Үздік ойыншы
Самат сол маусымда еліміздің ең үздік ойыншысы атанды. Бұл – әрине, әділетті шешім. 2005 жылы «Қайрат» Чемпиондар лигасының електік додасынақатысады.
Қарсыласы Словакияның «Артимедиа» деген командасы еді. Алматыдағы Орталық стадионда «Қайрат» намысқа тырысып, 2:0 есебімен жеңіске жеткен болатын.
Алматының ғана емес, Қазақстанның барлық футбол жанкүйерлері «Қайраттың» тілеуін тілеп, алақандарын ысқылаған. Дәл сол кездері ұлттық құрамамыз Германияда өтетін әлем чемпионатының електік ойындарын сәтсіз өткізіп, жанкүйерлер жеңіске әбден сусап жүрген болатын.
Иә, Фоменко мен Артемов соққан голдар талай жүректерге үміт сыйлап еді.Әттең, Братиславадағы қарымта кездесуде соңғы минуттар синдромы тағы тібімізге жеткен...
«Артимедианың» сол кездегі бапкері Владимир Вайсс бұл күндері «Қайратты» жаттықтырып жүр. Ал алматылықтардың сол кездегі бас бапкері Алексей Петрушин «Қайраттың» жеңісіне 15-20 секунд жетпей қалғанын айтып, өкініш білдірген болатын...
2006-07 жылы Еуропа лигасының іріктеу кезеңдерінде «Қайрат» Венгрияның«Фехервар» клубымен кездесіп, қос кездесу нәтижесі бойынша келесі сатыға шыға алмады. Алматыдағы кездесуде Самат пенальтиден гол соғып, «Қайратты» жеңіске жетелеген еді (2:1, 0:1).
2007 жылы Владимир Мухановтың шақыртуымен Самат батысты бетке алып, «Ақтөбеге» ауысады. Ал «Ақтөбе» соңғы 5-6 жылда жүлделі орыннан түсіп көрген жоқ.
Самат капитанға тән мінезі мен көшбасшылық қабілетінің арқасында батыс жанкүйерлерінің қошаметіне бөленді. Олар әрдайым Саматты қолдап, демеп отырды. «Смак», «Сэм», «Сом» деген лақап аттары осының айғағы болса керек.
2007, 2008 және 2009 жылдары «Ақтөбемен» қатарынан үш рет Қазақстан чемпионы атанды. 2008 жылы Қазақстан кубогының финалисі болып, 2008 және 2010 жылдары Қазақстан суперкубогы сарапқа салынған матчтардың көрігінқыздырды.
Ал 2009 және 2010 жылдары Достастық Кубогының күміс жүлдегері атанады. Бұл жерде ТМД елдері чемпиондарының дүлей додасына айналған Достастықкубогының бас жүлдесі бұйырмай кеткені, өкінішті әрине.
Екі жыл қатарынан финалға шығып, бас жүлдеге лайық өнер көрсеткен команданың жеңімпаз болмағанын сәтсіздік деп қабылдағанбыз.
Жалпы, «Ақтөбе» сапында ең көп ойын өткізген ойыншы – әзірше тек Саматқана (171 матч). Әрі 5 жылда 30 гол соғу қорғаушы үшін үлкен жетістік екені, айтпаса да түсінікті.
Самат «Ақтөбе» сапында Еуродоларға тұрақты түрде қатысып, командасып үнемі алға сүйреп отырды. Осы күнге дейін 26 ойын өткізіп, 7 гол соққан.
2009/10 жылғы маусымда Бременнің «Вердеріне» айып соққысын орындап, көпшіліктің айызын қандырған. Сол матчтағы тоғыздыққа енгізген голын жанкүйер қауым әлі ұмыта қойған жоқ.
Ақтөбеліктердің осы жылдардағы «АЗ Алкмаар», «Алания» (Владикавказ), «Генк», «Маккаби» (Хайфа) сияқты командалармен өткізген тартысты ойындарына тәжірбие мен психолгиялық төзімділік жетіспеген секілді.
Әйтпесе, қарсыластарына қарағанда «Ақтөбенің» ойыны тартымды әрі қызықты болған-ды. Тіпті «Маккабиге» Израилде өткен матчта, 15 минут ішінде 3 гол соғып, ұтып тұрып, жеңісті уыстарынан шығарып алған. Өз қақпаларына төрт голды бірінен соң бірін жіберіп алып, қолда тұрған жеңістен айырылып та қалған-ды.