі салалары мен өнеркәсіп секторларында 2011 жылға қарағанда 2012 жылы өсу қарқынын салыстырмалы өзгерісіне талдау жүргізілді. Және біз көптеген елдерде өсу қарқынын төмендегенін, ал Қытайда өсу қарқынын кідірлегенін байқап отырмыз. Ал Қазақстан болса керісінше Бірыңғай экономикалық кеңістік пен ТМД аумағында, көптеген секторларда өсудің жоғары қарқынын көрсетіп отыр. Біз бұны Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының оң әсері деп ойлаймыз», - дейді министр Әсет Исекешев.
Сөйтіп, министрдің сөзімен айтсақ, бағдарламаны жүзеге асырудың бірінші бесжылдығында индустрияландырудың екінші кезеңі үшін тиісті база құрылды. «Бүгінгі таңда екінші кезеңнің тұжырымдамасын айқындау - бұл өте маңызды құжат болып табылады. Себебі, біз қазір әлемдік нарықтарда күрделі өзгерістер жүріп жатқандығын көріп отырмыз. Сондай-ақ, Мемлекет басшысының экономиканы кластерлендіру бойынша бірқатар тапсырмалары бар. Осыны ескере отырып, аталған тұжырымдама әзірленіп жатыр. Бұл тұрғыда Үкіметте «Атамекен» одағымен бірге арнайы жұмыс тобы құрылды. Менің ойымша, жылдың соңына дейін бұл жоба дайын болады»,-деп түйді министр Әсет Исекешев.
Жиынды қорытындылаған Үкімет басшысы Серік Ахметов ҮИИД МБ аясында іске қосылған кәсіпорындардың өз уақытында жобалық қуатына шығуын ерекше бақылауға алуды, бағдарламаның мақсатты индикаторларының орындалуы үшін сапалы мониторингті қамтамасыз етуді тапсырды. «Іске қосылған нысандардың жоспарлы нәтижеге, жобалық қуатына дер уақытында шығу мәселесі шешімін таппай отырған тәрізді. Әрине, бұл индустрияландырудың бірінші бесжылдығын жүзеге асыруда Мемлекет басшысының тапсырмаларын сапалы орындауға әсер етеді», - деді Серік Ахметов Үкімет отырысында.
Айтпақшы, Министрлер Кабинеті бүгінгі отырыста 50 жастан асқан тұлғаларды жұмыспен қамтуды көздейтін кешенді жоспарды бірауыздан қабылдады. Тоқтала кететін жайт, қоғамда қызу талқыға түсіп жатқан зейнеткерлік жасын ұлғайтуға арналған заң жобасы бойынша Парламент депутаттары Үкімет алдына дәл осы төңіректе нақты қадамдар болуын талап еткені есте. Мәліметтерге қарағанда, қазақстанда еңбекке қабілетті халықтың 6 пайыздан астамын 55 жастан асқан жұмысшылар құрайды екен. Бұлардың қоғамдағы үлесі жас көрсетікішінің артуына байланысты азайып отыратын да көрінеді. «Осы жастағы азаматтардың үлесін арттырып, қажетті зейнетақы жинақтарын жинауға көмек беру және жұмыссыздық деңгейін төмендету үшін министрлік тарапынан бірқатар шаралар әзірленді. Кешенді жоспар бүгінгі таңда жүргізіліп жатқан мемлекеттік және салалық бағдарламалар шеңберінде жұмыс орындарын құруды қарастырады», - дейді ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Әбденов. Мұндай кешенді жоба Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасына нәзік жандылардың да барынша қатысуын қамтып, «Бизнестің жол картасы -2020» бағдарламасы аясында 50 жастан асқан тұлғаларды кәсіпкерлікпен айналысуға ынтыландыруды көздемек.