Жаңалықтар

Қандақ қазір қолданыла ма?

Қандақ (кәндек) – қымбат зат, асыл бұйым, бағалы дүниеліктерді сақтау үшін арнайы қазылып жасалған орын.
29.06.2015 08:58 6038

Бүгінде көп қолданыла бермейтін жосалардың қандақ жасау.

Қандақ қазір қолданыла ма?

Қандақ (кәндек) – қымбат зат, асыл бұйым, бағалы дүниеліктерді сақтау үшін арнайы қазылып жасалған орын. Академик Р.Ғ. Сыздық қандаққа байланысты төмендегідей ден қойдырар пікір айтты: «асыл бұйым, қымбат жиһаз шұңқырда, жер астында сақталатын болса керек». Оның бір дәлелі ретінде ғалым «Алпамыс батыр» жырындағы төмендегідей жолдарды келтіреді:

Қазыналы қандағы
Есепсіз түрі мол еді –

Мұндағы қандақ сөзі – шұңқыр, қазылған жер, ор деген мағынадағы сөз. Ол парсы тілінің қандан «қазу» деген етістігінен жасалған кірме сөз. Қазақ тілінде зындан мен қандақ сөздері бір-біріне балама ретінде қолданылған тұстары да бар. Айтылғанның дәйегі ретінде «Алпамыс батыр» жырынан төмендегі жолдарды келтіруге болады:

Патшаның сол күнде
Қазулы оры бар еді..,
Қуанып халқы жүгірді
Қандақтың аузын ашқалы...
Домалатып баланы
Зынданға әкеп тастады... –

Р.Ғ.Сыздықтың   пікіріне қарағанда, бұл жолдардағы «ор, қандақ, зындан сөздері бір-біріне синоним ретінде қолданылған. Үшеуі де қазылған шұңқыр, айырмасы – қандақ пен орда мүлік, жиһаз сақталса, зынданда тұтқындарды ұстайтын болған».

Байырғы жырларда ор, зындан, құдық, қандақ (кәндек) шұңқыр мәндес мағыналы атаулар ретінде бірінің орнына бірі жұмсала берген. Қолға түскен тұтқынды, айыпты адамды орға, зынданға, қандаққа, шұңқырға салып ұстайтын болған. Ор, шұңқыр деп бір затты, нәрсені салу үшін қолдан қазылғанын да, олардың табиғатта, жаратылыста кездесетіндерін де айтқан. Семантикалық жақтан даралау принципі бойынша қолмен қазғандарын ортам (жігіттің жақсысы ортамда, аттың жақсысы арбада. Мақал); қандақ, құдық деп атаған. Құдықтың ерте кездегі бір мағынасы «қолмен қазылған терең шұңқыр», яғни суы жоғын да, суы барын да, я болмаса су тартылып қалғандарын да құдық деген Қолға түскен тұтқындарды құдыққа салып ұстаған. Немесе құдық қазып, бетін бүркемелеп, қас батырларды қапыда құдыққа түсіріп тұтқын еткен. «Қисса–и Зарқұм» дастанында кәпірлер Ғазіреті Ғалиды қапыда құдыққа түсіреді:

Зарқұм айтты:
- Шүкірлік, мұны көрдік,
Осындай болар ма деп айла қылдық.
Шығармай таспен атып өлтіріп бақ,
Егер шықса, құдықтан күлкі болдық,

Құдықтың «бір нәрсені қою, жасыру, сақтау үшін қазылған шұңқыр» деген мағыналық қызметін парсы тілінен енген қандақ, зындан сөздері «иемденген».

«Қисса–и Зарқұм» дастанының тағы бір нұсқасында құдық, ор атауларының орнына кәндек қолданылған:

Келе жатқан Əлидің
Қорыққансып доғынан,
Кандек ішін аралап,
Қашса көрген жолымен
Қатуланып ондан соң,
Əли қуар соңынан
Қандекке келіп жағалар,
Хабарының соңынан.

Кейіннен құдық сөзінің мағыналық өрісі тарылып, тек «су алу үшін қазылған терең шұңқырды» айтқан. Сөйтіп, шұңқыр, құдық атаулары көпмағыналықтан арылып, дербес мағынаға ие болған. Кәндек, қандақ сөзі «бір нәрсені, затты салып қою үшін қолдан қазылған шұңқыр, сондай- ақ зындан» мағынасында жұмсалған. Ұлы Отан соғысына қатысқан кейбір қазақ жауынгерлері қолдан қазылған ұзыннан-ұзақ орды да (яғни окопты айтқан болса керек) қандақ деп атаған.


Әзірлеген: Досжан Мейірім.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға