Жаңалықтар

Қаныш Сәтбаевқа Мәскеуде ескерткіш орнату керек - Алтынбек Нухұлы

Қаныш Сәтбаевтың туғанына 125 жыл
Қаныш Сәтбаевқа Мәскеуде ескерткіш орнату керек - Алтынбек Нухұлы
Фото: Коллаж El.kz 31.01.2024 16:00 2695

Биыл қазақтың ғұлама ғалымы, Шығыс елдерінен шыққан алғашқы академик Қаныш Сәтбаевтың туғанына 125 жыл. Ғұмыры ғибратқа толы тұңғыш геолог жайында айтылар сыр көп. Аңызға айналған тұлғаның соңында мәңгілік мұрасы қалды. Сол қазынаны жан-жақты жинақтап, зерттеп-зерделеп, мерейтойын өз деңгейінде өтуіне бар күш-жігерін арнап жүргендердің бірі -  сенатор Алтынбек Нухұлымен El.kz ақпарат агенттігінің тілшісі тілдесіп қайтқан еді.

 Қанышты геолог-ғалым ретінде ғана қарастыру дұрыс емес

Тағдырдың мың бұралаң жолында тұтас халқын адастырмай алға бастайтын, асқақ рухты Темірқазық тұлғалар болады. Елінің бағына туған сол қадау-қадау алыптардың қатарынан Қанышты көреміз. Қазақтың қасиетті топырағында дүниеге келіп, адамзат ақыл-ойының биігіне көтерілген оның жөні де, жолы да бөлек. Жердің жайын тамыршыдай тап басып тани алуы таңғажайып құбылыс. Ұлттық ғылым академиясын құрып, қаншама кен орындарын ашқан ардақты азаматты тану оңай емес. Орталық Қазақстанның мине­ралдық-шикі­зат базасы кеңейіп, «Жез­қазған мысы – ел ырысы» деген ұран­ға айнал­ғаны Қаныштың қа­­жырлы еңбегі­нің нәтижесі.  Сонау 1940 жылы: «Шығыста – Алтай алқабы, оңтүстікте – Қаратау, Орталық Қазақстанның кенді жотасы, батыста – Маңғыстау түбегі, міне, осының бәрі кен бай­лықтың сарқылмас көздері» - деп көрегендікпен айтқан сөзі­нің дәлдігіне бүгінде көзіміз жетіп отыр.

Қаныш Сәтбаевқа Мәскеуде ескерткіш орнату керек - Алтынбек Нухұлы

Қазақтың біртуар перзенті, есімі әлемге әйгілі – Шығыс елдерінен шыққан алғашқы академик, аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, адамгершілік қасиеттері мен кісілік келбеті халқының аузында аңыз болып қалған кемеңгер әрі ғұлама Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың 125 жылдық мерейтойы еліміз үшін елеулі оқиға. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Egemen Qazaqstan» газетіне берген сұхбатында ел тарихында ерекше орны бар тұлғаларға құрмет көрсету дәстүрі жалғасатынын айтып, сол қатарда Қаныштың есімін алдымен атап өтті. Тұлғаға арналған тағылымды шараларда бүгінгі жастарға үлгі көрсете білуіміз керек. Кешегі келелі істер мен мазмұнды дүниелер болашақ ұрпаққа жетпей қалуы мүмкін. Сондықтан да насихат мәселесіне келгенде үлкен ойлар туындауда. Мәселен, Қаныш жайлы бірнеше көркем және деректі фильмдер түсірілді. 2011 жылы Сәтбаев туралы үлкен томдық энциклопедия шығарылды. 2013 жылы дәл осыны орыс тілінде жарыққа шығардық. Енді бұл энциклопедияны тағы да толықтырып, түзетіп қайта басып шығару ойда бар.

Ұлтымыздың кемеңгер перзенті Қаныш Сәтбаевтың ғұмыр жолын айшықтауға елу жылдан астам уақытын сарп етіп, біртуар ғалымның жарқын бейнесін танытып, үлкен еңбек жазған атақты жазушы – Медеу Сәрсеке. «Мұхтарды Мұхтар қылған Абай, ал Абайды Абай қылған Мұхтар» демекші, Қанышты Қаныш қылған, халыққа насихаттауда ұлан-ғайыр жұмыс атқарған Медеу ағамыз. Бұл еңбегі арқылы Медеу Сәрсеке де жазушы ретінде өзіне де мәңгілік ескерткіш қойды деп санаймыз.

Тұлғаға арнап бірнеше қалада ескерткіш орнату ойда бар

Астана қаласында жеке тұлғаға арналған ең биік ескерткіш – Қаныш Сәтбаевтың ескерткіші. Қазақ ғалымының қоладан жасалған мүсінінің тұғырымен бірге санағанда биіктігі 13 метр. Тұғырда Қаныш Сәтбаевтың әйгілі «Менің халқым менен де биік» деген сөзі жазылып, қолтаңбасы берілген. Бұл ескерткіш Қаныш Сәтбаев пен Қажымұқан Мұңайтпасов көшелерінің қиылысындағы «Қазақстан» спорт кешенінің алдына орнатылды. Мұны орнату мақсатында үш жыл бойы соңынан жүрдік. Павлодарда педагогикалық университеттің ректоры болған кезімде қозғау салдым, кейін сенатор болып келген уақыттан бастап 2021 жылдың шілде айының 3-інде осы ескерткішті аштық. Келесі жылында ескерткішке граниттен төрт тас қойдық. Бұл жұмыстарға халықаралық Сәтбаев қорының қамқоршылар кеңесінің төрағасы ретінде қаржы тауып, гранитті тастарға Қаныштың нақылын, ұлы замандастарының Ғұлама туралы айтқан сөздерін таспаладық.

Қаныш Сәтбаевқа Мәскеуде ескерткіш орнату керек - Алтынбек Нухұлы

Бұдан басқа Черчилль мен Қанышқа арналған Лондон қаласында және Қазақстанның бес өңірінде ескерткіш қою идеясы болды. Мұны депутаттық сауалда да айттым. Сауалда ескерткішін шетелде және Қазақстанның бес қаласында орнату қажеттігін көтердім. Қаныш Имантайұлын аңыз адам ретіндегі Черчилльмен кездескен кезіндегі бейнесін көрсету болатын. Алдымен эскиздерін жасаттым. Мұндағы бейненің бір ерекшелігі Черчильдің бойы 1 метр 68 см, ал Қаныштың бойы 1 метр 96 см. Екеуінің бойындағы айырмашылық 28 см болғасын қайта ойландық. Ертеңгі күні ескерткішті Ұлыбритания елінде қоятын болсақ, бойы туралы әңгіме шығуы мүмкін деп мүсіншілерге қайта тапсырма бердім. Содан олар екеуінің бойларының айырмашылығы білінбейтін отырған бейнелерін жасады. Алайда, Лондонда ескерткіш қою жолы ауыр болып шықты. Оның әңгімесі ұзақ...

Бүгінгі күні елімізде Қаныш Сәтбаевтың 15 ескерткіші бар. Астанада қойылған әзірге соңғы 15-ші ескерткіші. Астанада ескерткіш орнатарда биіктігін 15 метр қылып орнату жөнінде ұсыныс айттым. Бірақ ол өте биік болып, бейнесі жақсы көрінбей қалатын болғасын, 13 метрге төмендеттік. Осының өзінде салып жатқан кезде бір шенеуніктер келіп, «Мынау ескерткіш биік болып кетіпті. Сіздер мұны аласартыңыздар» деген әңгіме болды. Мұның бәрін кейін ретімен жазып шығамын деп ойлаймын.

Черчилль мен Қаныштың әңгімесі

1947 жылы Қаныш Сәтбаев КСРО Жоғары кеңесінің делегациясымен Ұлыбританияға барады. Сапарда жүрген ғалым Британ музейін, әсіресе ондағы минералдар коллекциясын тамашалағысы келеді. Музейде экскурсия өткізіп жүрген адам оған әр экспонат жайлы кеңінен айтып таныстырады. Сонда Қаныш бір тасты көріп «Бұл ол жердікі емес, бұл Қазақстанның тасы» деген екен. Қаныштың бұл сөзі сол кезде Черчилльге жетеді. Сөйтіп, тексере келгенде, шынында да бұл тас Қазақстанның тасы болып шығады. Ағылшындар бұрын Жезқазғанда жұмыс істеген екен. Сонда олар бұл тасты өз еліне алып кеткен. Геолог ретіндегі мықтылығын осы жерден де байқаймыз.

Қаныш Сәтбаевқа Мәскеуде ескерткіш орнату керек - Алтынбек Нухұлы

У.Черчилльмен кездеседі. Тілдесу кезінде Уинстон Черчилль Қанышқа қарап «Мынау киген қалпағыңызды бір-бірімізбен айырбастасақ қайтеді?» деп сұрапты. Сонда Қаныш «Айырбастасақ айырбастайық. Ешкім айырбастағаннан өкінбейді» дейді. Черчилль оған қарап тұрып «Қазақтардың барлығы Сіздей ірі ме, сұңғақ па?» деген екен. Сол кезде Қаныш «Мен қазақтың ішіндегі ең кішкентайымын. Менің халқым менен де биік» деп жауап беріпті.  Қандай жауап десеңізші! Яғни, бұл жерде оның бойының ұзындығы емес, ойының кеңдігі, ең бастысы халқын, ұлтын сүйетін азамат ретінде «менің халқым бәрінен биік» деп халқын жоғары көрсетіп тұр.

Сәтбаевтар әулетінің тектілігі

Өткен ғасырдың кеңестік кезеңінде «Ел ардақтысы» атанған билер мен сұлтандардың есімдерін айтуға тиым салып, қайта оларды бай-шонжарлар деп қаралаған, ал хан төрелердің ұрпақтарына қағажу көрсеткен қитұрқы саясат жүрді.

Соның салдары Баянтаудың Ақкелініңдегі Шорман әулеті мен Көкшетаудың Сырымбеттегі Уәлихан ұрпақтарын сергелдеңге салғандығы жасырын емес. Бұл әулеттердің тарихы талай жылдар көзден таса болып, әлі де өз дәрежесіне лайық зерделенуді қажет етеді. Шорман бидің ізгілікті ізі игілікті істерімен тарихта қалғандығын және оның еліне жанашырлығын, азаматтық мінезін, оқу-білімге тарту жұмысын Мұса бастаған балалары, Сәдуақас қостаған немерелері жалғастырды.

Баянауыл сыртқы округінің аға сұлтаны атақты Мұса Шорманұлы болған. Шорман би әулеті мен Сәтбаевтар әулеті бір-бірімен туысқан. Екі әулеттің ауылдарының арасы 7-ақ шақырым жерде орналасқан. Мұса Шорманұлының туған қарындасы Зейнеп Шорманқызынан алғашқы ғалым Шоқан Уәлиханов туыпты. Шоқан Уәлихановтың табаны тиіп, осы ауылға бірнеше рет келген. Шоқанның нағашысы Мұса Шорманұлымен  арақатынасы өте жақын болған. Баласы Сәдуақас Шорманов жас болса да  Шоқанның ақыл-кеңесін алғандығы күмәнсіз. Ал Сәдуақас Шормановпен Қаныштың әкесі Имантай екеуі жастары да шамалас болғандықтан өте жақын жолдас болған.

Қаныш Сәтбаевқа Мәскеуде ескерткіш орнату керек - Алтынбек Нухұлы

Шоқан Уәлиханов Талдықорған жақтағы Алтынемелде қайтыс болғанда, артынан Мұса Шорманұлы адамдарын жібереді. Сол кезде Шоқанның басына Қаныштың әкесі Имантай да барады. Олардың арасындағы тектілік ертеден қалыптасқан. Одан әрі қарай қазбалайтын болсақ, арғы бабалары болып келетін Бұқар жырау. Бұқар жыраудың еңбектерін Мұса Шорманұлы да, Қаныштың әкесі Имантай да жинақтап, белгілі өлкетанушы Николай Потанинге беріп, әрі қарай Ленинград және басқа қалалардағы архивтерге жіберген. 

Осының бәрін бала Қаныш жастай біліп, көріп өскен. Өйткені, әкесінің 54 жасында ғана Қаныш өмірге келді. Имантай кіші баласы Қанышқа ерекше қарап, өзінің бауырында өсірген. Қимаса да Павлодарға оқуға жібереді. Туған ағасы Ғабдулғазизден (Бөкеш) өрбіген ұрпақтары қазір бар. Олар 125 жылдығына атсалысып жатыр. Имантай атамыздың екі ұлынан басқа Ғазиза деген қызы, яғни Қаныштың туған әпкесі болған. Сол Ғазизадан қазақты бүкіл әлемге танытқан археолог  – Кемел Ақышев туған. Кемел – Қаныштың туған жиені. Ол кісінің де биыл 100 жылдық мерейтойы. Мұса Шорманұлының туған інісі Әужанның баласы Ақыш, Ақыштың баласы Кемел болып келеді.

Тағы айтайын дегенім, мықтылықтың бәрі осы тектіліктен шығатынын байқаймыз. Шоқан Уәлиханов пен Мұса Шорманұлы, Мұса Шорманұлы мен Сәтбаев әулеті бір-бірімен туысқан құда да болып келеді. Ал Шоқанның інісі Мақыдан тараған Алматыдағы «Тәуелсіздік монументінің» авторы Шот-Аман Уәлиханов. Кемел Ақышевтің тапқан «Алтын адамы» Шот-Аман Уәлиханов Қазақ Елінің нышаны ретінде «Тәуелсіздік монументінің» мұнар басына бейнелеп қойды. Бұдан кейін оларды қалай текті демейсің?

Осы Шорман және Сәтбай әулеттерінің арасындағы тағы бір мықты адам – Ұлт ұстазы қатарынан табылатын Әбікей Сәтбаев. Ол кісінің екі қызы - медицина ғылымдарының докторлары, осы саланың білгір мамандары болған, профессорлар Райхан мен Раушан Сәтбаевалар және Қаныштың өз қыздары - медик және филолог, профессорлар Ханиса мен Шамшиябану Сәтбаевалар да осы Ақкелін баурайында, яғни қазіргі Баянауыл ауданының Мұса Шорман ауылында дүниеге келген. Райхан мен Раушан апайлардың өмірлік отағасылары әрі бір-бірімен бажалар болған, атақты академиктер Әбікен Бектұров пен Әлкей Марғұлан. Ал Ханиса Қанышқызының күйеуі атақты ақын Қайнекей Жармағамбетов болса, Шамшиябану Қанышқызының жолдасы Оразай Батырбеков болды. Бұл кісілердің бәрінің табаны, жаңағы Қаныштың кіндік қаны тамған жерге бірнеше рет тиген. Қаныштың талантты  ағалары Бөкеш пен Әбдікәрім туралы да көп айтуға болады. Өкініштісі сол, оларды Әбікей Сәтбаев атамызбен қатар 37-нің қырғынында жазықсыз «халық жауы» деген желеумен атып тастады. Осы айтылғандардың бәрін көрсету үшін Жалпыреспубликалық жоспарда жазылғандай Қаныштың кіндік қаны тамған үйінің орнына биыл мемориалдық кешен салмақшымыз. 

​Академик Қаныш Сәтбаевтың «Ел тарихын есіңнен шығарма» деген сөздері бүгінгі біздерге айтылған сияқты әрі осы бағыттағы жұмыстарды жүргізуде өткен тарихқа шолу жасау – туған жерге деген сүйіспеншілігіңді арттыра түседі.

​ Тұлғатану идеясы ойымның негізгі өзегі болғандықтан, Елдік сананы қалыптастырып, ұлттық рух пен патриотизмді нығарлау, біртұтас ұлт болу мұратына жетелеу болып табылады. Бұл әрбір Отаның сүйетін азаматтың ары мен міндеті. Әсіресе, келешегіміз − оқушылар мен студент жастар үшін маңызды. Бүгінгі жастар арасында жақсы білім алған, бірнеше тіл білетін, халқының тарихы әрі дәстүрімен қатар заманауи өмір салтын ұстанатын жаңа қазақтар буыны аз емес. Болашақ ұрпақты ел тізгінін ұстаған ақылман абыздарымыз, білгір билеріміз бен данагөй жырауларымыз, батыр бабаларымыз, ғұлама ғалымдарымыз туралы туындыларды көрсете отырып, тәрбиелесек деген ниет.​

«Қырық қырлы қазақтың Қанышы»

 Бұл туралы жақсы бір дүние жаздым деп ойлаймын. Қазақта «Сегіз қырлы, бір сырлы» деген сөз бар. Ал мен «Қырық қырлы қазақтың Қанышы» деп мақала жазған болатынмын. Өйткені, тұлғаның қыры сегіз қырлыдан асқандығы сөзсіз. Ол кісінің геолог-ғалым ретінде бүкіл Жезқазғанды қазақ еліне байлығымен бірге ашып, дәлелдеп шығуы бір бөлек, сонымен қатар мәдениет пен әдебиет, жалпы руханият саласында жасаған ерен еңбектері де ұлан-ғайыр, өз алдына бір басқа.

Домбыра, скрипкада, музыкалық аспаптардың сан түрінде ойнауы, би билеуден алдына жан салмаған екен. Бұл туралы екінші жұбайы Таисия Алексеевна айтады. Қазақта тағы бір жақсы сөз бар «Өзінің ғұмырынан нақты ісімен даңқының ғұмыры ұзақ болған адам – нағыз аңыз адам» деген. Даңқы және нақты соңынан қалдырған істерінен адам аңызға айналады. Қазір алдымызға қойып отырған көп міндеттің бірі – Қаныш туралы естеліктер кітабын жаңғыртып шығару. Соның ішіне тарихи тұлға туралы аңыз әңгімелердің нәрі барларының бәрін енгізбекшіміз.

Қаныштың тағы бір ерекшелігі, бұл кісі тек қана мол қазына байлықты ғана тауып, оның көздерін ашып ғана жатпады. Күн сайын 10-15 км жерді жаяу жүрген екен. Ол кезде машина аз, бензин деген жоқ. Жұбайы Таисия Алексееваның естелігінде күн сайын 15 сағат жұмыс істейтіні, жұмысқа әбден берілгендігі  туралы айтылады. Елі мен жерін, халқын сүйгендігі, әрбір сөзінен байқалған.

Беделі биік болса да, кеудесіне нан піспеген

Қандай биікке көтерілсе де, қарапайымдылықты қатты сақтай білген адам. Отбасында да ерекше болған. Қаныш оқуға кеткен соң, Томскіде екінші әйелі Таисиямен танысып соған үйленеді. Бірақ екі отбасынан да кетпеген. Таисиямен Қарсақпайда тұрып жатқан кезде, бірінші әйелінен туған қызы Ханисаны алып келіп, орыс әйелінің тәрбиесінде өсірді. Кейін өзі академик, Ұлттық ғылым академиясының Президенті болды, 1940 жылға қарай Алматыға көшіп келді. Сол уақытта қазақ әйелі Шәрипаны да көшіріп алады. Тірі кезінде Шәрипа анамыздың үйінде болып, қызы Шамшиябану апайдың қолынан шәй іштік.

Академиктер, Халық қаһарманы Шапық Шөкин, Әлкей Марғұлан, Әбікен Бектұров үшеуі сол заманның мерекелі күндері кезінде бәрі Қаныштың жанына жиналады екен. Сол кезде Шәрипаның үйінде бас қосатын болған. Сонда Қаныш Шәрипаға «патша көңілді әулие Шәрипа» деп айтып отыратындығы естелік кітаптарда жазылады.

Ал Таисия Алексееваның Қаныштың үлкен тұлға болып қалыптасуына қосқан үлесі зор. Қандай қиындық болса да шыдап, жан-тәнімен мықты көмектескен. Ол кісінің де мамандығы геолог болған.

Қаныш Сәтбаевқа Мәскеуде ескерткіш орнату керек - Алтынбек Нухұлы

Қазақстанның құрметті журналисті Мейрам Байғазин өзінің мақаласында,  Қаныштың дарынды шәкірті Шахмардан Есенов ұстазымен Мәскеуге барған сапары жайлы былай деп жазады: «КСРО Жоғарғы кеңесі президиумының кезекті сессиясына мен Қаныш Имантайұлымен Мәскеуге бірге бардым. Самолеттен түскен соң біз  «Москва» қонақ үйіне орналастық. Қанекең досы Орта машина жасау министрі Ефим Павлович Славскийге дереу телефон соқты. Қабылдау бөлмесіндегі жауап берген қыз Славскийдің, енді министр емес екенін айтты. Аң-таң болған Қанекең Славскийдің пәтеріне соғып еді, телефон көтерген Ефим Павлович мардымды жауап бермей, тұтқаны қоя салды». Міне, жақын досының осындай қиын сәтінде Қаныштың жасаған ерлігі таң қалдырады. Беделінің өте жоғары болғандығы соншалық, депутат ретінде Орталық партия комитетінің бірінші хатшысы Хрущевке тікелей кіріп, Ефим Славскийдің министрлік лауазымына қайта келуіне және үшінші рет Социалистік Еңбек ері атануына ықпал етеді. Болмысы ерекше жаратылған Қаныштың мұндай аңызға бергісіз ерліктері мен нақты істері - заңғар ғұламаның даралығы мен даналығы емес пе!

Айта кетейік, академик, геолог және қоғам қайраткері Қаныш Сәтбаев 1899 жылы 12 сәуірде Теңдік ауылынан 5 км километр қашықтықтағы жерде дүниеге келді. Бүгінде бұл - Павлодар облысы Баянауыл ауданы Сәтбаев ауылдық округіндегі Мұса Шорман ауылы. Қаныш Сәтбаев соңғы рет туған жері Баянауылда 1959 жылы болған. Ол 1964 жылы 31 қаңтарда Мәскеуде ауруы асқынып қайтыс болды. Ғалым Алматыдағы орталық зиратқа жерленді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға