2-тамыз
Канадада азаматтық мереке. Азаматтық мерекенің мағынасы «жұмыс істемеу» болып табылады. Канаданың тұрғындарына жаздың ортасында ұзақ мерзімді демалыс керектігі туралы ой ертеректе туған болатын. Торонто қаласының құжаттарында тағы да бір жаз күні керек деген жазу бар. Ал, 1871 жылы ағылшын Палатасы бүкіл Британ Империясына тамыз айының басын демалыс күні деп жариялады, оны ол кезде «банк демалысы» деп атаған. Сол кездегі белгілі ағылшын банкирі, саясаткері, биологы және археологы Джон Люббок мырза Торонто қаласының муниципалитетіне «Канадаға қосымша тамыз мерекесі артық болмайтынын ұсынды». Мүмкін, сол ұсыныстан кейін шығар Торонто қаласының муниципалитеті 1875 жылы тамыздың бірінші дүйсенбісін Азаматтық мереке деп бекітті. Қазіргі уақытта канадалықтар сол күні демалады, саяхат жасап, мерекені қызықты етіп атап өтеді.
Македония Республикасының Мемлекеттік мейрамы - Республика күні. Түркия қол астында болған Македонияның 104 жыл бұрынғы (1903) ұлт-азаттық көтерілісіне байланысты 1998 жылдан бастап атап өтіледі. Македония - Еуропаның оңтүстігінде, Балқан түбегінде орналасқан мемлекет. Әкімшілік жағынан 30 ауданға бөлінеді. Астанасы - Скопье қаласы. Ресми тілі - македон тілі. Ақша бірлігі - денар. Мемлекет басшысы - Президент. Жоғары заң шығарушы органы бір палаталы парламент. Атқарушы органы - Үкімет.
Қазақстан Республикасы мен Македония арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас 1994 жылғы маусымның 1-інде орнатылды.
Ресей Федерациясының Әуе-десант әскерлерінің күні. 1930 жылы Воронежге таяу жерде Мәскеу әскери округінің бөлімі, шартты түрде алынған жаудың ту сыртына алғаш рет парашютті десант түсірді.
1991 жылы Көкшетау облысында Абылай ханның туғанына 280 жыл толуына арналған той өтті. Абылай қаһарлы хан болуымен қатар, қазақ халқының рухани қасиетінен еркін сусындаған дарынды күйші ретінде де белгілі. Ол - «Ақтолқын», «Алабайрақ», «Бұланжігіт», «Дүние қалды», «Жетімторы», «Қайран елім», «Қара жорға», «Қоржынқақпай», «Майда жел», «Садаққаққан», «Сары бура», «Шаңдыжорық», т.б. күйлердің авторы. Абылай өмір жолын ат үстінде жорықтарда өткізіп, Арыс өзені жағасында қайтыс болды. Сүйегі Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің ішінде Қабырхана мен Ақсарай арасындағы дәлізде жерленген. Абылайдың артында 12 әйелінен 30 ұл, 40 қызы қалған. Қазақ халқының жадында Абылай қажырлы мемлекет қайраткері, батыл қолбасшы, дарынды дипломат ретінде сақталып келеді.
1933 жылы Ақ теңіз бен Онега көлін жалғастыратын Беломор-Балтық арнасының құрылысы салтанатты түрде ашылды. Жалпы ұзындығы 227 шақырым, оның 190 шақырымы өзен-көл арналары арқылы өтеді. Қалған 37 шақырымы қолмен қазылған. Арнада 19 шлюз, 15 бөгет, 49 дамба, 12 су ағытқыш, т.б. гидротехникалық құрылыстар бар. Ресейдің еуропалық бөлігінің солтүстігін су жолы қатынасымен қамтамасыз етіп, Санкт-Петербор мен Архангельск қалалары аралығын Скандинавия түбегін айналып жүретін су жолына қарағанда 4000 шақырымға қысқартты.
2009 жылы Алматы облысының Үшарал қаласында № 40398 әскери бөлiмнiң базасында жаңа спорт кешенi ашылды.
Спорт кешеннің жалпы ауданы - 1182 шаршы метр. Оның ішіне баскетбол, волейбол және футбол ойнауға болатын жабық спорт алаңы және заманауи жабдықтары бар тренажер залы, дәрігер қызметкерінің кабинеті кіреді.