Жаңалықтар

Түркияда зілзалада із-түзсіз кеткен Мирболат Құрмашевтің денесі табылды

Түркияда зілзалада із-түзсіз кеткен Мирболат Құрмашевтің денесі табылды
Фото: Astana Hub 10.02.2023 08:56 893

Түркияда жоғалған қазақстандық Мирболат Құрмашевтің денесі табылды, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Бұл жайында Түркияның Хатай қаласында жер сілкінісінен кейін хабар-ошарсыз кеткен қазақстандықтарды іздеуге аттанған бастамашыл топ Telegram парақшасында мәлімдеді.

Біз одан айырылып қалдық,-  деп жазылған хабарламада.

Мирболат Құрмашевтің денесін біздің құтқарушылар үйінді астынан алып шыққан.

Түркияның Хатай провинциясындағы толығымен қираған ғимараттан қазақстандық құтқарушылардың күшімен екінші қазақстандықтың денесі шығарылды. Үйінді жағдайындағы қозғалыс кезінде іздестіру барысында құтқарушылар алдын ала белгіленген іздестіру орнына жету үшін барынша жедел түрде арнайы ойық жасады. Құтқарушылар кішкентай бос орындар арқылы ойықтың ішіне кірді. Бұл ретте құтқарушылар құрылымдық элементтер қайта құламас үшін тосқауылда кішкентай саңылау жасауға тырысты, үйіндіде қауіпті учаскелерді бекітті, үйінді бөлшектерін көтеріп, жылжытты,  – деп хабарлады Төтенше жағдайлар министрлігі.

Еске сала кетейік, бұған дейін Astana Hub технопаркінің халықаралық агенті Мирболат Құрмашевтің Түркияда жоғалып кеткені хабарланды.

Жер сілкінісінен кейін онымен байланыс үзілген.

Ағасы Алмат Құрмашевтың айтуынша, зілзала кезінде ол Түркияның Хатай қаласында болған.

Кейін Мирболат Құрмашевтің тағы үш әріптесі байланысқа шықпай қалды. Оның екеуі қазақстандықтар және бірі – Түркия азаматы.

Айта кетейік, осыған дейін Түркияда жер сілкінісінен қаза болғандар саны 12 391 адамға жеткендігін хабарлаған болатынбыз.

Түркиядағы жер сілкінісінен кейін хабарсыз кеткен Сабина Мамадьярова аман табылды. Бұған дейін Түркияның оңтүстік-шығысындағы жер сілкінісінен кейін бірнеше қазақстандықтың хабарсыз кеткені туралы жазған едік.

Қазақстандық құтқарушылардың екінші эшелоны Түркияның Газиантеп қаласына жетті. Қазіргі уақытта жабдықтар мен жеке құрамды түсіру жұмыстары жүргізілуде. Қазақстан Түркияға гуманитарлық көмек ретінде $1 млн бөлді. Сонымен қатар бүгін Қазақстандықтардың екінші тобы Түркиядан қайтарылды.

Түркияда жойқын зілзаладан қаза болғандар саны 14 мыңнан асты, тағы 63 мың 794 адам жараланғанын жазған болатынбыз.

Кеше ТЖМ Юрий Ильин қазақстандық құтқарушылардың жұмысы туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа есеп берген еді.

ҚР Төтенше жағдайлар бірінші вице-министрі Ибрагим Күлшімбаев Түркиядағы жойқын жер сілкінісінің салдарын жою бойынша жүргізіліп жатқан іздестіру-құтқару жұмысына қатысты соңғы ақпаратпен бөліскен болатын.

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға