10-шілде
Багам аралдары Достастығының ұлттық мейрамы – Тәуелсіздік күні (1973). Багам – Атлант мұхитындағы Флорида түбегінің оңтүстік-шығыс жағалауынан Кубаның шығыс жағалауына дейінгі аумақта жатқан 700-ден астам аралды қамтитын мемлекет. Ең ірілері Андрос, Үлкен Абако, Үлкен Багам аралдары. Астанасы – Нассо қаласы. Мемлекеттік тілі – ағылшын тілі. Ақша бірлігі – багам доллары. Багам аралдарының билеушісі Ұлыбритания королевасы болып есептеледі де, елді оның өкілі генерал-губернатор басқарады. Үкімет басшысы – Премьер-Министр. Заң шығарушы органы Сенат пен Өкілдер палатасынан тұратын парламент.
1878 жылы Англияда футбол төрешісі алғаш рет ысқырықты пайдаланды. Футбол алаңында төреші тек 1873 жылы ғана пайда болды. Ол кезде төрешінің ойынға өз бетімен араласуына тыйым салынған болатын. Олардың міндетіне ойынның уақытын қадағалау, матч туралы жазу, ойыншыларды алаңнан шығару және тағайындау, сондай-ақ өзара келісе алмаған жағдайда командалар өкілдерінің дауларын шешу кірді. 1878 жылға дейін футбол төрешілерінде ысқырықтар болмады. Олар өз дауыстарына немесе қоңыраулардың көмегіне жүгінді. Сондай-ақ өздеріне назар аударту үшін түрлі белгілер беруге мәжбүр болды.
1878 жылдың 10 шілдесінде ойынға төрелік ету полицейге сеніп тапсырылды. Ол ойын барысында төбелес шыққан кезде көп ойланбастан ысқырықты пайдаланды. Үрейлері қашқан және оны күтпеген ойыншылар жағажыртысты бірден тоқтатты. Содан бастап төрешілер алаңға ысқырықпен шығатын болды.
1949 жылы «Астана су арнасы» мемлекеттік қазыналық кәсіпорны құрылды. Кәсіпорынның жылдық су тарату көлемі 30 миллион текше метрді құрайды. «Астана су арнасы» 600 шақырымға жуық су құбырына және 270 шақырым кәріз жүйесіне қызмет көрсетеді. Бүгінгі таңда Астана қаласында 37 кәріз стансасын, 250 шақырым кәріздік коллекторды және ауа жіберу стансысын біріктіретін орталықтандырылған субұрғыш жүйесі бар. Ауа жіберу стансысының жобалық қуаты тәулігіне 135,9 мың текше метрді құрайды.
2002 жылы Қазақстан Республикасының «Профилактика және темекі шегуді шектеу туралы» Заңы жарық көрді.
2002 жылы Қазақстан Республикасының «Ветеринария туралы» Заңы қабылданды.
1896 жылы Алаш қозғалысының қайраткері, ғалым, дәрігер педагог Әлжан Байғурин дүниеге келді.
Бұрынғы Торғай облысының Қостанай уезінде туған (қазіргі Қостанай облысы). Қостанайдағы орыс-қазақ училищесін және реалдық училищесін, Орта Азия мемлекеттік университетін, Ленинград медицина институтының аспирантурасын бітірген. Бүкілресейлік мұсылмандар кеңесінің («Ислам кеңесі») мүшелігіне сайланып, Торғай қазақтарының 2-ші облыстық және Қостанай қазақтарының уездік съездерін өткізуге белсене қатысқан. «Ақ жол» газетінің бөлім меңгерушісі, Қостанайда дәрігер болып, Қазақ АКСР-і Денсаулық сақтау халық комиссариатында және туберкулез диспансерінде қызмет атқарған. 1935-1937 жылдары Алматы медицина институты клиникасының дәрігері, кафедра меңгерушісі болған. 1937 жылы желтоқсанда тұтқындалып, саяси қуғын-сүргіннің жазықсыз құрбаны болды. 1956 жылы қарашаның 6-сында ақталды.