Жаңалықтар

«Тіл туралы» Заң қазақ тілінің мәртебесін көтереді

Мемлекеттік «Тіл туралы» арнайы Заң қабылдаудың біздер үшін қажеттігінің төмендегідей бірнеше себептері бар.
01.03.2014 10:57 9733

Қазақстан Республикасының Президенті - Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан-2050» стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында мемлекеттік тілді дамыту жөнінде жаңа ойларын ортаға салды. «Қазақ тілі жаппай қолданыс тіліне айналып, шын мәніндегі мемлекеттік тіл мәртебесіне көтерілгенде, біз елімізді ҚАЗАҚ МЕМЛЕКЕТІ деп атайтын боламыз» деп атап көрсетті. 

Осылардың барлығын түйіндей келе, ғасырлар қордаланған аса күрделі жағдайдан қазақ тілін тек мемлекеттік «Тіл туралы» Заң ғана алып шығатынын айтқымыз келеді. Тіл туралы Заңның бұған құқықтық та әлеуметтік те күші жетпейді. Ал имемлекеттік бағдарламалармен мемлекеттік тілдің мәселесін шешкен тәжірибе әлемде әзір жоқ. Көрші Ресей 1991 жылы Федерация халықтарының тілдері, ал 2005 жылғы мемлекеттік «Тіл туралы» Заңдар қабылдады. Қазір кешегі кеңес Одағына қараған ұлттық республикалардың барлығы дерлік мемлекеттік «Тіл туралы» Заң қабылдады. Олардың көбісінің жағдайлары бізден әлдеқайда жақсы болатын.

Мемлекеттік «Тіл туралы» арнайы Заң қабылдаудың біздер үшін қажеттігінің төмендегідей бірнеше себептері бар. 

        Біріншіден, осыдан 15 жыл бұрын қабылданған «Тіл туралы» Заң алдына қойған бірсыпыра мақсатты орындады. Еліміздегі тілдік қатынастардың оң өзгерістерге құқықтық негіз болды. Қазақ тілі кеңістігінде сең қозғалды. Алайда, бұл Қазақстанды мекен еткен халықтардың тілдері туралы болғандықтан қоғамда мемлекеттік тілдік орта жасай алмады, жасай алмайды да. Енді қолданыстағы Заң ана тілінің ары қарай дамуына кедергі келтіре бастады. Мұны тарқатып айтуға уақыт тар болып отыр.  

Екіншіден, «Мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолдынылады» деген конституциялық норманы қабылдағандағы құқықтық принцип  қатаң қадағаланбай, «Тіл туралы» Зандағы мемлекеттік және орыс тілдерінің теңестірілуіне әкелген нормалардың қабылдануы мемлекеттік тілдің қарқынды дамуына тұсау болды да, қоғамдық өмірде орыс тілінің үстемдік етуін күшейте түсті.

Үшіншіден, жаңа Заң қабылдау үшін Конституцияның                7-бабындағы

2-тармағын алып тастак қажет. Мұнсыз мемлекеттік «Тілі туралы» Заң қабылдай алмаймыз. Ол Конституцияға қайшы болады. Қазақтың Әбдіжәміл Нұрпейісов және Мұхтар Шаханов бастаған 150-дей зиялы қауымның бұл бапты алып тастау керек деулері тегіннен-тегін емес.

Төртіншіден, мемлекеттік тіл туралы заң қабылдауға Ата заңымыздың

93-бабындағы «Конституцияның 7-бабын жүзеге асыру мақсатында Үкімет, жергілікті өкілді және атқарушы органдар арнаулы заңға сәйкес Қазақстан Республикасының барлық азаматтары мемлекеттік тілді еркін әрі тегін меңгеруі үшін қажетті ұйымдастырушылық және техникалық жағдайдың бәрін жасауға міндетті» деген қағида құқықтық негіз бола алады.

Бесіншіден, 1997 жылдан бері еліміздегі демографиялық жағдай жақсарды. Еліміздегі барлық халықтың 63 пайыздан астамын қазақтар құрап отыр. Мемлекеттік тілге деген өзге этнос өкілдерінің көзқарасында күрделі оң өзгерістер белең алды. Оларда да жер иесінің ана тіліне деген ізгілікті түсінік  қалыптасып,  мемлекеттік тіл жалпы қажеттілікке айналып келеді. 

Қазір мемлекеттік «Тіл туралы» Заңның керектігі жөнінде екі пікір болуы керек емес.  Оған 20 жылдық өз тәжірибеміз де, әлемдік өркениетті елдердің шындығы да толық дәлел бола алады. Кез келген мемлекет өз шекарасы шеңберінде көпэтносты мәдениеттің әр текті сипатына қарамай, өзінің ұлттық мәдениетін қалыптастырады. Ал ұлттық мәдениеттің өзегі - ұлттық тіл. Біз санамыздағы құлдық бұғаудан неғұрлым тезірек құтылсақ, соғұрлым тәуелсіздігіміз тұғырлана түседі. Сөйтіп, мемлекеттік тілді еліміздің азаматтары толық меңгергенде, ол  қоғамның барлық салаларында қолданыс тауып, мемлекеттің ұлтаралық қарым-қатынас тіліне айналғанда ғана Қазақстанда демократия, азаматтық қоғамның толық қалыптасуына қолайлы әлеуметтік жағдай туады деуге болады.

/Қазақстан zaman, №38 (908), 20 қыркүйек 2012 жыл

 

Әбдіжәлел Бәкір: «Тіл тағдыры», 2013 ж.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға