Жаңалықтар

Қазақ «гастарбайтерлері» неге көбейіп жатыр. Англияда аптасына 300 мың теңге табатын қазақ қызымен сұхбат

Қазақ «гастарбайтерлері» неге көбейіп жатыр. Англияда аптасына 300 мың теңге табатын қазақ қызымен сұхбат
Фото: Коллаж El.kz 18.07.2023 17:00 16809

Бұрын Оңтүстік Корея, Израильге жұмыс іздеп кеткен қазақ азаматтарын жиі көретінбіз. Еуропа елдерінен Германияға баратын. Соңғы кездері Англияға да маусымдық жұмысқа ағылатын қаракөздеріміз көбейген. Жай ғана статистиканы алып көрейік, мысалы, 2022 жылы 2672 қазақ Ұлыбританияға маусымдық жұмысшы ретінде тартылса, 2023 жылы бұл көрсеткіш 3618-ге жеткен. Олар ағылшындар ұсынған кез келген жұмысты істеуге дайын көрінеді. Осы ретте El.kz ақпараттық агенттігінің тілшісі «Тұманды Альбионда» жұмыс істеп жүрген отандасымыздың бірін әңгімеге тартып, ол жақтағы жағдайымен танысып көрді.

Біз сөз кеткелі отырған кейіпкеріміз Алтынгүл Исмайылова жолдасымен бірге Англияда жүр. Олардың сол елде үйренісіп, жұмыс істеп бастағанына екі айдан асып барады. Бүгінде айлық табысы жаман емес. Қазақстаннан кетіп, басқа мемлекетке баруға не түріткі болғанын сұрадық. Айтуынша, үй аламын деп қарызға кіріп кеткен. Сол несиені жабу және баспанаға қол жеткізу үшін Темза жағалауына аттануға тура келіпті.

Қазақстанда әр түрлі жұмыс істедім. Мейрамханада аспазшы, даяршы, әкімші, дүкенде сатушы және кассир болып та  қызмет еттім. Анам құрылыста жұмыс істейтін, карантин уақытында анамның жанында да істеген кездерім болды. Бір сөзбен айтқанда, істемеген жұмысым қалмады. Сонда да орташа айлығым 300 мыңның айналасында болды, – дейді Алтынгүл.

Англияға ол мамыр айының аяғында барған. Бүгінде сегіз түрлі салат теретін жұмыс істейді. Мұндағы бір күндік табысы әрқилы. Яғни, әртүрлі жұмыс болғанынан байланысты өсіп отырады. Күніне 14 сағат жұмыс істеген күндері де болған екен.

Қазақ «гастарбайтерлері» неге көбейіп жатыр. Англияда аптасына 300 мың теңге табатын қазақ қызымен сұхбат
кейіпкердің жеке мұрағаты

Күніне 14 сағат жұмыс істесең, сағатына 10,50 фунт (5985 теңге) аласың. Сонда жалпы 14 сағатқа 83 мың 790 теңге табасың. Кейде 10, енді бірде 8 сағат жүремін. Ең азы 6 сағат жұмыс істейміз. Бірақ ол анда-санда ғана болады. Жалпы алғанда, 10 сағаттан кем емес, – дейді ол.

Англияға кетуге түрткі болған бұл несие мәселесі екен. Яғни, ол қарызға үй алып, артынша несиеге батады. Одан сол үйдің жөндеу жұмысы үшін үстіне тағы қаржы алады. Осылайша, қарызға батқан қыз тәуекелге бел буып Англияға аттанады.

Бұл мемлекетте адамдар өте қарапайым және адам құқығы бірінші орында тұрады. Табыстары да өте жақсы. Ақшасы бәріне жетіп тұрғандықтан болар, бәрі өте бақытты көрінеді. Бір байқағаным, бұл жақтың адамдары қымбат көлік, зәулім үйге қызықпайды екен. Кішкентай машиналар мен және онша емес көліктермен жүре береді. Ал біздің қазақтар әдемі көлікке мініп, зәулім үйге құмар. Англияда бастысы жайлылық пен ыңғайлылық болса болды екен, – дейді Алтынгүл.

Алтынгүл қазақтардың көбісінің шетелге кетуінің себебі ақша жетпегендіктен деп отыр. Өзі де сол жағдайды бастан өткергесін де көзі жеткен.

Мысалы, өзім мейрамханада жұмыс істегенде көргенім, ондағы әйел адамдардың бір айлық жалақысы 90-100 мыңның маңайында. Ал аяқ астынан оқыс жағдай болып, ыдысты сындырып алсаң, 10-15 мың айыппұл төлейсің. Сонда қолыңда қалатыны 80 мың теңге. Ал қазір бір бөлмелі пәтерді жалдау үшін 150-200 мың теңге қажет. Қарап отырсаң, 80 мың теңге айлықпен қай жыртығыңды жамайсың. Мүмкін оқыған және білімі барлар жақсы жұмысқа орналасып жатқан болар. Біз сияқты қарапайым оқымаған азаматтар үшін өте қиын, – дейді Англияға аттанған қазақ қызы.

Ол анасының қасында құрылыста жұмыс істеп жүрген күндерін еске алды. Кейбір кездерде ақшаларын да бермей қойған күндері болыпты. Тіпті кейбіреулер басында жақсы сөйлесіп, үйінің жөндеу жұмыстарын жасатып алғасын, сол келіскен бағада ақшаларын да толық төлемей қойған сәттері болған екен.

Қазақ «гастарбайтерлері» неге көбейіп жатыр. Англияда аптасына 300 мың теңге табатын қазақ қызымен сұхбат
кейіпкердің жеке мұрағаты 

Англияға таныс арқылы бармадым. Өзім бірден тәуекел етіп, шешім қабылдадым. Арты не болар екен деп қорықтым. Құл болып кетпеймін бе деген ойлар болды. Бірақ Қазақстанда да жағдайым мәз емесқой деп бірден шешім қабылдадым. Бар болайын, не жоқ болайын деп тәуекел деп кеттім. Англияға үйренісу қиын болмады. Тек басында аяқ және белден қиналдым. Алғашында екі апта аяғым ауырғандықтан, отырып, тіпті тұра алмай қалдым. Бірақ денеміз үйреніп, қазір робот секілді болып кеттік. Аптасына 300 мың теңге алғанымда бәрін ұмытып кетемін, – деді Алтынгүл.

Англияда аптасына 48 сағаттан артық жұмыс істесең, сол артық сағатты 13,1250 фунттан (сағатына 7481 теңгеден) төлейді. Яғни, Алтынгүлдің айтуынша өткен аптада ол 52 сағат жұмыс істеп, 48 сағатты 10,50 фунттан, ал қалған 4 сағатын 13,1250 фунттан алған екен. Бір фунт теңгемен (570 теңге). Сонда әр сағат үшін ақша есептеледі. Ол апасы Қазақстанда таңнан кешке дейін егістікте жұмыс істеп, 5 мың теңге алған кездері болғанын айтады. Қазір өзі күнінен 10 сағат шөп жұлу арқылы 60 мың, құстарды егістікке жолатпау арқылы сағатына 6 мың алып жүр.

Бұл Қазақстандағы күнкөріс деңгейінің төмендігінен емес

Аталған мәселеге қатысты біз сарапшылардың пікірін білдік. Саясаттанушы Қазыбек Майгельдинов шын мәнінде қазіргі таңда Қазақстан азаматтарының шетелге кетіп жұмыс істеуі белең алуда екенін тілге тиек етті. Әсіресе, Оңтүстік Корея, Ұлыбритания және АҚШ-қа баратындардың саны көбейген.

Олардың көбісі қандайда бір саламен бармайды. Мәселен Ұлыбританияда егістікте, Кореяда құрылыста, АҚШ-та жүк көліктерін басқару жұмыстарына біздің азаматтар көп барып жатыр. Тіпті, әлеуметтік желілерден көптеген бейнероликтерді қарайтын болсақ, олардың көбісі үш-төрт жылдан бері сол жақта жұмыс істейді. Одан әрі сол елде көші-қонға дайындалып жатқандар бар. Мұның барлығы еліміздегі еңбек нарығына үлкен нұқсан келтіруде. Салдарынан біздегі жұмыс күштерінің көбісі шетелге кету арқылы бүгінде көші-қон өте жоғары деңгейге ұласып бара жатыр, – дейді ол.

Сарапшы бұл мәселенің бірнеше себептері барын айтты. Яғни, оның сөзінше Қазақстандағы күнкөріс деңгейінің төмендігінен емес. Еліміздегі әлі де болса да, непотизмнің тоқтамай тұрғандығы, тамыр-таныс арқылы жұмысқа тұруы және шын мәнінде меритократия қағидасының іс жүзінде жүзеге аспай тұрғандығын көрсетеді. Бұл кез келген азаматтың болашаққа деген сенімін, жұмыс бабы бойынша өз еңбегімен көтерілу деген сияқты талаптарын қанағаттандырмайды деп отыр.

Сондай-ақ, саясаттанушы бұған еліміздегі әлеуметтік-экономикалық әлеуеттің төмендігі де себеп болып отырғанын топшылады. Яғни, қазір орташа жалақы 250 мың теңге деп айтылғанымен, бірақ бұл есептеу жұмыс нарығында нақты көрініс емес.

Мәселен, 30-50 мың теңге көлемінде ең төменгі жалақы алып жүргендерді санамай, Ұлттық компаниялардағы топ менеджерлер алатын миллиондаған жалақының орташа есебін көрсетеді. Сондықтан да нақты айқын көрінісін бермей келеді. Салдарынан азық-түлікке жетпейтін ақыға азаматтардың жұмыс істеуге қауқары жоқ. Ал шетелдегі жалақы үш-төрт есе жоғары болғасын, сол жаққа кетуге мәжбүр болып отыр, – дейді саясаттанушы.

Бұдан өзге сарапшы еліміздегі жұмыссыздық деңгейінің тағы бір себебіне тоқталды. Жыл сайын жүздеген мың жас түлек ЖОО-нын аяқтағанымен, нақты диплом бойынша жұмыс таба алмайды. Өйткені, өндірістегі немесе басқа да саладағы сұраныс ұсынысқа пара-пар келмей отыр деген пікірде.

Олардың 10 пайызы ғана өз мамандығымен жұмыс істеуі мүмкін. Ал қалғандары бітірген маманы бойынша екі қолға бір күрек таба алмай отырған жағдайы бар. Сайып келгенде осының барлығы азаматтардың өзінің күнкөрісін болжай алмай, ертеңгі күнге деген сенімнің болмауынан осындай» әрекеттерге баруға мәжбүр. Осыдан 10-15 жыл бұрын өзбек, қырғыз, Ресей, тәжіктер «гастарбайтер» деген лақап атқа ие болғанын көрсек, қазір қазақстандықтардың өзі «гастарбайтерге» айналып отыр, – дейді ол.

Оңтүстік аймақтарда қандайда бір жұмысқа орналасу үшін пара беру мәселесі өте үлкен проблемаға айналып отырғанын жеткізді. Осыған байланысты саясаттанушы көзбен көрген бір мысалды атап өтті.

Бір танысым 200 мыңдық жалақысы бар жұмысқа кіру үшін 2 миллион теңге пара беруге дайын отыр. Яғни, ол бір жыл тегін жұмыс істеуге дайын. Осындай жағдайға да баратын ахуалға тап болудамыз. Сол себепті еңбек нарығын реттеу үшін ең әуелі мемлекеттік саясат бағытын өзгерту керек. Бұл жөнінде бірнеше мәрте мәселені көтерген едім. Яғни, еліміздегі қандайда бір салада болмасын еңбек күштеріне мемлекеттік қаржыға бөлінетін гранттардың сол сұранысқа сай келуін реттеуіміз қажет екенін айтты, - дейді ол.

Яғни, саясаттанушы бұл ретте еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі мен ғылым және жоғары білім министрлігі арасында толыққанды статистикалық сәйкестік болу қажет деп есептейді. Жас маман өз оқуын бітірген кезде мемлекеттің ақшасына сол мамандығы бойынша жұмыс табуға мүмкіндік алу керек екендігін айтады.

Одан басқа непотизмге тосқауыл қойып, меритократияның жұмыс істеуі үшін қандайда бір жеке меншік немесе мемлекеттік кәсіпорын болсын сол жердегі ішкі жүйені реттеу керек. Көп жағдайда мамандығы бар азаматтар білімі мен тәжірибесіне сәйкес жұмыс орнын таба алмай отыр. Олар жұмысқа қанағаттанбай немесе өсуді көрмегеннен кейін басқа бағытқа кетіп, осылайша шетел асып кетуге мәжбүр, – дейді Қазыбек Майгелдинов.

Көбісінің айтатын мәселесі – несие

Соңғы жылдары Англияға барып жұмыс істейтін қазақтардың саны көбейген. Экономист Асқар Сағитжан да өткен жылы аталмыш елге маусымдық жұмысқа барған. Жұмыс визасы біткен соң, араға төрт ай салып елге оралды. Англияда жұмыс істеп келген Қазақстан азаматымен тілдестік. Ол сол жақта жұмыс істейтін қазақтармен етене таныс. Жұмысшылардың қандай жағдаймен келгенін жақсы біледі. Өзі де біразымен сұхбаттасып, блог жүргізген.

Қазақстанда жағдай төмен болғасын шетелге кетеді. Айлықтары 100 мыңның айналасында. Өте аз. Білімі бар адамдардың көбісі ол жаққа бара бермейді. Қазақстанда жұмыс таппағаннан кейін арнайы виза жасатып сол жақтағы фермаларға отбасымен де өзі де жалғыз кетіп жатады. Онда айлықтары да жақсы. Кем дегенде айына 1 миллион алады. Ал дұрыс жұмыс жасай алмағанның өзінде 600-700 мың теңге шамасында. Олар мұны бір айда табады. Ал бізде мұндай айлықты тек жарты жыл жұмыс істеп табасың, – дейді Асқар Сағитжан.

Осындай мүмкіндіктің барын көріп тұрған азаматтар өзінің жағдайын жасауға және несиесін жабуға баратынын айтады. Жарты жыл ішінде 4-5 миллион тапқанның өзінде еліміздегі 2-3 миллиондық несиелерін жаба алады деп отыр.

 Біреулер әйелі баласымен барып, үшеуі бірге әрқайсысы 4-5 миллион тауып үй алуға дейін шамалары жеткендер болды. Әркімнің мақсаты әртүрлі болғанымен, көбісі осы қаражат мәселесімен келеді. Қазақстанда жағдай қиын. Оны айтпаса да түсінікті. Кедейлік шегі қатты көтеріліп бара жатыр. Өзім де экономистпін. Төменгі жалақыны ала алмайтындар саны артып барады. Жұмыссыздық деңгейі де 15-20 пайызға көтеріліп жатыр. Сол себепті көбісі сырт елге кетуде, – дейді Асқар Сағитжан.  

Асқар осы жылы оқу визасын алып, Англияда ағылшын тіл курсын оқып жатқанын айтты және сол орталықта тіл үйренуге келем деген шетелдік азаматтарды тарту бойынша жұмыс істеп жатыр.

2023 жылға еңбек иммигранттарын тартуға 45 мың квота берілді

Бұл мәселеге қатысты біз сыртқы істер министрлігінен жауап алдық. Айтуыларынша, Ұлыбританияның Еуропалық Одақтан шығуына, COVID-19 пандемиясына байланысты Шығыс Еуропадан британдық фермаларда жұмыс істейтін маусымдық жұмыскерлер саны едәуір азайған екен.

Сол себепті 2022 жылы жергілікті үкімет басқа елдерден, соның ішінде ТМД елдерінен Ұлыбритания аумағында еңбек қызметін жүзеге асыру үшін еңбек иммигранттарын тартуға 38 мың квота бөліпті. Атап айтсақ, 2019 жылы 2 500 квота, 2020 жылы 10 мың квота және 2021 жылы 30 мың квота бөлінсе, 2023 жылға еңбек иммигранттарын тартуға 45 мың квота берілген.

«Seasonal Worker visa (Temporary Work)» бағдарламасы Ұлыбритания азаматтары болып табылмайтын тұлғаларға көкөніс пен бау-бақша (жылыжай көкөністері, далалық көкөністер, жидектер, бақша жемістері, жүзім, асқа пайдаланылатын саңырауқұлақтар және тағы басқа осы іспеттес дақылдардың нақты тізімімен ғана жұмыс істеу үшін) өсімдіктерді күту, жинау, жылыжайларды салу, суару сынды жұмыстарды орындау үшін ұзақтығы 6 айдан аспайтын мерзімге дейін келуге мүмкіндік береді.

Ұлыбританияның ішкі істер министрлігінің ақпаратына сәйкес, 2022 жылы 2672 ҚР азаматы  маусымдық жұмысшы ретінде тартылса, 2023 жылдың қаңтар-наурыз аралығында 3 618 ҚР азаматына «Temporary Work visa» рәсімделді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға