Кеше, 11:07
«Грэмми» айналасындағы дау: BTS байқауға қатысудан неге бас тарттыТамыз айынан бастап Қазақстанда азаматтардың күнделікті өміріне әсер ететін бірқатар маңызды өзгерістер күшіне енеді. Олар сайлау науқаны, білім беру, денсаулық сақтау, тұрғын үй, көлік, әлеуметтік төлемдер және заңнама салаларын қамтиды. El.kz тамыз айындағы негізгі жаңашылдықтарға шолу жасады.
Құрылтай сайлауы өтеді
23 тамызда Қазақстанда Құрылтай сайлауы өтеді. Сайлауалды үгіт-насихат кезеңі 23 шілдеде басталып, 22 тамыз күні сағат 00:00-де аяқталады. Бұл күн «тыныштық күні» болып жарияланған.
Дауыс беру аяқталғаннан кейін бюллетеньдерді санау жергілікті уақыт бойынша сағат 20:00-де басталады. Биыл партиялық тізімдер бойынша 145 депутат бес жылдық мерзімге сайланады. 2026 жылы Орталық сайлау комиссиясының жұмысына 12,6 млрд теңге бөлінген. Оның ішінде 11,2 млрд теңге сайлауды ұйымдастыруға, ал 1,4 млрд теңге әкімшілік шығындарға бағытталған.
Грант иегерлері белгілі болады
10 тамызға дейін мемлекеттік білім гранттарын жеңіп алған талапкерлердің тізімі жарияланады.
Биыл 10 мамыр мен 10 шілде аралығында өткен ҰБТ-ға шамамен 233 мың талапкер қатысты. Оның 73,1 пайызы тестті қазақ тілінде, 26,8 пайызы орыс тілінде, ал 383 талапкер ағылшын тілінде тапсырған.
Шекті балды 177 мыңға жуық талапкер жинаса, бес пән бойынша орташа нәтиже 69 балды құрады.
Алимент төлеудің жаңа тәртібі енгізіледі
25 тамыздан бастап алимент арнайы банктік шоттарға ғана аударылады.
Мұндай шоттардағы қаражатқа тыйым салынбайды және басқа берешектерді өтеу үшін өндіріп алынбайды. Алимент алушылар екінші деңгейлі банктен арнайы шот ашып, оның деректерін сот орындаушысына ұсынуы қажет.
Дәрігерге қаралу жеңілдейді
3 тамыздан бастап амбулаториялық медициналық көмек көрсету қағидаларына өзгерістер енгізіледі.
Енді дәрігер қажеттілігіне қарай пациентті қосымша зерттеулерге немесе үшке дейін бейінді маманға тікелей жолдай алады. Сонымен қатар кейбір жағдайларда тар бейінді маманның қабылдауына жазылу үшін учаскелік терапевттен жолдама алу міндетті болмайды.
«Ұмай» ипотекалық бағдарламасы қайта іске қосылады
Тамыз айында әйелдерге арналған «Ұмай» ипотекалық бағдарламасына өтінім қабылдау басталады.
Бағдарламаға 45 млрд теңге бөлінген. Бастапқы жарна ірі қалаларда 20 пайыздан, өңірлерде 15 пайыздан басталады. Ең жоғары несие сомасы – 50 млн теңге, ал өтеу мерзімі – 25 жылға дейін.
Мас күйінде көлік жүргізгендерге жаза күшейеді
25 тамыздан бастап мас күйінде көлік басқарған азаматтар сегіз жылға жүргізуші куәлігінен айырылады.
Бұл талап жүргізуші куәлігі жоқ күйде мас болып көлік жүргізген адамдарға да қолданылады.
Сондай-ақ 65 жастан асқан жүргізушілер мен мүгедектігі бар жүргізушілер екі жыл сайын міндетті медициналық тексеруден өтетін болады.
Электросамокаттарға жаңа талаптар енгізіледі
25 тамыздан бастап Алматыда электросамокаттардың тротуарлар мен жаяу жүргіншілер жолымен жүруіне тыйым салынады.
Электросамокатты тек кәмелетке толған, жүргізуші куәлігі және қорғаныс шлемі бар азаматтар пайдалана алады.
Тыйым салынған аумақтарға кірген кезде құрылғының жылдамдығы автоматты түрде төмендеп, кейін толық бұғатталатын жүйе енгізіледі.
Тамыздағы демалыс күндері
2026 жылдың тамыз айында қосымша мереке күндері қарастырылмаған.
Бес күндік жұмыс аптасында қазақстандықтарды 21 жұмыс күні мен 10 демалыс күні күтіп тұр. Конституция күнінің күнтізбедегі өзгеруіне байланысты 31 тамыз жұмыс күні болып қалады.
Киік мүйіздерін сату тәртібі өзгереді
4 тамыздан бастап киік мүйіздерін өткізуге қатысты жаңа қағидалар күшіне енеді.
Енді киік мүйіздері мен олардан дайындалған өнімдер мемлекеттік мүлік тізілімінің электронды сауда алаңында аукцион арқылы сатылады. Сауда-саттық кемінде тоқсанына бір рет өткізіліп, ең жоғары баға ұсынған қатысушы жеңімпаз атанады.
1-сыныпқа құжат қабылдау аяқталады
2026-2027 оқу жылына арналған бірінші сыныпқа құжат қабылдау 31 тамызда аяқталады.
Өтінімдер eGov.kz порталы арқылы қабылданады. Бірінші сыныпқа алты жасқа толған немесе жыл соңына дейін алты жасқа толатын балалар қабылданады.
Қорытындылай келе, тамыз айында күшіне енетін өзгерістер әлеуметтік төлемдерден бастап білім беру, медицина, көлік және тұрғын үй саласына дейінгі көптеген бағытты қамтиды. Сондықтан жаңа талаптар мен мерзімдерді алдын ала біліп, қажетті құжаттарды уақытында рәсімдеу азаматтар үшін маңызды.
Еңбек заңнамасына өзгерістер күшіне енеді
4 тамыздан бастап Қазақстанда еңбек заңнамасына енгізілген бірқатар өзгерістер күшіне енеді.
Енді жұмыс берушілер жүкті әйелдерді, үш жасқа дейінгі баласы бар әйелдерді, кәмелетке толмағандарды және мүгедектігі бар адамдарды жұмысқа қабылдаудан бас тартқан жағдайда оның себебін жазбаша түрде түсіндіруге міндетті болады.
Сондай-ақ міндетті ауысым алдындағы медициналық тексеруден өтуге жұмсалған уақыт жұмыс уақыты ретінде есептеліп, қызметкерге орташа жалақысы бойынша төленеді.
Салық есептілігін тапсыру мерзімі аяқталады
Оңайлатылған декларация негізінде жұмыс істейтін жеке кәсіпкерлер 2026 жылдың бірінші жартыжылдығы бойынша салық есептілігін тапсыруы тиіс.
15 тамызға дейін – 910.00 нысаны бойынша декларацияны ұсыну;
25 тамызға дейін – тиісті салықты төлеу.
Салық мөлшерлемесін жергілікті мәслихаттар 2%-дан 6%-ға дейінгі аралықта белгілей алады. Сондықтан кәсіпкерлерге өз өңіріндегі қолданыстағы мөлшерлемені алдын ала нақтылап алған жөн.
LRT-ның жаңа тарифтері
1 тамыздан бастап Астанадағы Tarlan Astana жеңіл рельсті көлік (LRT) желісінде жол жүрудің жаңа тарифтік жүйесі қолданысқа енгізіледі.
Компанияның мәліметінше, жаңа тарифтік жүйе жолаушыларға ыңғайлы болу үшін әзірленген. Бір реттік жол жүру құны бұрынғыдай 200 теңге болып қалады.
1 тамыздан бастап келесі мерзімдік жол жүру билеттері қолжетімді болады:
1 күндік – 500 теңге;
3 күндік – 1 500 теңге;
5 күндік – 2 500 теңге;
10 күндік – 4 000 теңге;
15 күндік – 5 000 теңге;
1 айлық – 7 500 теңге;
3 айлық – 20 000 теңге.
Сонымен қатар белгіленген сапар санына арналған тарифтер де енгізіледі:
5 сапар – 900 теңге;
10 сапар – 1 800 теңге;
20 сапар – 3 500 теңге;
30 сапар – 5 000 теңге.
Тарифтерді LRT станцияларындағы кассалардан сатып алуға болады. Толығырақ мына материалымыздан оқыңыздар.
Кеше, 11:07
«Грэмми» айналасындағы дау: BTS байқауға қатысудан неге бас тартты29 Шілде, 13:10
Жаңа пандемия кез келген уақытта басталуы мүмкін: ДДҰ не дейді?27 Шілде, 18:09
«Бәрі қаржыға байланысты»: Неліктен «Қайрат» еурокубоктағы матчын Түркістанда өткізеді24 Шілде, 11:39
Мадина Ералиеваға құрмет: Ерке Есмахан үш жылдық үзілістен соң сахнаға оралды