5-маусым
Бүкіләлемдік қоршаған ортаны қорғау күні. БҰҰ Бас Ассамблеясының шешімімен 1972 жылы бекітілген. БҰҰ-ның қоршаған ортаны қорғау жөніндегі бағдарламасын басшылыққа ала отырып өткізіледі.
Дания Корольдігінің Ұлттық мейрамы - Конституция күні. Дания Еуропаның солтүстік-батысында орналасқан ең кішкентай мемлекет. Ютланд түбегінің біраз бөлігін, Зеландия, Фюн, Лолланн, Фальстер, Мен, Борнхльм, т.б. аралдарды алып жатыр. Бұған қоса елдің құрамына кіретін Гренландия мен Фарер аралдарының дербес автономиялық құқықтары бар. Оңтүстігінде Германиямен шектеседі. Шығысында Балтық, батысы мен солтүстігі Солтүстік теңізімен шайылады. Әкімшілік жағынан 14 облысқа бөлінеді. Астанасы - Копенгаген. Мемлекеттік тілі - дат тілі. Ақша бірлігі - дат кронасы. Дания - Конституциялық монархия. Мемлекет басшысы - Королева. Жоғарғы атқарушы органы - Үкімет. Жоғарғы заң шығарушы органы бір палаталы парламент - Фолькетинг.
Қазақстан Республикасы мен Дания Корольдігі арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас 1992 жылғы мамырдың 6-да орнатылды.
Сейшель аралдары Республикасының Ұлттық мейрамы - Азаттық күні (1977). Сейшель аралдары мемлекеті Мадагаскар аралының солтүстік-шығысында, Үнді мұхитындағы аралдарда орналасқан. Әкімшілік-аумақтық жағынан 23 округке бөлінеді. Астанасы - Виктория қаласы. Ресми тілі - креоль, ағылшын және француз тілдері. Ұлттық ақша бірлігі - сейшель рупийі.
Әзірбайжан мелиораторы күні. Әзірбайжан Республикасы Президентінің 2007 жылғы мамырдың 24-дегі Жарлығына сәйкес жыл сайын атап өтіледі.
1938 жылы Әулиеата қаласына ұлы ақын Жамбыл Жабаевтың есімі берілді. Жамбыл - Қазақстандағы көне қалалардың бірі. Ол әр жылдары Талас, Тараз, Әулиеата, Мирзоян деп аталған болатын. 1997 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен қалаға оның көне атауы Тараз қайта берілді.
1992 жылы «Қазақстан Республикасының Конституциялық соты туралы» Заң қабылданды. Конституциялық Сот– бірқатар елдердегі конституциялық бақылау бірден-бір немесе басты міндеті болып табылатын ерекше орган. Жоғарғы соттардан өзгеше түрде ол жалпы соттар жүйесіне кірмейді.
2006 жылы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Алматы қаласының өңірлік қаржы орталығы туралы» және «Алматы қаласының өңірлік қаржы орталығын құру мәселелері жөніндегі Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңдарға қол қойды.