Жаңалықтар

Екібастұз қаласының тұрғындары жылусыз қалды

Екібастұзда ауа температурасы 31 градусқа дейін төмендеді
Екібастұз қаласының тұрғындары жылусыз қалды
Фото: ЭТЭ 27.11.2022 12:40 1580

Екібастұзда жылу электр орталығындағы бірнеше қазанагрегат тоқтап, тұрғындар жылусыз қалды, деп хабарлайды El.kz Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.

Компания хабарына қарағанда, 27 қарашада сағат 01:20-да №11 қазанагрегат тоқтап қалған. Сағат 01:30-да желілік судың көп шығындалуына байланысты №13, 14, 15 қазандық агрегаттары жұмыс істемей қалды.

«Қазіргі уақытта №8 және №14 қазанагрегаттары іске қосылып жатыр. Жөндеу бригадалары ұйымдастырылды. Жақын арада параметрлері қалпына келтіріледі. Қала, облыс, «ПАВЛОДАРЭНЕРГО» АҚ жағдайды тұрақтандыру үшін барлық қажетті қолдау көрсетіп жатыр», - делінген хабарламада.

Коммуналдық қызмет жағдайды ушықтырмау үшін қала тұрғындарынан желілік суды ағызбауды сұрады. «Құбырлар толығымен салқындап, үй жалпы жылу жүйесінен ажыратылған жағдайда ғана жүйеден желілік суды ағызу қажет», - деп түсіндірді «Екібастұзжылуэнерго» өкілдері.

Залал туралы ақпаратты +7 701 705 49 57 нөміріне диспетчерлік What’sApp қызметіне дереу жіберу қажет.

«Қазіргі таңда тұрғындардың жылумен қамту жағдайын тұрақтандырудағы басты көмегі - жылу желілерінің зақымдануы туралы ақпарат. Іске қосылғаннан кейін тұрғындарға жылу құбырларын тарту және ақауларды жою бойынша көмек қажет болады», - деп түйіндеді коммуналдық қызмет өкілдері.

Айта кетейік, Gismeteo мәліметінше, бүгін Екібастұзда ауа температурасы 31 градусқа дейін төмендейді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға