Жаңалықтар

Чемпиондарды шерменде еткен гол

  Жалпы алғанда, 22 жылға созылған ұзақ футболшылық ғұмырында Олег Блохин ұзын-ырғасы 765 ресми ойын өткізіп, 326 гол соғыпты. Бұл – пайызға шаққанда, әр кездесу сайын қақпаға 0,426 доп енгізіп отырған деген сөз. Әрине, бұл цифр алаңнан голсыз кетуі қиын бүгінгі супермергендер – Лионель Месси мен Криштиану Роналдудың көрсеткіштеріне жете қоймасы анық, тіпті сол 70-жылдардағы тағы бір құралайды көзге атқан мерген – Герд Мюллерге де маңайламауы мүмкін. Алайда, әр 2 ойын сайын 1 гол дерлік әлгі көрсеткіш те – әлемдік деңгейдің дәрежесінде! Қазіргі Златан Ибрагимович немесе Робин ван Перси секілді шабуылшылардың көрсеткіші де сол 0,4 пен 0,5-тің арасын шиырлап жүр. Блохиннің тағы бір рекорды – 7 дүркін КСРО чемпионы атануы (1974, 1975, 1977, 1980, 1981, 1985 және 1986 жылдары). Бұрынғы Кеңес Одағында мұндай табысқа жеткен ешкім жоқ. 5 рет ұлттық чемпионаттың сұрмергені атанды (1972, 1973, 1974, 1975, 1977). Бұл да – қайталамақ түгілі, ешкім маңайлай да алмаған көрсеткіш. 3 рет КСРО-ның үздік футболшысы атанған адам да біреу-ақ. Біліп отырған шығарсыздар, ол да – Олег Блохин (1973, 1974, 1975). Посткеңестік кеңістікте еурокубоктардың үшеуін ұтып алған жалғыз футболшы да – өзі: Кубок иелері кубогын 2 рет (1975, 1986), УЕФА Суперкубогын  1 рет (1975). Жеңіскер Киевтің «Динамосының» осы төрт финалда (Суперкубокта шешуші кезең екі ойыннан тұрады) соққан 9 голының 5-еуінің авторы – тағы да Блохин! Әсіресе, оның 1975 жылы Мюнхенде «Баварияның» қақпасына енгізген голы керемет: құйындай жүйткіген шабуылшы жол-жөнекей төрт қорғаушыны (оның екеуі – сол кездегі әлем чемпиондары Беккенбауэр мен Шварценбек!) балаша алдап өтіп, далбасалап алдынан шыққан қақпашы Майерді (ол да әлем чемпионы!) қапы қалдырып, допты торға дәл бағыттаған! Егер көрем деп қызықса, бүгінгі жас жанкүйерлер ғаламтордан бұл голды тауып алып, тамашалауына болады. Жалпы, 1975 – Блохиннің ойыншылық ғұмырындағы ең табысты жыл. Жоғарыда аталған сан-сапалақ жетістіктер һәм жеңістермен бірге ол сол жылы әр футболшының арманы саналатын «Алтын доп» марапатына да қол жеткізді. «Франс футбол» журналының Еуропаның үздік ойыншысына берілетін бұл беделді сыйлығы үшін бәсекеде ол өзінен кейінгі тұғырларға тұрақтаған сол дәуірдің нағыз қаһармандары – неміс Франц Беккенбауэр мен голландиялық Йохан Кройфтан әлдеқайда басым түсті! Рас, КСРО футболынан бұл мәртебелі марапатты алғаш болып даңқты қақпашы Лев Яшин иеленген болатын. Дегенмен, Блохиннің бұл табысы кейінгі украиндық ізбасарларына нақты жол сілтегендей еді. Расында да, содан бері бұл абыройлы сыйлықты бұрынғы Одақ көлемінен тек украиндықтар ғана алды: Игорь Беланов (1986) және Андрей Шевченко (2004). Олег Блохин «Франс футбол» таңдаулыларының тізімінде бұдан басқа үш рет кездеседі: 1974 жылы – 19-орын, 1976 жылы – 20-орын, ал 1981 жылы – 5-орын алған. КСРО құрамасында 16 жыл бойы өнер көрсетсе де, біздің кейіпкеріміз оның сапында пәлендей жетістікке жете алмады. Екі рет (1972, 1976) Олимпиаданың қола жүлдегері атанды (12 ойын, 9 гол), бірақ футболда Олимпиялық ойындардың бәсі аса жоғары бағалана бермейді емес пе… Әлемдік доп додасына Блохин екі рет қатысты: 1982 жылы кеңес футболшылары ширек финалдан, ал 1986 жылы 1/8 финалдан аса алмады. Бұл чемпионаттарда шабуылшы жалпы алғанда 7 ойын өткізіп, 2 гол соқты.
29.04.2013 04:48 2702

 

Жалпы алғанда, 22 жылға созылған ұзақ футболшылық ғұмырында Олег Блохин ұзын-ырғасы 765 ресми ойын өткізіп, 326 гол соғыпты. Бұл – пайызға шаққанда, әр кездесу сайын қақпаға 0,426 доп енгізіп отырған деген сөз. Әрине, бұл цифр алаңнан голсыз кетуі қиын бүгінгі супермергендер – Лионель Месси мен Криштиану Роналдудың көрсеткіштеріне жете қоймасы анық, тіпті сол 70-жылдардағы тағы бір құралайды көзге атқан мерген – Герд Мюллерге де маңайламауы мүмкін.

Алайда, әр 2 ойын сайын 1 гол дерлік әлгі көрсеткіш те – әлемдік деңгейдің дәрежесінде! Қазіргі Златан Ибрагимович немесе Робин ван Перси секілді шабуылшылардың көрсеткіші де сол 0,4 пен 0,5-тің арасын шиырлап жүр.

Блохиннің тағы бір рекорды – 7 дүркін КСРО чемпионы атануы (1974, 1975, 1977, 1980, 1981, 1985 және 1986 жылдары). Бұрынғы Кеңес Одағында мұндай табысқа жеткен ешкім жоқ. 5 рет ұлттық чемпионаттың сұрмергені атанды (1972, 1973, 1974, 1975, 1977). Бұл да – қайталамақ түгілі, ешкім маңайлай да алмаған көрсеткіш.

3 рет КСРО-ның үздік футболшысы атанған адам да біреу-ақ. Біліп отырған шығарсыздар, ол да – Олег Блохин (1973, 1974, 1975). Посткеңестік кеңістікте еурокубоктардың үшеуін ұтып алған жалғыз футболшы да – өзі: Кубок иелері кубогын 2 рет (1975, 1986), УЕФА Суперкубогын  1 рет (1975).

Жеңіскер Киевтің «Динамосының» осы төрт финалда (Суперкубокта шешуші кезең екі ойыннан тұрады) соққан 9 голының 5-еуінің авторы – тағы да Блохин! Әсіресе, оның 1975 жылы Мюнхенде «Баварияның» қақпасына енгізген голы керемет: құйындай жүйткіген шабуылшы жол-жөнекей төрт қорғаушыны (оның екеуі – сол кездегі әлем чемпиондары Беккенбауэр мен Шварценбек!) балаша алдап өтіп, далбасалап алдынан шыққан қақпашы Майерді (ол да әлем чемпионы!) қапы қалдырып, допты торға дәл бағыттаған! Егер көрем деп қызықса, бүгінгі жас жанкүйерлер ғаламтордан бұл голды тауып алып, тамашалауына болады.

Жалпы, 1975 – Блохиннің ойыншылық ғұмырындағы ең табысты жыл. Жоғарыда аталған сан-сапалақ жетістіктер һәм жеңістермен бірге ол сол жылы әр футболшының арманы саналатын «Алтын доп» марапатына да қол жеткізді. «Франс футбол» журналының Еуропаның үздік ойыншысына берілетін бұл беделді сыйлығы үшін бәсекеде ол өзінен кейінгі тұғырларға тұрақтаған сол дәуірдің нағыз қаһармандары – неміс Франц Беккенбауэр мен голландиялық Йохан Кройфтан әлдеқайда басым түсті!

Рас, КСРО футболынан бұл мәртебелі марапатты алғаш болып даңқты қақпашы Лев Яшин иеленген болатын. Дегенмен, Блохиннің бұл табысы кейінгі украиндық ізбасарларына нақты жол сілтегендей еді. Расында да, содан бері бұл абыройлы сыйлықты бұрынғы Одақ көлемінен тек украиндықтар ғана алды: Игорь Беланов (1986) және Андрей Шевченко (2004).

Олег Блохин «Франс футбол» таңдаулыларының тізімінде бұдан басқа үш рет кездеседі: 1974 жылы – 19-орын, 1976 жылы – 20-орын, ал 1981 жылы – 5-орын алған.

КСРО құрамасында 16 жыл бойы өнер көрсетсе де, біздің кейіпкеріміз оның сапында пәлендей жетістікке жете алмады. Екі рет (1972, 1976) Олимпиаданың қола жүлдегері атанды (12 ойын, 9 гол), бірақ футболда Олимпиялық ойындардың бәсі аса жоғары бағалана бермейді емес пе… Әлемдік доп додасына Блохин екі рет қатысты: 1982 жылы кеңес футболшылары ширек финалдан, ал 1986 жылы 1/8 финалдан аса алмады. Бұл чемпионаттарда шабуылшы жалпы алғанда 7 ойын өткізіп, 2 гол соқты.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға