Бөпежанова Әлия
Әлия Бөпежанова – белгілі сыншы, мәдени сарапшы.
1952 жылы 4 желтоқсанда Жамбыл обылысы Сарысу ауданының Саудакентінде дүниеге келді. Қазақ мемлекеттік Қыздар педагогика институтының филология факультетін бітірген. Еңбек жолын Сарысудағы Жайлаукөл ауылының орта мектебінде мұғалім болып бастады.
1976-1979 жылдар аралығында Қазақ Мемлекеттік университетінің аспирантурасында сырттай оқып, республикалық «Қайнар», «Жалын» баспаларында редакторлық қызмет атқарды.
1980-2001 жылдар аралығында республикалық «Қазақ әдебиеті» газетінде тілші, аға тілші, бөлім меңгерушісі қызметтерінде үздіксіз еңбек етті. 1993-1998 жылдар аралығында газеттегі қызметімен қоса, М.Әуезов атындағы Қазақ академиялық драма театры әдебиет бөлімінің меңгерушісі болды.
2001-2003 жылдар аралығында республикалық «Алтын орда» апталығының Алматыдағы тілшілік бөлімінің жетекшісі, 2003 жылдан бері «Хабар» агенттігінде сарапшы редактор болып қызмет атқарады.
Әлия Бөпежанованың алғашқы рецензия, сын мақалалары «Жұлдыз» журналында, «Қазақ әдебиеті» газетінде, «Жастар жастар туралы», «Сөзстан», «Уақыт және қаламгер» жинақтарында жарияланды.
«Өрнектер» (1991 жыл) әдеби сын, «Дүние – имани құбылыс» (2001 жыл) әдеби сын, өнер, мәдениеттанушылық жинақтарының, сондай-ақ ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты А.Сүлейменов шығармашылығы бойынша «Парасат падишасы» (1998 жыл), «Болмыспен бетпе-бет» (2001 жыл) кітаптарының, «Кек» (2001 жыл) драмалық жобаларының авторы. «Жібек жолы» баспасынан «Өнер – жеке тәжірибе» және «Мәдениет – жасампаз сана» жинақтары басылып шыққан.
Әлия Бөпежанова қай салада болсын – әдебиет, театр, кино туралы жазса да ерекше тереңнен, философиядағы, әдебиеттегі терең білімділігімен көзге түсетін кәсіби сыншылардың бірі.
Әлия Бөпежанова көркем аударма саласында да жемісті еңбек етіп келеді. А.Кимнің, сондай-ақ Азия жазушыларының әңгімелерін (1979 және 1984 жылдар), И.Ракшаның «Қайран, дүние» повестер жинағын (1985 жыл), А.Лауринчюскастың «Соңғы аманат» драмасын (1987 жыл), Р.Солнцевтің «Мұнар да мұнар, мұнар күн» драмасын (1989 жыл), Е.Замятиннің «Еділ патша» («Атилла») трагедиясын (1996 жыл), В.Смеховтың «Әли-баба және қырық қарақшы» мюзклін («Мың бір түн» желісімен) (1998 жыл) және әдеби-сыни, мәдени-философиялық көптеген мақалаларды орыс тілінен қазақшаға аударды.
Әлия Бөпежанова Қазақстан Республикасының Құрмет Грамотасымен марапатталған, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2002 жыл), Қазақстан Журналистер Академиясының академигі.