13-маусым
Қасиетті Раджаб айының басы (Мұсылман мейрамы).
Раджаб айы - үш қасиетті айлардың бірі (Раджаб, Шағбан, Рамазан). Алла Тағаланың өзінің құлдарына жасаған ең үлкен рақымшылығы болып табылады. Бұл айларда жақсы әрекет жасағандарға сауап тиеді және жасаған күнәларына шын көңілден өкінетін жандарды Алла Тағала кешіреді.
«Раджаб» сөзі үш әріптен тұратын (араб тілінде дауысты дыбыс жоқ): «Р» - «рахмат» (Алла Тағаланың қайырымдылығы), «дж» - «джурмулгабди» (Алла Тағала құлдарының күнәлары) және «б» - «бирру Ллахи Тағаля» (Алла Тағаланың жақсылығы) деген мағынаны білдіреді.
Ресей жеңіл өнеркәсіп қызметкерлерінің күні. Маусымның екінші жексенбісінде атап өтіледі. 1980 жылғы қазанның 1-де КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумы «Мерекелік және атаулы күндер туралы» Жарлығымен бекітілген. Содан бері атаулы күн Ресейде үздіксіз аталып өтіледі.
1924 жылы Орынборда қазақ ғалымдарының 1-ші съезі басталды. Маусымның 18-не дейін дейін созылған бұл жиында қазақ фольклорын жинау, зерттеу туралы қаулы қабылданды.
2006 жылы «Қазақстан қағазы» АҚ-ының еншілес құрылымы - «Қазқайталамашикізат» компаниясы ATS110-75 автоматты престеу құрылғысын іске қосты. Құрылғы сағатына 12 тонна, тәулігіне 280 тонна пресстелген қағаз қалдығын өндіреді. Оның алюминий банкілер, қағаз қораптар, тетрапакет, пластик ыдыстар және РЕТ шөлмектерін өңдей алатын артықшылыққа ие екендігін де айта кеткен жөн. Хабардар ете кетсек, «Қазқайталамашикізат» компаниясы қағаз қалдықтарын жинап, престеумен айналысады.
1953 жылы жазушы, аудармашы, Жамбыл атындағы халықаралық жүлденің иегері «Мектеп» баспасының бас директоры Ерлан Сатыбалдиев дүниеге келді. Ол Алматы қаласында туған. М.Горький атындағы Әдебиет институтының аудармашылар даярлайтын бөлімін аяқтаған. Республикалық «Жазушы» баспасында редактор, «Жалын» баспасында аударма бөлімінің меңгерушісі, «Инербук» біріккен кәсіпорнының, «Өнер» баспасының директоры, Қазақ теледидары мен радиосы республикалық корпорациясының президенті болып қызмет атқарған. Қазір «Мектеп» баспасының бас директоры. Қазақ жазушыларының шығармалары мен қазақ ауыз әдебиетінің бірқатар туындыларын орыс тіліне аударған. Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен, Қазақстан Республикасының медальдарымен марапатталған.
1941 жылы актер, Қазақстанның халық әртісі, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Алтынбек Кенжебеков дүниеге келді. Ол Оңтүстік Қазақстан облысы Отырар ауданында туған. Алматы консерваториясын бітірген. 1959 жылдан Балалар мен жасөспірімдер театрының әртісі болған. Ол Ғани Мұратбаев, Шоқан Уәлиханов, Сәкен Сейфуллин, Жамбыл Жабаев, Гамлет рөлдерінде ойнап, шығармашылық мүмкіншілігінің молдығымен танылған. Сонымен қатар режиссерлік жұмыспен де айналысып, көптеген спектакльдерді сахнаға шығарып, көрермен көңілінен шыққан. Актер қазақ кино өнерінің дамуына да өз үлесін қосып, он шақты рөлде ойнаған. Сондай-ақ орысша фильмдерді қазақша сөйлетуде көп еңбек сіңірген. Ол қазақшалаған фильмдердің жалпы саны 2000-ға жуық. Құрмет орденімен марапатталған.