Жаңалықтар

Екібастұздағы апатты жою жұмыстары қалай жүргізіліп жатыр

Қалпына келтіру жұмыстарына 138 адам және 35 техника жұмылдырылған
Екібастұздағы апатты жою жұмыстары қалай жүргізіліп жатыр
28.11.2022 17:41 948

Екібастұз қаласындағы жылу электр орталығында болған апатқа байланысты штаб құрылды. Бұл туралы El.kz ақпараттық агенттігі ИИДМ сілтеме жасап хабарлайды.

Қалпына келтіру жұмыстарына 138 адам және 35 техника жұмылдырылған. Бұған дейін хабарланғандай 15 зақымданудың 14-і жойылып, қазіргі уақытта жұмыстар жалғасуда.

28 қарашадағы сағат 15.30-дағы жағдай бойынша қазандықтағы жылу беру температурасы 84ºС (норма – 87ºС), кері қайтару – 54ºС (норма – 56ºС), пәтерлердегі температура 18-20ºС құрайды. 6 қазандық агрегат (№ 6,8,9,12,14,15) жұмыс істеп тұр, резервте 4 қазандық агрегат (№ 5,7,11,13) бар. Электр энергиясын тұтыну 51 МВт құрады.

Емдеу мекемелеріндегі температуралық режим күні бойы қалыпты және 20-25ºС шегінде сақталып отыр. Бұл санитарлық нормаларға сәйкес келеді.

18 көпқабатты тұрғын үй және 3 әлеуметтік нысан жылумен қамтамасыз етілмей отыр. 52 учаскесінде (Мәшһүр Жүсіп көшесі бойынша 5 «а» шағын ауданы) 1 ақау бар.

Бұған дейін Екібастұзда жылу электр орталығындағы бірнеше қазанагрегат тоқтап, тұрғындар жылусыз қалғандығы туралы жазған болатынбыз.
 
Екібастұз ЖЭО апаттың себебіне қатысты түсініктеме берді. ҚР Энергетика вице-министрі Жандос Нұрмағанбетов Екібастұздағы құбырлардың тозығы жеткенін айтты. 
 
Бүгін қаласының жылу желілерінде болған апатқа байланысты жергілікті билік ТЖ режимін жариялады.
 
Екібастұзда орталық жылу берудің тоқтап қалуынан хабардар болған Президент қала тұрғындарының жағдайына алаңдаушылық білдіріп, Премьер-Министр Әлихан Смайловқа еліміздің қалаларындағы проблема жиі туындайтын энергетикалық активтерді мемлекет меншігіне қайтару мәселесін қарастыруды тапсырды.
 
Жылудың болмауына байланысты Екібастұздың 123 тұрғыны эвакуацияланды
 
 
Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға