Жаңалықтар

Профессор Л.Рүстемовтың «Қазақ тілі» қоғамын құру мәжілісіндегі баяндамасы (үзінді)

Әрбір халықтың ұлттық ерекшелігі, оның қастерлі де қасиетті байлығы, ғасырлар бойы сол халықтың тарихымен бірге өсіп, біте қайнасып келе жатқан рухани дүниесінің айнасы – ол тіл.
29.06.2015 13:52 4933

Әрбір халықтың ұлттық ерекшелігі, оның қастерлі де қасиетті байлығы, ғасырлар бойы сол халықтың тарихымен бірге өсіп, біте қайнасып келе жатқан рухани дүниесінің айнасы – ол тіл.

Профессор Л.Рүстемовтың «Қазақ тілі» қоғамын құру мәжілісіндегі баяндамасы (үзінді)

Түркі тілдерінің ішіндегі ең бай, оралымы қай салада болса да мол, икемді, мықты есептелетін қазақ тілінің бүгінгі халі адам қуанарлық, көңіл толарлық деп айту қиын, ұзаққа созылған ауруға шалдыққан жандай.

Тарихы ғасырлар қойнауында жатқан халқымыз соңғы 70 жылдың ішінде адам айтса нанғысыз, бұрын-соңды болмаған әлеуметтік эксперименттің объектісі болды... Күні кешеге дейін Лениндік тіл саясаты елімізде бұрмаланып келді. Н.С.Хрущевтің «неғұрлым орыс тіліне тезірек көшсек, соғұрлым коммунизмге тезірек жетеміз» деген ұраны И.В.Сталиннің «Тіл білімі және марксизм» атты еңбегінде «ұлт тілдері бара-бара біртұтас аймақтық тілге айналады» теориясының іс-жүзіндегі тікелей жалғасы болды. Ал біздің республикадағы саяси қайраткелер бұл саясатты бұлжытпай екі есе етіп орындауға тырысты. Сөзіміз құр, жалаң болмау үшін бір мысал келтірелік.

1960 жылдардың 1-жартысында ҚазМУ-дың партия жиналысында Қазақстан Орталық Комитетінің идеологиясын басқаратын хатшы жоғары оқу орындарында студенттерді қазақ тілінде оқытудың қажеті жоқтығын, олардың мамандық сапасы төмен болатындығын, қазақтың қоқсыған тұрмыс-салтын, әдет-ғұрпынан бас тартып, жаңа өмір дәстүрін кең пайдалануды уағыздаған баяндамасын өз құлағымызбен тыңдадық.

1986 жылға дейін Қазақ Оқу министрлігінің қарамағында 18 педагогика институтының 1-курсына 10 мыңнан астам жастар қабылданса, оның тек 150-і ғана қазақ тілі мен әдебиеті бөлімдеріне түсті. Олардың өзі оқу бітіргеннен кейін өз мамандығы бойынша жұмыс таба алмай сарсаң болды.

Қазақстанның көптеген қалаларында, соның ішінде Шымкентте 1986 жылға дейін қазақ тілінде тәрбие беретін бірде бір бөбекхана болмады. Ал, Алматыда екі-ақ балалар бақшасы, 3 қазақ мектебі болды. Оның өзі марқұм Шона Смаханұлы бастаған алматылық бір топ қазақ зиялыларының жар құлағы жастыққа тимей, үлкендермен айтысып, күштілермен тартысып жүріп ашқан тәрбие мекемелері еді. Соның өзінде 1986 жылы ашылған «Ер Төстік» атты қазақ балалар бақшасын көріп, «Известия» газеті бетімізге салық етіп, мін тағып, кінә қойғаны әлі есімізде.

КОКП Орталық комитеті мен КСРО Министрлер Советінің жеке КОКП Орталық комитетінің саяси бюросының орыс тілінің мәні және оның қоғамдағы рөлін арттыру жөніндегі қаулылары бірінен соң бірі шығып жатты. Жоғары оқу орындарындағы ұлттық мектепке орыс тілінен беретін оқытушыларды дайындайтын бөлімдерде оқитын студенттердің стипендиясы, ұлттық мектептерде орыс тілінен сабақ беретін мұғалімдердің айлығы көбейтілді. Міне, негізгі саясат осындай болған соң және ол іс жүзінде орындалып жатқан соң қазақ тілінің салы суға кетіп, халі мүшкіл болып, ұнжырғасы түсті. От басы, ошақ қасында ғана қолданылатын дәрежеге дейін құлдырай төмендеп кетті, шыңырауға қарай зымырап бара жатты.

...Республикамыздң 1989 жылғы қыркүйек айының 22-де қабылдаған Тіл туралы заңы, шынында, халқымыздың үлкен қуанышы, зор жеңісі. Көптеген жылдар бойы көкейкесті арманы, ой-пікірі тұсауланып келген әлеумет енді ғана айналасын емін-еркін шолуға, көзқарасын ашық білдіруге еркіндік алды.

...Қазақ ССР-нің Тіл туралы заңының Қазақ университетінде жүзеге асуы қазіргі таңда қанағаттанарлық деңгейде емес. Сондықтан, осы шараларды іске асыруға бас-көз болатын Қазақ Университетінде республикалық «Қазақ тілі» қоғамының бірлестігі құрылған жөн деп санаймыз. Бірлестік қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретінде университет көлемінде кеңінен қолданылуы үшін төмендегі мәселелерді орындаудың қажет екендігінде баса назар аударып, алға мақсат етіп қояды:

- Университетте өткізілетін партия, кәсіподақ, комсомол жиналыстарын, ғылыми кеңес мәжілістерін және мерекелік шаралар мен әртүрлі сипаттағы мәдени кештерді қазақ тілінде жүргізуді қолға алу;

- Университет көлемінде іс қағаздарын қазақ тілінде жүргізуді қолға алу және мерекелік шаралар мен әртүрлі сипаттағы мәдени кештерді қазақ тілінде жүргізуді қолға алу;

- Қазақ ССР-нің Тіл туралы заңының жүзеге асуын университет және факультет Ғылыми кеңес мәжілістерінде қарап отыру;

- Мемлекеттік тілді және кез келген ұлт тілін кемсітуге жол берген адамдарға шара қолдану;

- Маңдайшалар мен хабарландырулар т.б. жазуды қолға алу және қадағалау;

- Барлық факультеттердегі деканат, кафедраларды және басқа бөлімшелерді қазақ тіліндегі машинкалармен қамтамасыз ету.

Қадірлі халайық! Құрылайын деп отырған Қазақ тілі қоғамы бірлестігінің мүшелеріне зор табыс, қайрат-жігер тілеймін.

Лениншіл Рүстемов, профессор

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға