Бүгін, 13 шілдеден бастап жоғары оқу орындарының білім беру гранттары конкурсына қатысу үшін құжат қабылдау басталды.
Талапкерлер 2026 жылғы 13-20 шілде аралығында құжаттарын жоғары оқу орындарының қабылдау комиссиялары арқылы офлайн форматта, виртуалды қабылдау комиссиялары арқылы онлайн немесе eGov.kz порталы арқылы тапсыра алады. Онлайн өтінім қабылдау 13 шілде сағат 09:00-де басталып, 20 шілде сағат 18:00-де аяқталады.
Қандай құжаттар қажет?
Білім беру гранттары конкурсына қатысу үшін талапкерлер мынадай құжаттарды ұсынуы тиіс:
- жеке куәлік;
- ҰБТ сертификаты;
- 3×4 көлеміндегі фотосурет;
- орта білім туралы аттестат (немесе техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының түлектері үшін диплом).
Ал жеңілдетілген санат бойынша конкурсқа қатысатын талапкерлер тиісті растайтын құжаттарды қосымша ұсынуы қажет.
Грантқа түсу үшін шекті балл қанша?
2026 жылғы білім беру гранттары конкурсына қатысу үшін ҰБТ нәтижесі бойынша мынадай шекті баллдар белгіленген:
- «Педагогикалық ғылымдар» және «Құқық» бағыттары – кемінде 75 балл;
- «Денсаулық сақтау» бағыты – кемінде 70 балл;
- «Ауыл шаруашылығы және биоресурстар», «Ветеринария» бағыттары – кемінде 50 балл;
- ұлттық жоғары оқу орындарына түсу үшін – кемінде 65 балл;
- басқа жоғары оқу орындары үшін – кемінде 50 балл.
Сонымен қатар, жоғары оқу орындары ақылы бөлімге қабылдау кезінде өздерінің ішкі шекті балдарын дербес белгілеуге құқылы.
Биыл қандай өзгеріс енгізілді?
Биыл білім беру грантына онлайн өтінім беру қызметі жаңартылды. Енді жүйе талапкерге мемлекеттік білім беру грантының конкурстан тыс тәртіппен бұрын тағайындалғанын автоматты түрде тексереді. Тексеру Ұлттық тестілеу орталығының деректері негізінде жүргізіледі.
Егер талапкерге мемлекеттік грант конкурстан тыс тәртіппен бұрыннан берілген болса, жүйе өтінім беру кезінде бұл туралы хабарлайды. Мұндай жағдайда eGov.kz порталы немесе eGov Mobile мобильді қосымшасы арқылы қайта өтінім берудің қажеті жоқ.
Ал қалған талапкерлер өтінімді жалпы тәртіппен тапсыра алады. Егер талапкер жеңілдік санатына жататын болса, өтінім беру барысында оның мәртебесі автоматты түрде тексеріліп, расталады.
eGov арқылы қалай өтінім беруге болады?
Өтінімді eGov.kz порталы арқылы беру үшін талапкер:
- «Азаматтарға» – «Білім» – «Жоғары білім» бөліміне өтеді;
- «Білім беру гранттарын тағайындау, сондай-ақ жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында білім алушыларға әлеуметтік қолдау көрсету» қызметін таңдайды;
- «Қызметке онлайн тапсырыс беру» батырмасын басады;
- қажетті мәліметтерді толтырып, өтінімге электрондық қолтаңбамен немесе басқа қолжетімді тәсілмен қол қояды;
- өтінімнің мәртебесін жеке кабинет арқылы бақылай алады.
eGov Mobile мобильді қосымшасы арқылы өтінім беру тәртібі де осыған ұқсас.
Электрондық кезек енгізіледі
Құжат қабылдау кезеңінде порталға түсетін жүктеме жоғары болған жағдайда eGov.kz порталында электрондық кезек жүйесі іске қосылады. Кезек келген кезде пайдаланушыға қызмет автоматты түрде қолжетімді болады.
Сондай-ақ талапкерлер кезектің жақындағаны туралы SMS-хабарлама алу қызметін қоса алады. Бұл хабарлама мобильді азаматтар базасында тіркелген телефон нөміріне 1414 нөмірінен жіберіледі.
Нәтиже қашан белгілі болады?
Өтінім жіберілгеннен кейін талапкер eGov.kz порталындағы жеке кабинетінде білім беру гранттары конкурсына қатысқаны туралы электрондық анықтама алады.
Білім беру гранттарының иегерлері 10 тамызға дейін жарияланады. Грант тағайындалған жағдайда электрондық сертификат талапкердің жеке кабинетінде қолжетімді болады. Ал грант тағайындалмаған жағдайда бұл туралы тиісті хабарлама жіберіледі.