26-шілде
Куба Республикасының Мемлекеттік мейрамы - Ұлттық төңкеріс күні. Куба - Оңтүстік және Солтүстік Америка құрлықтары аралығындағы Куба, Хувентуд және олардың жанындағы Үлкен Антил аралдар тобында орналасқан мемлекет. Астанасы - Гавана қаласы. Ақша бірлігі - Куба песосы. Ресми тілі - испан тілі. 1976 жылғы қабылданған конституция бойынша мемлекет билігі халықтық өкіметтің қолында. Ол өз депутаттары арасынан Мемлекеттік Кеңес сайлайды және Министрлер Кеңесінің мүшелерін бекітеді. Осы екі Кеңестің төрағасы мемлекет басшысы болып есептеледі.
Қазақстан Республикасы мен Куба Республикасы арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас 1992 жылғы наурыздың 24-інде орнатылды.
Либерия Республикасының Ұлттық мейрамы - Тәуелсіздік күні (1847). Либерия - Батыс Африкада орналасқан мемлекет. Әкімшілік жағынан 13 графтыққа бөлінеді. Астанасы - Монровия қаласы. Ресми тілі - ағылшын тілі. Ақша бірлігі - либерия доллары. Мемлекет басшысы - Президент. Жоғары заң шығарушы органы қос палаталы парламент - Сенат және Ұлттық ассамблея. Жоғары атқарушы органы - Үкімет.
Мальдив Республикасының Ұлттық мейрамы - Тәуелсіздік күні (1965). Мальдив - Оңтүстік Азиядағы осы аттас аралдарда орналасқан мемлекет. Астанасы - Мале қаласы. Ресми тілі - мальдив тілі. Ақша бірлігі - мальдив руфиясы. Конституциясы бойынша мемлекет басшысы - Президент. Жоғары заң шығарушы органы бір палаталы парламент - Меджлис.
Парашютші күні. 1930 жылдың 26 шілдесі күні Б.Мухортовтың жетекшілігімен кеңестік бір топ ұшқыш-парашютші Воронеждің аспанында ұшақтардан бірнеше рет секірулер сериясын ұйымдастырды. Бұл жағдай КСРО-да парашют спортының жаппай дамуына негіз салды.
Осы оқиғаның құрметіне жыл сайын 26 шілде күні парашют спортының кәсібилері мен кәсіпқойлары өздерінің төл мерекелерін атап өтеді. Дегенмен дата заң жүзінде ресми бекітілмеген.
1931 жылдың соңына қарай кеңестік парашютшылар жаттығулық және көрсетілімдік 600 секіру ұйымдастырды.
Кейін бұл спорт түріне әйелдер де қызығушылық таныта бастады. 1931 жылдың 14 шілдесінде КСРО-да алғаш рет парашютпен В.Кулешова секірді.
Алғашқы парашютті әзірлеп, құрастырған және оны сынақтан өткізген өздігінен білім алған-техник Глеб Котельников болды. 1911 жылдың 27 қазанында Котельников өзінің ноу-хауы «РК-1»-ді патенттеп, әскери министрлікке жүгінді. Бірақ ондағылар өнертабыстың маңыздылығын жіті түсінбей, Котельниковтың ұсынысынан бас тартты.
Бірақ өнер тапқыш Котельников парашюттердің қажеттілігі аса үлкен деп біліп, кейінгі жылдары «РК-2», «РК-3» парашюттерін ойлап шығарды.
Ақырында, 1929 жылы партия мен үкіметтің шешімімен парашюттер авиация мен әуеде ұшу саласы үшін міндетті болды.