25-маусым
Мозамбик Республикасының Ұлттық мейрамы - Тәуелсіздік күні (1975). Мозамбик Африканың оңтүстік-шығысында орналасқан. Солтүстігінде Танзаниямен, батысында Малави, Замбия, Зимбабвемен, оңтүстігінде Свазиленд және Оңтүстік Африка Республикасымен, шығысында Үнді теңізімен шектесіп жатыр. Әкімшілік жағынан 11 провинцияға бөлінеді. Астанасы - Мапуту қаласы. Ресми тілі - португал тілі, сондай-ақ жергілікті халықтардың макуа, малави, тсонга, шона, суахили тілдері де кеңінен қолданылады. Ақша бірлігі - метикал. Мемлекет басшысы - Президент. Жоғары заң шығарушы органы бір палаталы парламент - Республика ассамблеясы. Жоғары атқарушы органы - Үкімет.
Словения Республикасының Ұлттық мейрамы - Словен мемлекеттілігінің күні (1991). Ел парламенті Скупщина Словения Республикасының тәуелсіздігі мен егемендігін жариялайтын Декларация қабылдады.
Украина кеден қызметінің күні. 1991 жылғы 25 маусымда Украинаның Жоғарғы Радасы Кеден ісі туралы Заңын қабылдаған күннен бастап жыл сайын атап өтіледі.
1991 жылы Қазақ КСР-нің «Қазақ КСР Министрлер Кабинеті туралы» Заңы қабылданды. Заңға сәйкес Министрлер Кабинетінің мәртебесі, құрылуы мен құрамы сондай-ақ негізгі міндеттері мен өкілеттілігі анықталды. 1995 жылы 30 тамызда жүргізілген референдумның нәтижесінде бұрынғы мемлекеттік құрылыстың кемшіліктерін жойған Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы қабылданып, Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітілді.
1893 жылы ақын Мағжан Жұмабаев дүниеге келді. Ол Солтүстік Қазақстан облысының Булаев ауданында туған. Әуелі ауыл молдасынан сабақ алады. Бұдан соң әкесі Бекен Мағжанды Қызылжардағы Бегішев медресесіне оқуға береді. Мұсылмадық орташа дәрежелі білім беретін бұл медресені бес жылдай оқып бітірген соң, 1910-1913 жылдары Уфа қаласында «Ғалия» медресесінде оқиды. Осында жүріп «Садақ» журналын шығарысып, өзінің өлеңдерін жариялайды. Абайдың өлеңдер жинағымен танысады, татар ақын-жазушыларымен достасады. Араб, парсы, түрік тілдерін оқып үйренуін жалғастырады. Орыс тілінен сабақ алады. Абай үлгісімен Шығыс пен Батыс поэзиясынан бірдей нәр алады. 1913-1917 жылдары Омбыдағы мұғалімдер даярлайтын семинарияда оқып, оны үздік бітіреді. Омбыда оқып жүрген кезінде сондағы жастармен тізе қосып, «Бірлік» әдеби үйірмесін құрысып, оның «Балапан» атты қолжазба әдеби журналын редакциялайды. 1917-1923 жылдары «Бостандық туы», «Ақжол» газеттерінде және «Шолпан» журналында істеп жүріп халық ағарту жұмысына белсене араласады. 1923-1926 жылдары Мәскеуде көркем әдебиет институтында оқиды. 1927-1929 жылдары Бурабайда, одан соң Петропавлда оқытушылық қызметтер атқарады. 1912 жылы Қазан шаһарында «Шолпан» атты өлеңдер жинағы жарық көреді. «Батыр Баян», «Оқжетпестің қиясында», «Қойлыбайдың қобызы», «Өтірік ертегі», «Шын ертегі» поэмаларында адам жанының, психологиялық әлемнің құпия сырларын, иірімдерін, даму диалектикасын асқан шеберлікпен кестелеп өрнектей білген. Кеңес жылдары екі өлеңдер жинағын жарияланған. Алғашқысы - 1922 жылы Қазанда, екіншісі Ташкентте басылып шыққан. Мектеп оқушыларына, мұғалімдерге арнап «Педагогика», «Бастауыш мектепте ана тілін оқыту жөні» еңбектерін жариялаған. 1929 жылы Жұмабаев «Алқа» атты жасырын ұйым құрғаны үшін деген айыптаулармен Мәскеудегі Бутырка түрмесіне қамалып, 10 жыл айдауға кесілген. 1936 жылы М. Горький мен Е. Пешкованың араласуымен бостандық алып, Қазақстанға оралып, Петропавл қаласындағы мектепте орыс тілі мен әдебиетінен сабақ берген. 1937 жылы наурызда Жұмабаев Алматыға келіп, аударма ісімен айналысқан. 1938 жылы қайтадан қамауға алынып, ату жазасына кесілген. Жұмабаевтың «Алыстағы бауырыма» өлеңін Мұстафа Шоқай «Яш Түркістан» журналында жариялай отырып, оны түрікшілдік күресі үшін ең пайдалы өлең деп бағалаған.