Жаңалықтар

Орыс тілі қазақ тілімен тең қолданылады

Осылай бір жарым ғасырдай теперіш көрген, мемлекеттік деңгейдегі қолданыстан қаға беріс қалған қазақ тілі үшін күресті қайта құру кезінде нағыз ұлтшыл азаматтарымыз алғы шепте ең бірінші мәселе етіп шығарды.
01.03.2014 10:49 6738

Осылай бір жарым ғасырдай теперіш көрген, мемлекеттік деңгейдегі қолданыстан қаға беріс қалған қазақ тілі үшін күресті қайта құру кезінде нағыз ұлтшыл азаматтарымыз алғы шепте ең бірінші мәселе етіп шығарды. Өйткені азаттық үшін күрес ең бірінші қазақтың табиғи құқығы - өз тілі үшін күрес еді. Сөйтіп 1989 жылдың 22 қыркүйегінде өткен он бірінші сайланған Қазақ ССР Жоғарғы Советінің кезектен тыс он төртінші сессиясында «Қазақ ССР-інің тіл туралы» Заң қабылданып, қазақ тілі аса зор қиыншылықпен мемлекеттік мәртебеге ие болды. Бірақ бұл Заңнан бізге қалғаны тіліміздің мемлекеттік мәртебесі мен «Тіл – ұлттың аса ұлы игілігі әрі оның өзіне тән ажырағысыз белгісі. Ұлттық мәдениеттің гүлденуі мен адамдардың тарихи қалыптасқан тұрақты қауымдастығы ретінде ұлттың өзінің болашағы тілдің дамуына, оның қоғамдық қызметінің кеңеюіне тығыз байланысты» деген жолдар ғана.

Дегенмен ол жылдар қоғамымыз үшін аса бір сындарлы кезең еді. 1989 жылы республикада барлық халық 16 469 464 болса, оның 6 534 616-сы қазақ, 6 227 549-сы орыстар тұрғын. Осындай жағдайда ана тіліміздің мемлекеттік мәртебе алуы, шын мәнісіндегі, аса зор мәні бар оқиға болғанына дау жоқ. Бұл қоғамда азаттық рухы айрықша көтерілген кезең мен туған тіліміз тәуелсіздігіміздің туы да, тұғыры да деген  айқын түсініктің нәтижесі болатын. 

Алайда қайта құрудан басталған  ұлттық қайта түлеуге бетбұрыс егемендікке жету мен тәуелсіздікті алу идеяларынан ары аса алмады. Сан ғасыр арман болып келген саяси азаттық дәстүрлі ұлттық рухани бұлақтан суарылмады. Сол кезде ту етілген асқақ ұлттық идея жаңа жағдайдағы мұраттарымызды шешуге бағытталмады, кеңестік социалистік интернационализммен уланған сана тәуелсіздік идеясымен жаңғыртылмады. Мұның үстіне жаһандану заманында таңдамай, талғамай батысқа табыну қоғамның белгілі бөлігінде бұрыннан қалыптасқан ұлтсыздық сананың жаңадан белең алуына жол ашты.

Онсыз да тегеурінді, ондаған жыл жеке билеп келген орыс тіліне 

1993 жылғы Конституцияда берілген ұлтаралық қатынас тілі мәртебесі аздай,  1995 жылы қабылданған Ата Заңның 7-бабының бірінші тармағында қазақ тілінің мемлекеттік мәртебесі конституциялық шешім жасалуымен бірге осы баптың екінші тармағындағы «Мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады» деген құқықтық норма осыдан алты жыл бұрын мемлекеттік мәртебеге ие болған қазақ тілінің жағдайын қайтадан күрт төмендетіп, орыс  тілінің үстемдігін күшейте түсуге құқықтық негіз болды. 

Әбдіжәлел Бәкір: «Тіл тағдыры», 2013 ж.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға