Жаңалықтар

Ғылым саласын дамытудағы әлемдік және мемлекеттік тенденциялар

Бүгінгі таңда ғылыми-инновациялық даму бойынша Қазақстан АҚШ, Германия, Жапония, Қытай, Оңтүстік Корея секілді технологиялық тұрғыда дамыған мемлекеттерден артта келеді. Осыған қарамастан, жылжулар да баршылық
19.05.2015 04:52 7201

Бүгінгі таңда ғылыми-инновациялық даму бойынша Қазақстан АҚШ, Германия, Жапония, Қытай, Оңтүстік Корея секілді технологиялық тұрғыда дамыған мемлекеттерден артта келеді. Осыған қарамастан, елдегі ғылыми-техникалық сектордағы реформаларды жүзеге асырудың арқасында Қазақстан бірте-бірте инновациялық экономика бағытында жылжып келеді. Дүниежүзілік Банктің әдістемесі бойынша жасалатын ғылым және білімді экономикада қолдану деңгейінің индексі (KEI) бойынша 2009 жылы Қазақстан ЖІӨ-ні жан басына шаққандағы көрсеткіш бойынша шамалас мемлекеттер болып саналатын Чили, Түркия және Малайзия секілді мемлекеттерден қалып келеді. Рейтинг бойынша еліміз 72-орында. Алайда 1995-2009 жылдар аралығында Қазақстан 8 сатыға көтеріле  алды, дәл бұл кезде Чили мен Түркия мемлекеттері 4 сатыға төмендеп, Малайзия өзгеріссіз қалды.

Демек Қазақстанда ғылым, білім және инновация саласында оң өзгерістер бар, дегенмен бұл жетістіктер еліміздегі ғылым саласында кемшіліктер, проблемалар жоқ екенін білдірмейді. Мемлекетіміздің қысқа уақыт аралығында оң нәтижелерге жетуін бір жағынан табиғи заңдылық ретінде қарастыруға болады, өйткені жоғарыда аталған елдердің мемлекеттілігі бізге қарағанда әлдеқайда үлкен және олар бізден бұрын тұрақталған мемлекеттер. Егер де ол мемлекеттер де Қазақстан секілді тәуелсіздіктерін 90-жылдардың басында алғанда біз секілді даму көрсеткіштеріне жете алар еді.

 Қазақстанда тәуелсіздік алған жылдары ғылым құлдырау шегіне дейін барып, белгілі уақыттан соң қалыпқа келіп, одан кейін біршама оңалту шаралары жасалды. Жаңа пайда болған мемлекет болғандықтан алғашқы жылдары жасалған әрбір мемлекеттік шарадан ғылым саласының өсімі үлкен жетістіктерді көрсетті. Уақыт өткен сайын мұндай пайыздық өсімдер қиындай беретіні түсінікті. Сол себепті еліміздегі ғылымның ағымдағы жағдайын талдау арқылы жетістіктер мен проблемаларды зерделеп, болашаққа жоспар құру өте маңызды болып саналады.

Қалыптасқан жағдайдағы ғылым саласындағы ахуалды, тенденцияларды талдау үшін екі деңгей қарастырылуы қажет. Біріншісі, сандық ақпарат негізіндегі сараптау болса, екіншісі құрылымдық-саяси мәселелерді талдау деңгейі. Ақпараттық сараптау негізгі 6 элемент бойынша жүзеге асырылады: ғылыми-инновациялық ұйымдар, ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды жүрізуге қажетті кадрлар, жаңа технологияларға қолжетімділік, қаржыландыру және инновациялық өнімнің көлемі.

Қазақстан Республикасы Статистика агентінің деректері бойынша 2012 жылы ғылыми зерттеулерге ЖІӨ-нің 0,17% жұмсалған. Бұл көрсеткіш 2005 жылмен салыстырғанда төмен болғанымен, 2011 жылғы мөлшерден салыстырмалы түрде жоғары. Ғылыми зерттеулерге бөлінген қаржының ең төмеңгі үлесі 2010 жылы тіркеліп, 0,15% құрады.

2010-2011 жылдары ғылымға бөлінетін қаржының азаюын әлемдік қаржы дағдарысынан кейінгі салыстырмалы түрде қиын экономикалық жағдаймен байланыстыруға болады. Мемлекеттік саясаттың бір түрі болып табылатын дағдарысқа қарсы саясат кезінде республиканың басты мақсаты дағдарыстан шығу болғандықтан, уақытша өзге салаларда тежеу болуы мүмкін.

Зерттеулер мен әзірлемерге бөлінетін қаржының ЖІӨ-ге шаққандағы пайыздық үлесі әр жыл сайын белгілі бір өзгерістерге ұшырағанымен, оның жалпы ортақ пайыздық үлесі ғылыми-технологиялық тұрғыда дамыған мемлекеттермен салыстырғанда өте төмен болып саналады. Әлем бойынша ғылыми жұмыстарға ЖІӨ-нің орташа есеппен 2,5-3,7 % жұмсалады және бұл көрсеткіш күннен күнге өсуде, өйткені қазіргі нарықтық экономикада табыстың негізгі кілті ғылыми-инновациялық өнім болып саналады. Ғылым саласына жұмсайтын қаржы бойынша алдыңғы орындағы мемлекеттер тізіміне Израиль (ЖІӨ-нің 4,86 %), Финляндия (4,01 %), Швеция (3,75 %), Жапония (3,42 %) және Оңтүстік Корея         (3,37 %) елдері жатады. Дамыған елдерде орташа бағаммен ЖІӨ-нің 25-34 % осы ғылыми-зерттеулер нәтижесінде пайда болған инновациялық өнімдердің үлесіне тиеді.

Сонымен қатар Қазақстан жаңа технологиялардың қолжетімділігі жөнінен бірқатар мемлекеттердің соңында келеді. Бәсекеге қабілеттіліктің жаһандық индексі (БЖИ) бойынша «Жаңа технологиялардың қолжетімділігі» жөнінен Қазақстан 97 орында. Бұл көрсеткіш бойынша Қазақстан Әзірбайжан (81 орын), Украина (92 орын) секілді елдерге жол береді. Бірақ та Ресей (122 орын), Тәжікстан (120 орын), Қырғызстан (135 орын) мемлекеттерінен жоғары позицияда.

Қазақстанның өзге дамыған елдерден құрылымдық айырмашылығы ретінде ғылымды қаржыландырудағы мемлекеттік сектордың басым болуын атап өтуге болады. Зерттеулер мен әзірлемелерге бөлінетін қаржының сараптамасы бүгінгі күнге дейін аталмыш саладағы мемлекеттік сектордың үлесі жоғары болғанын көрсетеді. Тек 2010 жылы ғана ҒЗТКЖ-дағы кәсіпкерлік сектор мемлекеттік сектормен теңесті. (36,6 % және 37 % сәйкесінше). Жоғары білім үлесі 2006 жылы 12 % көрсетіп, одан кейін үш жыл қатарынан 15 %-ға тұрақтап, тек 2010 жылы ғана 17,2 % көрсеткішке жетті. Сондай-ақ 5-суреттен коммерциялық емес жеке сектордың үлесі 2006 жылы 1,1 %-дан 2010 жылы 9,2 %-ға көтеріліп, бес жыл ішінде 9 есе өсім бергенін байқауға болады.

ҒЗТКЖ-ны қаржыландыруда кәсіпкерлік сектордың артқаны Қазақстан үшін өте маңызды, себебі мұндай жағдайда еліміздегі ғылым саласы толықтай нарық қатынастарға ыңғайлана алады. Мемлекеттік сектордың мұндай салада басым болуы дамыған мемлекеттерге тән емес. Ол мемлекеттерде мемлекеттік сектор тек іргелі ғылымдардың дамуына ықпал етіп, қолданбалы зерттеулерді жеке сектордың еншісіне қалдырады. Тек сонда ғана ғылыми және ғылыми-техникалық зерттеулердің нәтижесінде пайда болған өнімдер нарықтық қатынасты жаулай алады. Сол себепті аталмыш саладағы жеке меншік сектор үлесінің артуы жақсы тенденция.

Соңғы онжылдықта Қазақстан Республикасында ғылым саласын кадрлық қамтамасыз етуде бірқатар проблемалар болды. Ғылыми-техникалық және технологиялық даму саласында қызмет ететін мамандар санының ұзақ мерзімді төмендеу тенденциясы байқалды. Мысалы, «Ғылыми және инженерлік кадрлардың қолжетімділігі» ДЭФ көрсеткіштері бойынша Қазақстан 2010 жылға қарай 17 сатыға төмендеп, 91 орынды иеленді. Мәселенің негізгі себебі ретінде жас мамандардың ғылыми қызметкер кәсібін мәртебелі деп санамауын, жалақыны аздық етуін, ғалымдарға жасалған әлеуметтік жағдайдың төмен болуын атап өтуге болады. Бұл кедергілер ғылыми қызметкерлердің санын азайтып қана қоймай, олардың сапасының төмен болуына да әсер етіп отыр. Тек 2010 жылы ғана аталмыш көрсеткіш жақсарып, зерттеушілер саны 10870 құрады, бұл 2009 жылғы саннан 7,7 % артық. Одан кейінгі жылдары да ғылыми қызметкерлер саны тұрақты көбейіп, 2012 жылы 13 494-ке жетті

2009 жылдан бастап ғылыми кадрлардан артуының бірқатар өзіндік себептері бар:

1)  Ғылыми кадрларды даярлауға бөлінетін мемлекеттік гранттар санының күрт артуы. Мәселен, 2009-2010 жылдары магистрлерді даярлауға бөлінген мемлекеттік грант саны алдыңғы оқу жылына қарағанда 139-ға артып, 2639 құраса, PhD докторантураға бөлінген мемлекеттік грант екі есе көбейіп 200-ге теңесті.

2)  Ғылыми мекемелер санының артуы. Жаңа зерттеу институттары мен орталықтар көптеп ашылғаннан соң, автоматты түрде оған қосымша мамандар қажет болды.

3)  Диссертациялық кеңестердің жабылуы. Соңғы жылдары ғылым кандидаттары және ғылым докторлары түрлі жолдар арқылы ғылымға қатысы жоқ болып табылатын әкімдер, түрлі деңгейдегі шенеуніктер иелене бастады. Ал шын мәнінде ғылым жолын таңдағандардың жолдары осыған байланысты тежеліп отырды. 2011 жылы Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаев ғылыми кеңестердің жұмысын қатты сынға алып, еліміздегі 200 ғылым кеңес ғылым докторлары мен ғылым кандидаттарын басып шығарып жатқанын және 60 ғылым кандидатын 1 және 37 ғылым докторынан 1 адам ғана ғылым жолын таңдайтынын атап өтті.

Ғылыми-зерттеулік және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарын жүзеге асырған зерттеушілер саны жөнінен Қазақстан көптеген шет мемлекеттерден қалып келеді. Мысалы, берілген көрсеткіш бойынша АҚШ (1260) Қазақстаннан (11) 114 есе алда тұрса, Жапония (647) 58 есе, Ресей Федерациясы (492) 44 есе, Германия (265) 24 есе жоғары. Тек Израиль (9) мемлекеті ғана бұл көрсеткіш жөніне Қазақстаннан кейінгі орында орналасқан.

Сондай-ақ, 2009 жылы бір млн. адамға шаққандағы зерттеушілер саны Қазақстанда 987 адамды құрады, бұл әлем бойынша орташа көрсеткіштен (895) жоғары. Әлемдік орташа көрсеткіштен Қазақстанмен қатар, Израиль, Германия, Ресей, АҚШ, Жапония елдері жоғары тұрса, Индия мен Қытай мемлекеттері төменгі орында. Аталмыш көрсеткіш елдегі халықтың санына кері пропорционал болғандықтан, Қазақстан үшін оң нәтижені көрсетіп тұр. Халқының саны миллиард адамнан асқандықтан ғана Индия мен Қытай бұл тізімде соңғы орындарда, алайда аталған мемлекеттердегі ғылым деңгейін Қазақстандікінен төмен деп айтуға келмейді.

Кадрлық қамтамыз етуде ғылыми қызметкерлердің жалақысы да үлкен рөл ойнайды. Қазақстанда ғылыми қызметкерлердің жалақысы жыл сайын өсіп отыр. Мәселен, зерттеулер және әзірлемелермен айналысатын кадрлардың орташа жалақысы 2006 жылы 51 400 теңгеден 2011 жылы 121 39 теңгеге дейін өссе, жоғары білім қызметкерлерінің орташа жалақысы осы уақыт аралығында 36 007 теңгеден 87 498 теңгеге көтерілді. 2006-2011 жылдары зерттеулер және әзірлемелер жасаушы ғылыми қызметкерлердің жалақысы жыл сайын орташа есеппен 18,9 %-ға өсе отырып, 5 жылдық жалпы қорытынды бойынша 94,51 % -өсім көрсеткен. Дәл осы уақыт аралығындағы жиынтық инфляция 60 %-ды құрап отыр. Яғни ғалымдардың жалақысының инфляцияны ескерген күннің өзінде бірқалыпты жоғарылап отырды. Алайда шетелдегі ғалымдардың табысымен салыстырғанда бұл көрсеткіш салыстырмалы түрде төмен болып саналады. Мәселен, АҚШ-тағы физиктер мен математиктер бакалавр дипломымен айына 4 800, магистратура дипломымен 5 300, докторантурадан соң 6 500 АҚШ доллары көлемінде табыс табады.

Сондай-ақ, орташа жалақы 121 395 теңге болғанымен, жасы келген, беделді ғалымдар бұл көрсеткіштен әлдеқайда жоғары айлық алса, жұмысқа енді кіріскен жас мамандар орташа көрсеткіштің жартысы көлемінде жалақы алуы мүмкін. Оған қоса, жасы келген зерттеушілердің басым көпшілігі пәтері, үйі бар болса, жас мамандар үшін тұрғын-үй мәселесінің шешілуі өте қиын жағдайда.

Осылайша, Қазақстанның инновациялық дамуы отырған өзге факторлардан бөлек, инновациялық үдерістер мен жобаларды басқаруға қабілетті кадрлардың жетіспеушіліген де тежеліп отыр. 2009 жылдан соң елімізде кадр мәселесінде оң өзгерістер болды, алайда ол Қазақстанның қажеттіліктерін ғылым саласында өтеуге жеткіліксіз, сол себепті ғылым саласын кадрлық қамтамасыз ету мәселесі тиімді мемлекеттік қолдау мен ынталандыруды қажет етеді. 


Пайдаланылған әдебиеттер:

1. Әлемде және Қазақстан Республикасында инновацияның даму тенденциялары жөніндегі есеп / Инновациялық үдерістерді сараптамалық сүйемелдеу орталығы. 2011. – 6 б.

2. Knowledge for Development Database. 2009 // Official website of World bank. www.worldbank.org.

3. Ғылымның жағдайы мен дамуының негізгі көрсеткіштері // ҚР Статистика агенттігінің ресми сайты, 2012 жыл.www.stat.kz.

4. Дүниежүзілік экономикалық форумның Ғаламдық бәсекеге жарамдылық индексі // Ғаламдық бәсекеге жарамдылық индексінің ресми сайты. weforum.org/global-competitiveness-report-2012-2013.

5. Зерттеулер мен әзірлемелерді орындаған ұйымдарды бөлу құрылымы // ҚР Статистика Агенттігінің ресми сайты, 2010 жыл. www.stat.kz.


Дәурен Омаров

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға