ХХ ғасырдың басы. Түркістан Автономиялық республикасының құрылуы
ХХ ғасырдың басында Шымкентте 3 май айырғыш, 5 тері зауыты, 15 кішігірім кірпіш зауыты, 26 диірмен болған. 1885 жылы салынған дермене зауыты ірі өнеркәсіп орны болған (қазір «Химфарм» Ашық акционерлік қоры), олардан басқа 4 мақта тазалайтын өндіріс, 15 ұстахана, 15 сабын қайнататын өндіріс болған. 1915 жылы Жетісу теміржолының Арыс-Шымкент учаскесі пайдалануға берілген. 1914 жылғы қыркүйекте сенаттың бұйрығымен Шымкентке Черняев аты берілген. Тек 1921 жылы ғана қалаға бұрынғы тарихи атауы қайтарылған.
Ресей қазақ даласын отарлай отырып, Ресейдің орталық губерниялары мен Украинадан шаруаларды жаппай көшіру науқанын жүргізді. Облысқа келімсектерді орналастыру ХІХ ғағысрдың 70 жылдарында басталды. Мыңдаған қоныс аударушы шаруалар отбасыларымен және жадау-жүдеу дүние-мүлкімен патшалық Ресейдің шет аймағы – Қазақстан мен Орта Азияға ағыла бастады. 1906 жылғы мәліметтер бойынша Шымкент уезінде 1887-1899 жылдары құрылған, халқы 8062 адамды. 18 шаруа қоныстары болған, олардың ішіндегі ең ірілері Ванновка, Вознесеновка, Высокое, Антоновка (қазіргі Түлкібас ауданының аумағында) және Белые воды (Сайрам ауданында) болды.
Қоныстанушылар мен қазынаның пайдасына қазақтардың ата қоныстары мен егіндік, мал жайылымдарын тартып алу, көптеген әкімшілік шаралары жергілікті халықтың наразылығын туғызды. Бұл наразылық ақырында 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліске ұласты.
1917 жылғы Ақпан революциясының жеңісі Ресей империясының күйреуін аяқтады. 30 наурызда Түркістандағы Уақытша үкіметтің комиссары қызметіне Мұстафа Шоқай тағайындалды. Шымкентте солдат депутаттарының, ал мамыр айында жұмысшы депутаттарының кеңесі құрылды, оның төрағасы болып большевик Н. Морозов тағайындалды.
Түркістан өлкесі кеңестерінің V Төтенше съезінде (сәуір-мамыр 1918 жыл) РСФСР құрамында Түркістан Автономиялық республикасы құрылды.
1924 жылы Орта Азия мен Қазақстан аумақтарын ұлттық межелеу жұмыстары жүргізілді. Шымкент, Әулиеата, Түркістан, Ташқазақ, Қазалы, Ақмешіт уездерінен тұратын Сырдария губерниясы құрылды. Губерния халқының саны 742 мың адам (90,5%-ы жергілікті ұлт) болды.
БК(б)П XIV съезі (1925 жыл) индустрияландыруға бағыт алды. Индустрияландырудың ең ірі құрылыстарының бірі ұзындығы 1445 км. Түркістан-Сібір (Түрксіб) теміржолының құрылысы болды (1927 жыл). құрылыс бүкілхалықтық сипат алды. Құрылысқа жәрдемдесу комитетін Тұрар Рысқұлов басқарды. Жол құрылысы 1930 жылдың сәуірінде аяқталды. 1931 жылы аса ірі кәсіпорын – Шымкент қорғасын зауытының құрылысы басталды. Ащысай, Хантағы кеніштерінің, байыту фабрикаларының, Шымкент ЖЭО, Ленгер көмір шахталарының, теміржол желілерінің, жұмысшы поселкелерінің құрылыстары басталды.
Дереккөзі: Жаңарған, жасарған Оңтүстік. Алматы, 2012 ж.