10-тамыз
Абай поэзиясының күні. Абай өлең жазуды 10 жасында («Кім екен деп келіп ем түйе қуған...») бастаған. Одан басқа ертеректе жазылған өлеңдері — «Йузи-рәушән», екіншісі — «Физули, Шәмси». «Сап, сап, көңілім», «Шәріпке», «Абралыға», «Жақсылыққа», «Кең жайлау» өлеңдері 1870 — 80 жылдар аралығында жазылған. Ақындық қуатын танытқан үлкен шығармасы — «Қансонарда» 1882 ж. жазылған. Алайда жасы қырыққа келгеннен кейін ғана көркем әдебиетке шындап ықылас қойып, көзқарасы қалыптасып, сөз өнерінің халық санасына тигізер ықпалын түсінеді. Шығармалары үш жүйемен өрбиді: бірі — өз жанынан шығарған төл өлеңдері; екіншісі — ғақлия (немесе Абайдың қара сөздері) деп аталатын прозасы; үшіншісі — өзге тілдерден, әсіресе орысшадан аударған өлеңдері.
Абай өлеңдері түгел дерлік лирикадан құралады, поэма жанрына көп бой ұрмағаны байқалады. Қысқа өлеңдерінде табиғат бейнесін, адамдар портретін жасауға, ішкі-сыртқы қылық-қасиеттерін, мінез-бітімдерін айқын суреттермен көрсетуге өте шебер. Қай өлеңінен де қазақ жерінің, қазақтың ұлттық сипатының ерекшеліктері көрініп тұрады. Ислам діні тараған Шығыс елдерінің әдебиетімен жақсы танысу арқылы өзінің шеберлік — шалымын одан әрі шыңдайды. Шығыстың екі хикаясын «Масғұт» және «Ескендір» деген атпен өлеңге айналдырады. Ислам дініне өзінше сенген діни таным жайындағы философиялық көзқарастарын да өлеңмен жеткізеді. Абайдың дүниетанудағы көзқарасы XIX ғасырдың екінші жартысында Қазақ халқының экономикасы мен ой-пікірінің алға ұмтылу бағытта даму ықпалымен қалыптасты. Дүниетану жолында сары-орыстың төңкерісшіл демократтарының шығармаларын оқып, өз дәуірінің алдыңғы қатарлы ой-пікірін қорытып, басқаларға қазақ өміріндегі аса маңызды мәселелерді түсіндіруге қолданады.
Эквадор Республикасының Ұлттық мейрамы - Тәуелсіздігін жариялаған күні (1809). Эквадор - Оңтүстік Американың солтүстік батысында орналасқан мемлекет. Астанасы - Кито қаласы. Әкімшілік аумағы 21 провинцияға бөлінеді және оған провинция мәртебесі бар Галапагос аралы да кіреді. Ресми тілі - испан тілі. Ақша бірлігі жоқ, дегенмен 2000 жылдан бастап АҚШ доллары есептесу қаражаты ретінде қолданылады. Мемлекеттік құрылысы - Республика. Мемлекет басшысы - президент (президент - үкімет басшысы және қарулы күштердің бас қолбасшысы).
1949 жылы АҚШ Қорғаныс министрлігі құрылды.
2009 жылы Ақмола облысының Щучинск қаласында жаңа мешіт ашылды.
Ашылу салтанатына Қазақстан Мұсылмандары Діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Әбсаттар қажы Дербісәлі қатысты.
Мешітте ортақ бөлмеден басқа үш намазхана, және қосалқы бөлмелер бар.