14-шілде
Франция Республикасының Ұлттық мейрамы - Бастилияны басып алу күні. 1789 жылы париждіктер көтеріліске шығып, Бастилия түрме-қамалын басып алды. Бұл оқиға Ұлы француз революциясының бастамасы болып есептеледі. Бастилияны басып алу - адамзат тарихындағы ұлы оқиғалардың бірі, «Бастилия» сөзінің өзін саяси бостандықтың белгісіне айналдырған оқиға болды. Қазақстан Республикасы мен Франция Республикасы арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас 1992 жылғы қаңтардың 25-інде орнатылды.
Күнәдан тазару түні - Бараат түні (жұмадан сенбіге қараған түн). 2012 жылғы шілденің 14-інен 15-іне қараған түн - 1432 хижра жылының 14-15-ші шағбаны - мұсылман мерекесі.
1997 жылы Қазақстан Республикасы Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясы құрылды.
1997 жылы Қазақстан Республикасының «Нотариат туралы» Заңы қабылданды.
2005 жылы Алматыда Орталық Азиядағы адам құқығын қорғайтын Мұсылман комитетінің бас кеңсесі ашылды.
Комитет мүшелері болып заңгерлер, теологтар және діни қауым өкілдері тіркелді. Ұйымның мақсаты азаматтардың ұлтына, дініне және саяси тиістілігіне қарамастан құқығын қорғау болып табылады.
2009 жылы Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің археологтар экспедициясы Нұра өзенінің ортаңғы ағымының тұсынан сақ дәуірінің жәдігерлерін тапты.
Самарқанд және Тегісжол ауылдарының арасындағы Темірқаш шатқалында жүргізілген қазба жұмыстарының нәтижесінде темір қорамсақ, жебенің ұшы, жас сарбаз белбеуінің айылбасы сияқты заттар табылған. Археологтар бұл жәдігерлерге 2 мың жылдан асады деп пайымдады.
1867 жылы Рэдхилл карьерінде (Ұлыбритания, Сюррей графтығы) Алфред Нобель алғаш рет динамитті сынақтан өткізді.
1897 жылы Ресейде жексенбі ресми түрде демалыс күні болып жарияланды.
1917 жылы Финляндия өзінің дербестігін жария етті.
1951 жылы «Скудерия Феррари» итальяндық автожарыс командасы «Формула-1) кезеңінде алғашқы жеңісіне жетті.
1968 жылы КСРО мен АҚШ арасында коммерциялық әуебағыттар ашылды.
1976 жылы Канадада өлім жазасына тыйым салынды.
1953 жылы "ХХІ ғасыр" ақпараттық-зерттеу қызметінің директоры Мұрат Әбенов дүниеге келді.
Өскемен қаласында туған. Қазақ политехникалық институтын (қазіргі Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университеті) бітірген. Қазақстан Ғылым академиясының математика және механика институтында инженер болды. 1976-1982 жылдары - "Маңғыстаумұнай" ӨБ ақпараттық есептеу орталығында инженер, аға инженер. 1982-1984 жылдары - Маңғыстау облыстық партия комитетінің лекторы. 1986-1988 жылдары - Маңғыстау облыстық партия комитетінің бөлім меңгерушісі. 1991-1997 жылдары - ҚР Жоғарғы Кеңесінің, ҚР Парламентінің Ақпараттық-талдау орталығының директоры. 1997-2003 жылдары "Қазақ ақпараттық агенттігі" бас редакторы, бас редакторының бірініші орынбасары, бірінші вице-президенті. 2003-2004 жылдары - "Ақ жол" ҚДП БАҚ-пен байланыс және стратегия- PR тобы жетекшісі.