Жаңалықтар

Атамды мен кітаптан оқып, таныдым...

Ата жолын қуған ұрпақ
Атамды мен кітаптан оқып, таныдым...
25.03.2017 11:23 3615

Атам Дәуітәлі Стамбековті өлеңдерінен, өңірдегі һәм республикалық деңгейдегі ақын-жазушылардың естелігінен танып-білдім. Өсе келе ақын атамның жалынды жырларын, ол кісі жайлы Серік Ақсұңқарұлы, Абзал Бөкен, Ғалым Жайлыбай, Ұлықбек Есдәулет, Құлтөлеу Мұқаш, Қуат Қожамбайұлы, Тынышбай Несіпбек Айтов, Сәулебек Жәмкенұлы  сынды  қаламдас жолдастары мен жақын достарының жазған естеліктерін оқи отыра, әжем Фарида мен балаларының айтқан әңгімелерін ести жүре атамның шығармашылығы, адамдық болмысы жайлы көп мәліметтермен таныс болдым.

Таныс бола жүре атам жайлы айтылып келе жатқан, әлі де айтылар ыстық лебіздерге деген құштарлығым арта түсті. Мен Дәуітәлі атамды есімді білгелі көрген жоқпын, мен бір жаста болғанда қайтып кетіпті. Әжемнің айтуынша, мен  төрт айлығымнан бастап біраз уақыт Алматыда,  ақын атам мен әжемнің қамқорлығында болған екенмін.  Мектепте мұғалім болып істейтін әжем жұмысқа кеткенде менің жанымда атам қалады екен. Жаңадан туған өлеңдерінің алғашқы тыңдаушысы да өзім болған сияқтымын.  Ол кезде әжелерім «Қазақфильм» ықшамауданында тұрған еді. Таң атысымен әжем сиырдың сүтін сатып аладыекен.  Сөйтіп, төрт айлығымнан анамның сүтімен емес, сиырдың сүтімен өскен екенмін. Менің қыңқ еткен дыбысым шықса бірден «дыбысын шығармаңдар, жылатпаңдар, сүтін беріңдер»  деп үйдегілерге ұрысады екен. Бірнеше айдан соң топ-томпақ сары қызға айналуым да соның нәтижесі. Тіпті, әкем Махамбет  пен анам Назгүл  келген кезде өз қыздарын танымай қалған көрінеді. Тілім ең бірінші «Ата» деген сөзбен шығыпты. Сондықтан болар, тілімнің шыққанына ерекше қуанған сол кісі болған деседі.  Алматыда болған кезімдегі суреттерім көп болса да, атаммен түскен жалғыз ғана суретім бар екен. Мен үшін ол атаммен түскен алғашқы суретім болса, атам үшін сырқаттнып жүргенде түскен соңғы суреті болған екен.  Сол суреттерге қарап атам қазір тіріліп кетсе ғой деген орындалмас арманға,  қиялға берілетін  кездерім де болады. Адал, ақкөңіл, бауырмал қасиеттерімен сыйлы болған, ақиық ақын ғана емес, қаламы қарымды журналист те болған атам тірі болса мені журналистикаға өзі баулып, көп нәрсені өзі үйретер ме еді деген ойлар да келеді кейде. Әжеме сол кезде атам ауырмай, қазір де сау жүрсе  бәлкім алматылық ару болып жүрер ме едім деп те әзілдейтін кездерім болады. «Атаның көзін көрмеген, үнін естімеген ұрпаққа оның құдіретті үні, ақылды, өнегелі сөзі жүрегіне рух береді», – деп Бауыржан Момышұлының келіні Зейнеп апамыз айтқандай, атамның жырлары да маған ерекше күш-қуат, рух береді. Атамның жазған дүниелерін оқи келе жігерлілігіне, қайраттылығына, батылдығына қайран қаламын. Ақын Дәуітәлі Стамбеков – өлеңнен кестелі өрнек салған суреткер, өр рухты қайсар тұлға. Тәніне дерт батса да, ұрланып жыландай жымысқыланып келе жатқан жылан- ажалмен арпалыса отырып, қайталанбас құдіретті өлеңдерін халқына беріп кетті. Ақынның жырлары өз оқырмандарын  шынайылығымен, табиғилығымен, адалдығымен баурайды. Өлеңдері кейінгі ұрпақты тәлім-тәрбиеге, имандылыққа, адамгершілікке баулиды. Халық қаһарманы, жазушы Бауыржан Момышұлының келіні, ата мұрасын жалғастырушы Зейнеп Ахметова апамыздың дәстүрімен мен де ақын атамның шығармашылығын зерттеп, ғылыми жоба жаздым. Сөздің иесін біліп, киесін таныған шаңырақта тəлім алған соң барар сапар бала кезден белгілі болды. Мен үшін мамандық таңдау қиын дүние болған жоқ. Себебі, əкемнің қарындасы Назым Стамбекова да əкесінің жолын қуып, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетін тəмамдады. Қазіргі таңда 24KZ телеарнасының жауапты редакторы қызметін атқаруда. Əпкемнің соңынан еріп, журналист болуды бала кезімнен армандадым, жасымнан мақала жазуға бейімделіп өстім. Міне,бүгінде сол арманым орындалып,Қарағанды мемлекеттік университетінің филология факультеті, журналистика кафедрасының 2 курс студентімін.

Аяжан Мадибекова

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға