20-мамыр
Куба Республикасының Ұлттық мейрамы - Тәуелсіздік күні. 1902 жылдан бастап атап өтіледі. Испан отарынан құтқарған американдықтардың әскери үкіметі Куба жерін 10 жыл басқарып, 1902 жылы бар билікті Куба президенті Эстраде Пальмеге ұсынды. Куба - Америкадағы, Вест-Индиядағы мемлекет. Оңтүстік және Солтүстік Америка құрлықтары аралығында Куба, Хувентуд және олардың жанындағы Үлкен Антиль аралдар тобында орналасқан. Аралдардың жалпы саны 1600-ге жуық. Олардың көпшілігінде адамдар қоныстанбаған. Астанасы - Гавана қаласы. Ресми тілі - испан тілі. Ақша бірлігі - Куба песосы. 1976 жылғы қабылданған Конституция бойынша мемлекет билігі халықтық өкіметтің қолында. Ол өз депутаттары арасынан Мемлекеттік Кеңес сайлайды және Министрлер Кеңесінің мүшелерін бекітеді. Осы екі Кеңестің төрағасы мемлекет басшысы болып есептеледі.
Қазақстан Республикасы мен Куба арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас 1992 жылғы наурыздың 24-інде орнатылды.
Сауд Арабстаны Корольдігінің Ұлттық мейрамы - Тәуелсіздік күні. Сауд Арабстаны Оңтүстік-Батыс Азияның оңтүстік-батыс бөлігінде орналасқан мемлекет. Араб түбегінде және Қызыл теңіздегі, Парсы шығанағындағы аралдарда орналасқан. Солтүстігінде Иорданиямен, Иракпен, Кувейтпен, оңтүстік және оңтүстік-батысында Йеменмен, Оманмен, Біріккен Араб Әмірілігімен, Катармен шектеседі. Әкімшілік жағынан 13 ауданға бөлінеді. Астанасы - Ар-Рияд қаласы. Ресми тілі - араб тілі. Ақша бірлігі - реал. Сауд Арабстаны - абсолюттік монархия. Мемлекет басшысы - Король. Жоғары заң шығарушы органы - Король және Консультативтік кеңес. Жоғары атқарушы органы - Министрлер Кеңесі.
Қазақстан Республикасы мен Сауд Арабстаны арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас 1994 жылғы сәуірдің 30-ында орнатылды.
Дүниежүзілік метрология күні. Бұл күн өркениетті елдердің бәрінде арнайы түрде аталып өтіледі. Атап айтқанда түрлі кездесулер, семинарлар, дөңгелек үстелдер түрінде көрініс тауып, әр ел өздерінің метрология саласында жүргізген жұмыстарының қорытындысын шығарады. Сондай-ақ өзара тәжірибелерімен бөлісіп, маңызды деген мәселелер талқыға түсіп отырады.
Метрология (грек тілінде metron - өлшем және logos - сөз, ілім) - өлшеу туралы өлшеудің бірлігі мен қажетті дәлдікке жету тәсілдері жөніндегі ғылым. Метрологияның негізгі мәселелеріне: өлшеудің жалпы теориясы, физикалық шамалардың және оның жүйелерінің бірліктерін ұйымдастыру, өлшеудің әдістері мен құралдары, өлшеудің дәлдігін анықтау әдістері (өлшеудің қателіктер теориясы), өлшеу бірлігін және өлшеу құралдарының метрология жарамдылығын қамтамасыз ету (заңды метрология) эталондар мен өлшеу құралдарының үлгілерін жасау, эталондарды бірлік өлешемдерін тарату әдістері жатады. Метрология алғашқыда өлшеудің әр түрлі бейнесін (сызықты, сыйымдылық, салмақ, уақыт) жазумен қатар бірнеше мемлекеттерде қолданылған ақша және олардың ара қатынасын табумен айналысты. Метрологияның күрт дамуына 1975 жылы Метрикалық конвенциясының (құрамында 17 мемлекет бар) қорытындысы (Өлшеу мен таразылар және өлшеудің метрикалық эталонын жасаудың халықаралық мекемесі) себепші болды. Қазіргі кездегі метрология физика, химия т.б. жаратылыстану ғылымдарының жетістіктерін пайдаланып, физикалық тәжірбиенің жоғарғы дәлдігіне сүйенеді. Қазақстанда алғашқы метрологиялық мекеме 1923 жылы Семей қаласында ұйымдастырылды. Ол 1925 жылы Семей және Жетісу губернияларындағы таразыларды, гірді, ұзындық пен көлем өлшемдерін тексеруді жүзеге асыратын өз алдына жеке палата болды. Оның бөлімдері Петропавл, Ақтөбе, Алматы қалаларында жұмыс істеді. 1930 жылы палата Алматыға көшірілді. 1974 жылы Алматы қаласында арнайы эталондар сақтайтын ғимарат салынды.
Республиканың метрологиялық қызметінде тексеру жұмыстарын жүргізу үшін 20 жұмыс эталоны (мыс. қысым, температура, масса, ұзындық, электрлік сыйымдылық, электрлік кедергі, түзу, түзу сызық, т.б.) қолданылады. 2000 жылы Қазақстанда мемлекеттік уақыт және жиілік эталоны пайдалануға енгізілді.