Жаңалықтар

Станбұлдағы қазақтар жер сілкінісінен зардап шеккендерге көмектесіп жатыр

Станбұлдағы қазақтар жер сілкінісінен зардап шеккендерге көмектесіп жатыр
Фото: t.me/pressmfakz 10.02.2023 11:40 733

Станбұлдағы қазақтар жер сілкінісінен зардап шеккендерге көмек жолдап жатыр, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Қазақстанның Станбұлдағы Бас консулдығы, еліміздің белсенді азаматтары, студенттер және жергілікті қазақ диаспорасы Түркияның алапат зілзала салдарынан зардап шеккен аймақтарына гуманитарлық көмек жолдау бойынша белсенді жұмыс істеп жатыр. Осы уақытқа дейін сомасы шамамен 160 мың АҚШ долларын құрайтын көмек жиналып, жөнелтілді, - делінген СІМ таратқан хабарламада.

Атап айтқанда, балалар тағамдары, балалар киімдері, жөргектер, азық-түлік, жылы киімдер, көрпелер және тағы да басқа қажетті өнімдер жолдануда. 

Гуманитарлық көмек түрік билік органдарының келісімімен жасалып жатыр.

Бас консул Әлім Байел бүкіл Қазақстан жұмылып бауырлас Түркияға қолдау көрсетіп жатқан сәтте бұл көмекке өз үлесін қосып жатқан Ыстанбұлдағы қазақтарға алғыс айтты. 

Айта кетейік, осыған дейін Түркияда жер сілкінісінен қаза болғандар саны 12 391 адамға жеткендігін хабарлаған болатынбыз.

Түркиядағы жер сілкінісінен кейін хабарсыз кеткен Сабина Мамадьярова аман табылды. Бұған дейін Түркияның оңтүстік-шығысындағы жер сілкінісінен кейін бірнеше қазақстандықтың хабарсыз кеткені туралы жазған едік.

Қазақстандық құтқарушылардың екінші эшелоны Түркияның Газиантеп қаласына жетті. Қазіргі уақытта жабдықтар мен жеке құрамды түсіру жұмыстары жүргізілуде. Қазақстан Түркияға гуманитарлық көмек ретінде $1 млн бөлді. Сонымен қатар бүгін Қазақстандықтардың екінші тобы Түркиядан қайтарылды.

Түркияда жойқын зілзаладан қаза болғандар саны 14 мыңнан асты, тағы 63 мың 794 адам жараланғанын жазған болатынбыз.

Кеше ТЖМ Юрий Ильин қазақстандық құтқарушылардың жұмысы туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа есеп берген еді.

ҚР Төтенше жағдайлар бірінші вице-министрі Ибрагим Күлшімбаев Түркиядағы жойқын жер сілкінісінің салдарын жою бойынша жүргізіліп жатқан іздестіру-құтқару жұмысына қатысты соңғы ақпаратпен бөліскен болатын.

Осыған дейін Түркияда жоғалған қазақстандық Мирболат Құрмашевтің денесі табылғандығын хабарлаған болатынбыз.

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға