6-маусым
Жаңа Зеландияның мемлекеттік мейрамы - Патшайымның туған күні. Маусым айының бірінші дүйсенбісінде атап өтіледі.
Швецияның және Швеция Байрағының ұлттық күні. Швеция Батыс Еуропада орналасқан мемлекет. Скандинавия түбегінде оңтүстік, оңтүстік-батыстан солтүстік, солтүстік-шығысқа қарай 1600 шақырымға, шығыстан батысқа 400 шақырымға созыла орналасқан. Батысында Норвегиямен, солтүстік-шығысында Финляндиямен шектеседі. Оңтүстігі мен шығысы Балтық теңізі мен Ботния шығанағымен шайылады. Оңтүстік-батыс жағалауы Скагеррак, Каттегат, Эресунн бұғаздары арқылы Даниямен ұласады. Сонымен қатар Балтық теңізіндегі Готланд және Эланд аралдары да осы мемлекетке қарайды. Әкімшілік жағынан 24 ленге бөлінеді. Астанасы - Стокгольм қаласы. Мемлекеттік тілі - швед тілі. Ақша бірлігі - швед кронасы. Швеция - Конституциялық монархия. Мемлекет басшысы - Король. Жоғарғы атқарушы органы - Үкімет. Заң шығарушы жоғары органы бір палаталы парламент - Риксдаг.
Қазақстан Республикасы мен Швеция Корольдігі арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас 1992 жылғы сәуірдің 7-інде орнатылды.
Пушкин күні. Ресей Федерациясы Президентінің 1997 жылғы мамырдың 27-дегі Жарлығымен ұлы ақынның туылған күні салтанатына орай жыл сайын атап өтіледі. А.С.Пушкин шығармашылығын жоғары бағалайтын қазақстандықтар да жер-жерде ақын ескерткішінің алдына барып, рухына тағзым етіп, өлеңдер оқиды. А.С.Пушкин 1833 жылы Орынбор және Орал қалаларына келген. «Пугачев тарихына» қатысты мағлұматтар жинап, «Қозы Көрпеш - Баян сұлу» эпосын жазып алған. Оның шығармалары 19 ғасырдың 2-ші жартысында Абайдың аударуымен елімізде кеңінен таралды. Абай «Евгений Онегиннен» бірнеше үзінді-нұсқаларды таңдап алып, «Татьянаның хаты», «Ленскийдің сөзі» атты өлеңдер шығарды. Ақын І.Жансүгіров «Евгений Онегин» романын бірінші болып толық аударды.
1846 жылы Атбасар қаласының негізі қаланды. Астана қаласынан солтүстік батысқа қарай 232 шақырым жерде, Жабай өзенінің (Есілдің бір саласы) оң жағалауында орналасқан. Қазан төңкерісіне дейін мұнда Атбасар жәрмеңкесі өткізіліп тұрды. 1928 жылы аудан орталығына айналды. Ақмола-Қарталы тас жолының салынуы (1940) қаланың одан әрі дамуына қолайлы жағдай жасады.
1951 жылы бірінші этникалық қазақ, грек-рим күресі бойынша Олимпиада-80-нің алтын медалін жеңіп алған әлем чемпионы Жақсылық Үшкемпіров дүниеге келді. Ол Жамбыл облысы Байзақ ауданының, Тегістік ауылында туған. Мектепте ұлттық қазақша күреспен айналысқан. Семей мал шаруашылығы институтын, Қазақ мемлекеттік спорт және туризм академиясын бітірген. Қазақстан және халықаралық турнирлердің жеңімпазы. КСРО чемпионатының алтын (1975, Алматы), күміс (1974, Мәскеу, 1978 Запорожье) және қола жүлдегері (1973, Таллин). КСРО халықтары Спартакиадасының жеңімпазы (1975, Алматы). Еуропа чемпионатының күміс жүлдегері (1980), Әлем чемпионы (1981, Осло, Норвегия) және кубогының иегері (1982). Олимпия ойындарының жеңімпазы (1980, Мәскеу). 1974-1984 жылдары Қазақ КСР-і Мемлекеттік спорт комитетінде нұсқаушы, 1984-1993 жылдары республикалық кәсіподақтардың Ерікті дене шынықтыру спорт одағы спорт мектебінің директоры қызметін атқарды. 1993 жылдан «Жақсылық» спорт клубының директоры. Қазіргі таңда Алматыда тұрады, жылқы өсірумен айналысады. Бапкерлері - Р.Ильматов, В.Псарев, В.Угренинов. Ол «Құрмет белгісі» орденімен, бірқатар медальдармен марапатталған. Алматы қаласында жыл сайын қазақ спортының мақтанышы Жақсылық Үшкемпіров жүлдесі үшін халықаралық жастар турнирі өтіп тұрады.