Алимент алатындарға маңызды өзгеріс: арнайы шот ашу міндеттеледі

Алимент алатындарға маңызды өзгеріс: арнайы шот ашу міндеттеледі
Фото: El.kz архиві

2026 жылғы 25 тамыздан бастап Қазақстанда алимент аудару тәртібі өзгереді. Енді атқарушылық іс жүргізу аясында өндірілген алимент қаражаты тек арнайы алименттік банктік шоттарға аударылады. 

Арнайы алименттік шот не үшін енгізіледі?

Жаңа талаптар 2026 жылғы 24 маусымда қабылданған «Атқарушылық іс жүргізуді жетілдіру мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңмен бекітілген.

Осы түзетулерге сәйкес, «Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» заң 102-1-баппен толықтырылды. Енді атқарушылық іс жүргізу арқылы өндірілетін алимент тек алушының арнайы банктік шотына аударылады.

Әділет министрлігінің мәліметінше, өзгерістің басты мақсаты – балалар мен еңбекке жарамсыз азаматтарды асырауға арналған қаражатты қосымша қорғау.

Арнайы шоттағы қаражат заңмен қорғалады. Оған тыйым салынбайды және ол алимент алушының өзге қарыздарын өтеуге пайдаланылмайды.

Фото: El.kz архиві
Фото: El.kz архиві

Алимент алушылар не істеуі керек?

Жаңа талаптар атқарушылық іс жүргізу арқылы алимент өндіріп алатын азаматтарға қатысты қолданылады.

Алиментті алу үшін азамат арнайы банктік шот ашып, оның деректемелерін сот орындаушысына ұсынуы қажет.

Мұндай шоттарды ашу тәртібі Қазақстан Ұлттық банкі бекіткен клиенттердің банктік шоттарын ашу, жүргізу және жабу қағидаларына сәйкес жүзеге асырылады.

Әділет министрлігі арнайы шот ашу – алимент сот орындаушысы арқылы өндірілген жағдайда алушының міндеті екенін атап өтті.

Фото: El.kz архиві
Фото: El.kz архиві

Арнайы шот ашылмаса не болады?

Ведомствоның мәліметінше, арнайы шоттың болмауы борышкерді алимент төлеу міндетінен босатпайды.

Алайда алимент алушы арнайы шоттың деректемелерін сот орындаушысына ұсынғанға дейін өндірілген қаражатты аудару мүмкін болмайды.

Мұндай жағдайда сот орындаушысы алимент алушыны арнайы шот ашу қажеттігі туралы хабардар етеді. Банктік деректемелер ұсынылғаннан кейін қаражат белгіленген тәртіппен аударылады.

Сонымен бірге алимент бойынша берешек есептелуін жалғастырады және күшін жоймайды.

Фото: El.kz архиві
Фото: El.kz архиві

Жаңа өзгерістер қандай нәтиже береді?

Әділет министрлігінің пікірінше, жаңа нормалар балалар мен еңбекке жарамсыз азаматтардың әлеуметтік қорғалуын күшейтіп, атқарушылық іс жүргізудің тиімділігін арттыруға және алимент қаражатының сақталуын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Сондай-ақ ведомство қазіргі уақытта арнайы алименттік шот ашатын екінші деңгейлі банктердің тізілімін жүргізбейтінін және мұндай шоттардың саны бойынша статистикаға ие емес екенін мәлімдеді. Бұл мәселелер Қазақстан Ұлттық банкінің, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің және екінші деңгейлі банктердің құзыретіне жатады.

Айта кетейік, бүгінгі күні алимент бойынша 12 мыңнан астам борышкердің жалпы қарызы 18 миллиард теңгеге жеткен.

Оқи отырыңыз