27-шілде
Вьетнам тәуелсіздігі үшін құрбан болғандарды еске алу күні. Бұл күнге бүтін Вьетнам дайындалады. Жастар, еңбек адамдары, әскерлер жаппай әскери зираттарды абаттандыруға кіріседі. Батырлардың отбастарына сыйлықтар, соның ішінде ақшалай төлемақылар беріледі.
АҚШ-тың басқару ортасы америкалық қарулы күштерді елге кіргізу арқылы 1964-1965 жылдары Вьетнамда жүргізген әскери іс-қимылдар, Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі ауқымы бойынша ең ірі қарулы шиеленіс саналды. Бұл соғыс жүздеген мың вьетнамдық әкелер мен ұлдардың өмірін қиды, көптеген әскери адамды мүгедек етті.
2007 жылы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев агроөнеркәсіптік кешенді одан әрі дамытуға бағытталған «Агроөнеркәсіптік кешенді реттеу мәселелері жөнінде Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойды.
2007 жылы Алматыда «Өмір аллеясы» салтанатты түрде ашылды.
Аллеяда өмірді бейнелейтін, тұмсығымен баланы алып ұшып бара жатқан құтанның мүсіні тұрғызылған. Бұл бейнелеу өмірде үлкен ауыртпалық көріп, тағдырдың тәлкегіне түскен жандарға арналған.
Ұйымдастырушылары - «ЛП-13 Қазақстан» қоғамдық бірлестігінің бастамасымен Алматы қалалық және Алмалы ауданы әкімдіктері.
1948 жылы «Астана-Опера» Мемлекеттік опера және балет театрының директоры композитор, өнертану профессоры, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Төлеген Мұхамеджанов дүниеге келді. Ол Шығыс Қазақстан облысында туған. Семей педагогикалық институтын, Алматы консерваториясын (қазіргі Қазақ ұлттық консерваториясы), П.Чайковский атындағы Мәскеу консерваториясын бітірген. 1982-1986 жылдары - Алматы консерваториясының оқытушысы. 1987-1988 жылдары - Қазақ академиялық опера және балет театрының директоры. 1990-1992 жылдары - «Азия дауысы» халықаралық байқауының бас директоры. 1992-1996 жылдары - «Мәдениет арқылы бейбітшілік» халықаралық қауымдастығы Қазақстан бөлімшесінің төрағасы. 1996-1998 жылдары - «Рухани келісім конгресі» халықаралық қоғамдық қорының президенті. 1998-2004 жылдары Астана қаласы әкімінің орынбасары. 2004-2007 жылдары Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі болған. 2007-2012 жылдары Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты, Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі. Қазіргі қызметінде 2012 жылғы қазаннан бері.
Композитордың хорға арналған күй мен симфониялық оркестрге арналған «Күй толғау», 2 ішекті аспаптар квартеті, «Махамбет» симфониялық поэмасы, «Алдар Көсе» операсы мен «Ғажайыптар елі» зонг-операсы, 2 симфониясы, аспаптық пьесалар, кинофильм («Полигон») мен спектакльдерге арналған музыкалары және көптеген әндері бар. Оның әндері Р.Бағланованың («Іңкәрім»), Р.Рымбаеваның («Заман-ай»), Н.Үсенбаеваның («Ақжелкен») және Г.Сиқымбаеваның («Мен деп ойла») репертуарларынан орын алған.«Парасат» орденімен, медальдармен, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен марапатталған.