Жаңалықтар

Ермек ТӨРЕНИЯЗОВ: "Өзімді әлі кәсіби спорт комментаторы деп есептемеймін!"

Қазақ спорт комментаторларына "Журналистер күні" (Байланыс және ақпарат қызметкерлері күні) қарсаңында алты сұрақ жолдап отырмыз.
27.06.2014 05:48 5034

Қазақ спорт комментаторларына "Журналистер күні" (Байланыс және ақпарат қызметкерлері күні) қарсаңында алты сұрақ жолдап отырмыз. Өйткені, қазір футболдан Әлем чемпионатының ең қызған шағы. Көрермен қазақ комментаторларының әр сөзін бағып, сынын да, құрметін де жеткізіп жатыр. Осыған байланысты бүгінгі қазақ комментаторларының аз-маз пікірлерін білуді жөн санадық. Алғашқы сұхбат "ҚазСпорт" арнасының журналисі, спорт комментатор Ермек Төрениязов.

Ермек ТӨРЕНИЯЗОВ: "Өзімді әлі кәсіби спорт комментаторы деп есептемеймін!"

Сұрақтар:

1. Қазір отандық спорт комментаторларына көңілі толмайтындар жетерлік. Айтылып жатқан сын шаш етектен, осыған не дер едіңіз?

2. Өзіңізді кәсіби спорт комментаторымын деп есептейсіз бе?

3. Футболдан алғаш Әлем чемпионатын жарыстың басы қасында жүріп жүргізу қаншалықты артықшылық, қаншалықты жетістік?

4. Бізге комментаторларды даярлайтын мектеп керек пе?

5. Ресей комментаторларынан кімді үлгі тұтасыз?

6. Салалық спорт түріне қарай бейімделуге қалай қарайсыз? Бізді құртатын осы «әмбебаптық» емес пе?

Жауаптар:

1. «Сын түзелмей, мін түзелмейді». Тура айтылған сын болса неге қабылдамасқа?! Одан неге қорытынды шығармасқа?! Бірақ, бүгінде «айтқыштар» да аз емес. Қанша көрермен болса сонша пікір бар. Барлығының бірдей көңілінен шыға беру мүмкін емес. Сын қай кезде де  айтылады және айтыла да бермек.

2. Кәсіби комментаторларда кемшілік болмау керек немесе тым аз болу қажет. Сонда ғана ол нағыз кәсіпқой саналады. Өкінішке қарай, эфир барысында қателесіп жатамын. Көп ақпарат жинап алып қорыта алмай қалатын кездер болады. Қысқасы, шикі тұстарым көп. Сондықтан, кәсібимін деп айтсам артық болар.

3. Бұл енді қазақ телевизиясы тарихында болып жатқан алғашқы жағдай. Негізі, қандай жарыс болмасын сол жерден жүргізген ыңғайлы. Сондағы ақпараттарға қанық боласың. Кадрға ілінбей қалған жағдайларды жанкүйерлерге жеткізе аласың. Артықшылығын айтып тауыса алмаспын!

4. Әрине қажет. Осы уақытқа дейінгі, бүгінгі комментаторлардың барлығы да арнайы мектептен өткен жоқ. Өз қызығушылығы мен қабілетінің арқасында жарыстарды жүргізіп жүрді. Тіпті, бізде спорт журналистикасы деген факультет демей-ақ қояйын, кафедра да жоқ. Комментаторлық жұмыстың ақсап тұрғаны сондықтан.

5. Василий Уткин, Георгий Черданцев, Сергей Курдюков, Константин Генич секілді орыс комментаторларының озық тұстарын аламын.

6. Ондай мүмкіндік болса ойланбастан келісер едім. Бізге жетіспейтіні де осы емес пе?! Бір спорттың бүге-шүгесіне дейін біліп, спортшылардың қыр-сырын толық білген комментатордан жоғарыда айтқан кәсібилікті күтуге болады. Өз басым қанымызға сіңген, жанымызға жақын жекпе-жек, белдесу спорт түрлерін таңдар едім.    

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға