Жаңалықтар

Әлемге ғашық суретші мен реалист жазушының үндестігі туралы үзік сыр

Бұл мақалада бір ғана суретімен Парижді таңқалдырған Анара Абжанованың жазушы шығармаларына арқау болар бай әлеміне саяхат жасалған.
22.01.2015 09:35 14839

Әлемге ғашық суретші мен реалист жазушының үндестігі туралы үзік сыр

Әлемге ғашық суретші мен реалист жазушының үндестігі туралы үзік сыр

Бұл мақалада бір ғана суретімен Парижді таңқалдырған Анара Абжанованың жазушы шығармаларына арқау болар бай әлеміне саяхат жасалған.

Егер жазушы қаламынан шыққан көркем шығарма көптің көңілінен шығып, ұзақ жылдарға адамзаттың рухани азығына айналып жатса, соның желісі бойынша талай фильмдер түсіріліп, көркем суреттер салынуы жиі кездесетін құбылыс. Бірақ кейде көркем сурет те жазушыны жаңа ойларға жетелеп, жаңа шығарманың туындауына себеп болады. Бұндай сирек жағдайлардың бірі – қазақ әдебиетінің классигі Мұхтар Әуезовтың «Көксерек» әңгімесі. Ол жайында жазушының жұбайы Валентина Әуезова былай деп еске алады: «Бірде мен қабырға күнтізбесін (1929 жылдың) сатып алдым. Сол күнтізбе Мұхтардың жазу үстелінің тұсында ілулі тұратын еді. Сонда белгілі суретшінің салған суреті бар болатын - қысқы түн, қар жамылған меңіреу дала, сонау алыста көз ұшында қар басқан кішкентай деревняның оттары көрінеді. Ең алдыңғы қатарда түнде жортқан қасқыр тұр. Міне, сол сурет Мұхтар Әуезовтің сонау жас бала кезінде кәнігі аңшылардан естіген әңгімелерін есіне түсірген болу керек, енді міне, күн сайын көз алдынан осы суреттегі көрініс кетпеген Мұхтар өзінің «Көксерек» әңгімесін жазған болатын».

Әлемге ғашық суретші мен реалист жазушының үндестігі туралы үзік сыр

Алматылық ару Анара Абжанова жас та болса, суретшілер арасында кең танымал тұлға. Оның «Қысқы серуен» деп аталатын шығармасы Парижде өткен өнер биенналесінде алтын медальға лайық деп табылды. Еуропадан бас жүлдемен оралған Анараны өз елінде тағы бір жүлде күтіп тұрды. Сөйтіп, 2014 жылдың 30 желтоқсанында Анара Абжанова бейнелеу өнері номинациясы бойынша Қазақстан Республикасы Үкіметі тарапынан тағайындалатын «Дарын» мемлекеттік сыйлығына ие болды.

«Пейзаж – жаныңның жай күйі» дейді әйгілі суретші-сюрреалист Сальвадор Дали. Табиғат тілін жеткізу үшін асқан шеберлік пен дарыннан бөлек, ішкі жан дүниенің тазалығы, рухани кемелдігі қажет. Сонда көркем туынды күнәсіз сәбидей, ал суретші жүрегін мақтаныш сезімі кернеген анадай  дүниеге аяқ басады.

Анара Абжанованың пейзаждарынан қарап тұрып, қазақ әдебиетінің заңғар жазушылары Мұхтар Әуезов, Ғабит Мүсірепов, Әбіш Кекілбаев және т.б.-дың шығармалары бірінен соң бірі еріксіз ойға түседі.

 Әлемге ғашық суретші мен реалист жазушының үндестігі туралы үзік сыр

«...   Айнала  таулар   асқақтай түсті. Таулардың өркештеріне өлшеп  қиып кигізгендеи көгілдір аспан төңкерулі тұр. Тасасында бір нүкте жоқ, көкпеңбек, мөп-мөлдір. Егер молдалардың құдай тағала көкте дегені рас болса, мынандай мөлдір аспаннан  ол көрінбей қоймас еді. Аспан тасасында бір қарайған көрінбей үңірейіп тұрғаны адамды  қорқытқандай. Теріскейдегі Қаратаудың Күйік асуы тұсынан мұнартып баланың жаңа шығып келе жатқан тісіндей боп, Үлкен  Бурылдың қос өркеші көрінді. Тескентау, Маймақ тұсынан Қапшағай қиялай Күркіреусу ақ лентадай ирелеңдеп,   Манастың койнына   кіріп,   зым-зия   болды.

(Шерхан Мұртаза «Мылтықсыз майдан», «Жазушы» баспасы, Алматы, 1977 жыл, 226-бет; Жорабай Молдақұловтың «Шерхан – табиғат суреткері» мақаласынан алынды).

 Әлемге ғашық суретші мен реалист жазушының үндестігі туралы үзік сыр

Әлемге ғашық суретші мен реалист жазушының үндестігі туралы үзік сыр

Шерхан Мұртаза «Қызыл жебе» романындағы Тұрар Рысқұловтың жүрген жерін, әсем табиғатты өте бір шеберлікпен суреттейді. «Мықан бойы шүйгін шөп.   Аққұлақ  пен  гүлқайырдың арасына адам кірсе көрінбес.  Сиырқұйрық сары гүлден шәлі жамылып үлбіреп тұр. Шеңгел екеш  шеңгелге дейін күлгін-қызыл шешек  атқан. Табиғат шіркін тамылжып,  тікенегіне дейін ажарланып қалыпты.

Бидайық балақтап, бас тартқан, пісіп тұр. Енді шалғы тимесе бой жеткен қыздың отырып қалғанындай-ақ. Жабайы жоңышқа, мен шырмауыққа шытыр араласып, киіздей  тұтылып    қалған. Шәйқурайдың басына қонып алған сары торғай аспанға қарап сарнап отыр. Тәңірге жер бетінен ақпар беріп, шаттығын айтып, тауыса алмай аптығып жатқан сияқты».

(«Қызыл жебе» П том, 248-бет; Жорабай Молдақұловтың «Шерхан – табиғат суреткері» мақаласынан алынды).

 Әлемге ғашық суретші мен реалист жазушының үндестігі туралы үзік сыр

«Қызыл ала жасыл түрлі далалар, көк орайлар солып, бурыл тартқан. Көк жасыл ормандардың жапырақтары шалғырт тартқан, селдірей де бастаған. Ормандар да, дала да, жан-жануарлар да - бәрі қазір солғын тартып, күзгі салымғы күнге жай ғана шуақтап тұрған тәрізді. Жазғытұрымғы жасыл орман мен көк жібек далалардың тұрмысы шаттықпен екпіндетіп, құтыртып салған, жан қыздырған көркем күй тәрізді болса, қазіргі, күзге салымғы сол орман мен далалардың тұрмысы, жай ыңырсытып, ырғалтып салған ән тәрізді. Алыстан созылған сарын тәрізді. Жазғытұрымғы тұрмыс екпіндетіп жан қоздырып қосылып салынған көп кернейдің күйіндей болса, қазіргі, күзге салымғы тұрмыс, көркем скрипканың, яки нәзік қылды қобыздың сызылған сарынындай. . .»

(«Бандыны қуған Хамит» Сәкен Сейфуллин).

 Әлемге ғашық суретші мен реалист жазушының үндестігі туралы үзік сыр

«Алтай. Егер сіз осынау таңғажайып өлкеге — табиғаттың арда төлі атақты Алтайға бармасаңыз, барсаңыз да, оның: Күншығыстың бар асылын, бар байлығын, бар сұлулығын өн бойына дарыта жинақтаған асқар-асқар тауларын, асу-асу белдерін, ат омыраулап жарып жүре алмайтын жасыл шалғын кең жайлауын, кермарал кербез елігін, мамырлай жүзген аққу-қаздарын, татсақ таңдайда қалар балы мен ақ балтыр ару қайың, қайсар қарағайын — ие, ие, осылардың қадір-қасиетін түсініп, сезіміңізді селк еткізе алмасаңыз, әсіресе, айналайын адамдарының құдіретті қолынан туындаған сұрапыл жанартаулар мен жаңғыртуларды зерделей алмасаңыз, онда тыңдаңыз.»

(«Табиғат-Өмір-Адам» Оралхан Бөкей)

 Әлемге ғашық суретші мен реалист жазушының үндестігі туралы үзік сыр

Егер жазушы табиғаттың әсем көріністерін маржандай жұмыр сөздерге тізіп, қарапайым тілмен жеткізер болса, суретші алуан түрлі түстерді ойнатып, ақиқат әлеміне өзіндік реңк қосып береді. Пейзаж жанрын таңдаған Анара Абжанованың туындылары айналасын әсемдік пен үндестік кеңістігіне жетелейді, ал оны шығармашылыққа қанаттандыратын негізгі музасы Табиғат ана.

Анара Абжанованың суреттерін әрі ол туралы толығырақ мағлұматты мына жерден қараңыз.

Материалды әзірлеген - Қаламқас НҰРМАҚОВА

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға