13-тамыз
Халықаралық солақайлар күні. 1984 жылы Халықаралық солақайлар конфедерациясының бастамасымен атап өтіледі. Әлем тұрғындарының 10 пайызға жуығы - солақай. Солақайлардың қатарында Юлий Цезарь, Жанна д׳Арк, Наполеон, Уинстон Черчилль, Микеланджело, Рафаэль, ағылшын королевасы Елизавета, Бетховен, Мэрилин Монро, Грета Гарбо сынды танымал тұлғалар бар.
Тунисте әйелдер күні. Тунисте 1956 жылғы 13 тамызда әйелдер құқық субъектілері ретінде танылған Манифест қабылданды. Бұл күні әйелдердің тәуелсіздігі атап өтіледі.
1974 жылы Қазақ КСР-нің «Мемлекеттік нотариат туралы» Заңы қабылданды.
2003 жылы Семей қаласында аквапарк ашылды. Құны 295 миллион теңгеге бағаланған бұл нысан республикалық бюджеттің есебінен қаржыландырылған. Аквапарк іске қосылғаннан кейін «ШАМ» республикалық қазыналық кәсіпорнының балансына өтті. Жаңа аквапаркте субұрқақтар, пластиктен жасалған су ішіндегі қыраттар, сарқырамалы жартасы бар айдын, көпірше, жазғы кафе, секіру трамплині бар бассейн жұмыс істейді.
1999 жылы Қазақстан Республикасының «Сертификаттау туралы», «Стандарттау туралы», «Демпингке қарсы шаралар туралы» және «Қазақстан Республикасы Президентінің заң күші бар «Қазақстан Республикасындағы Мемлекеттік марапаттаулар туралы» Жарлығына өзгертулер мен толықтырлар енгізу туралы» Заңы жарияланды.
Еліміздегі ең алғашқы ақпараттық агенттік «ҚазАқпарат» агенттігінің құрылған күні.
Агенттік 1920 жылы 13 тамызда РОСТА-ның Орынбор-Торғай бөлімшесі негізінде құрылды. 1925 жылы - агенттік аты ҚазРОСТ болып өзгертілді. 1937 жылы - ҚазТАГ деген атпен Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің қарауына берілді. 1997 жылы қыркүйектің 10-ында Қазақстан Республикасы Президентінің №3629 Жарлығымен «Қазақ ақпарат агенттігі (ҚазААГ)» республикалық қазыналық кәсіпорны болып өзгертілді. 2002 жылы қарашаның 8-інде, Қазақстан Республикасы Үкіметінің №1186 қаулысына сәйкес ҚазААГ негізінде «Қазақ ақпарат агенттігі» Ұлттық компаниясы («ҚазАқпарат» ҰК) құрылды. 2008 жылы шілденің 3-інде Қазақстан Республикасы Үкіметінің №668 қаулысына сәйкес «Арна Медиа» Ұлттық ақпараттық холдингі» акционерлік қоғамының құрамына кірді. 2012 жылғы тамыздан - "Қазақстан" РТРК" АҚ құрамында.
ҚазАқпарат - АТААҰ (Азия және Тынық мұхит елдерінің ақпарат агенттіктері ұйымы), ТМД қатысушы-мемлекеттері ұлттық ақпараттық агенттіктері, ТААҰ (Түркі елдері ақпарат агенттіктері ұйымы) сияқты халықаралық қауымдастықтардың, ТҮРКІСОЙ мәдениет және өнерді бірлесе дамыту ұйымының мүшесі.
ҚазАқпарат - РАТА-ТАСС, «Жаңалықтар» РАА, Синьхуа, Кабар, БелТА, УкрИнформ, БТА (Болгария), Йонхал (Оңтүстік Корея), Азертадж (Әзірбайжан), "ЖАҢАЛЫҚТАР-МОЛДОВА" сияқты және басқа да көптеген ірі ақпарат агенттіктердің серіктесі.
Бүгінде агенттік ТМД аумағында жұмыс істейтін 527 жаңалықтар веб-сайты рейтингінде алдыңғы қатарларға шығып отыр.