Жаңалықтар

Елордада әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары Съезі аясында жоба өтеді

Іс-шараларда дәстүрлі бағыттағы өнер иелері, этно-фольклорлық ұжымдар және басқа да танымал қазіргі заманғы этникалық әртістер өз өнерлерін ортаға салады
Елордада әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары Съезі аясында жоба өтеді
Фото: gov.kz 12.09.2022 10:52 981

Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары Съезінің VII отырысы аясында заманауи этникалық музыка жанрындағы ауқымды жоба ұйымдастырылады, деп хабарлайды El.kz порталы елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Фестиваль мақсаты – туристерді, съезге қатысушыларды Ұлы даланың мұрагері – қазақ халқының бай мәдениетімен таныстыру.

 Іс-шараларда дәстүрлі бағыттағы өнер иелері, этно-фольклорлық ұжымдар және басқа да танымал қазіргі заманғы этникалық әртістер өз өнерлерін ортаға салады.

Фестиваль «Бәйтерек» монументінің жанында орын тепкен Этноауыл аумағында өтеді. Аумақ бойынша сегіз қанатты киіз үйлер, алтыбақандар орнатылып, шеберлердің жұмыстарын көрсететін «Шеберлер ауылы», шағын сәулет нысандары және тағы да басқа алаңдар ұйымдастырылады.

Этноауыл бірнеше шартты сектор-орындарға бөлінеді:

1. Дәстүрлі қолөнер түрлері . Төрт киіз үйде Қазақстан қолөнер шеберлерінің көрме-жәрмеңкесі өтеді. Сондай-ақ, бұл секторда ұлттық стилистикадағы заманауи атрибуттардың жәрмеңкелері (жейделер, бас киімдер) ұсынылады .

2. Археология, тарих, этнография . 3 киіз үйде музыкалық аспаптар (Ықылас Дүкенұлы атындағы халық музыкалық аспаптар музейінен), зергерлік өнер, кілем және кесте бұйымдары қойылған.

3. Аңшы үйі . Аңшының киіз үйінде халық кәсібі түрлері ұсынылады. Қыран құстар мен аңшылық иттері бар аңшы үйретілген жануарларды қалай ұстау керектігі мен ептілігін көрсетеді және қалаған адамдармен суретке түседі.

4. Фестиваль сахнасы . Ұлттық нақышта безендірілген сахна этноауылдың ортасында, киіз үйлердің арасында орнатылады. Сахна кәсіби концерттік жарық, дыбыс және бейне құрылғылармен жабдықталатын болады.

«Ұлы Дала сазы» этнофестивалі 12-16 қыркүйек аралығында, яғни 5 күн бойы өтеді.

Этноауыл сағат 10:00-ден 19:00-ге дейін жұмыс істеп, келушілер көшпенді халықтың мәдениетімен, тұрмысымен танысады, сондай-ақ шеберлік кластарына қатысып, аңшы үйінде, ондағы бүркіт пен тазы итпен суретке түсіп, ұлттық ойын түрлері – алтыбақан, асық ату және тағы да басқа ойындар ойнай алады. Осы уақыттарда ауыл ұлттық әуезді фондық музыкамен сүйемелденеді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға