12-маусым
Дүниежүзілік балалар еңбегін пайдалануға қарсылық күні. 2002 жылғы маусымның 3-20-ы аралығында өткізілген Халықаралық Еңбек Ұйымы сессиясының Бас конференциясы шешімі бойынша жыл сайын атап өтіледі.
Ресей Федерациясының Мемлекеттік мейрамы - Ресей күні (1990). 17 жыл бұрын (1990) РКФСР халық депутаттары съезі Ресей Федерациясының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы Декларация қабылдады.
Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас 1992 жылғы қазанның 21-де орнатылды. Қазақстан Республикасының Ресейдегі Төтенше және Өкілетті Елшісі - Әбіқаев Нұртай. Ресей Федерациясының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі - Бочарников Михаил Николаевич.
Филиппин Республикасының Ұлттық мейрамы - Тәуелсіздік күні (1898). Тынық мұхитының батыс бөлігінде Малай архипелагының бөлігі болып табылатын Филиппин аралдарында орналасқан мемлекет. Оңтүстігінде Сибуян (Целебеский), шығысында Филиппин, батысында Оңтүстік Қытай теңізімен шектеседі. Мемлекет 7100-ден астам аралда қоныс тепкен. Олардың ірілері Лусон, Минданао, Самар, Негрос, Палаван, Панай, Миндоро, Лейте, Себу, Бохоль, Масбате аралдары, қалғандарының аумағы шағын. Әкімшілік жағынан 74 провинцияға бөлінеді. Астанасы - Манила қаласы. Ресми тілі - пилипино және ағылшын тілдері. Ақша бірлігі - филиппин песосы. Елді Президент басқарады. Жоғарғы заң шығарушы органы Сенат және Өкілдер палатасынан тұратын екі палаталы парламент - Конгресс. Жоғарғы атқарушы органы - Үкімет.
Қазақстан Республикасы мен Филиппин Республикасы арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас 1992 жылғы наурыздың 25-де орнатылды. Филиппин Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі - Эрнесто Вильярика Льямас.
2010 жылы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев трансферттік баға белгіленіміне бақылау тетіктерін, сондай-ақ салық салу саласындағы заңнаманы одан әрі жетілдіруге бағытталған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне трансферттік баға белгіленімі және салық салу мәселелері бойынша өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды.
1929 жылы жазушы, аудармашы, өлкетанушы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Байұзақ Қожабек дүниеге келді. Ол Алматы облысында туған. Қазақ мемлекеттік университетін бітірген. 1947-1949 жылдары - «Коммунист» журналының қызметкері. 1949-1967 жылдары - Қазақ КСР Теледидар және радиохабарлары жөніндегі мемлекеттік комитетінің тілшісі, редакторы, Әдебиет-драматургия редакциясының бас редакторы, Қазақ теледидарының бас редакторы, коментаторы, «Қазақфильм» киностудиясының аға ғылыми редакторы. 1967-1968 жылдары - Қазақ КСР-інің Баспа, полиграфия және кітап саудасы жөніндегі мемлекеттік комитетінің бөлім бастығы. 1968-1989 жылдары - Қазақ кеңес энциклопедиясының редакция меңгерушісі. 1992-2001 жылдары жеке меншік «Ататек» баспасының директоры қызметін атқарған.
Қаламгердің «Тарихи таным», «Қазақия», «Мұхаммед Хайдар Дулати», т.б. кітаптары жарық көрген. Көркем аударма саласында М.Кальманның «Бестерц қорғаны» романын, Ш.Уәлихановтың «Сот реформасы туралы жазбасын», С.Куриловтың «Тундрада кездесеміз» повесін, У.Теккерейдің «Күйкі тірліктің жәрмеңкесі» романын, Мұхаммед Бабырдың «Бабырнамасын» қазақ тіліне тәржімалаған.