19-мамыр
Түркияда жастар және спорт күнi. Бұл күн Түркияның ұлттық мерекесі болып саналады. Мереке бастапқысында жастармен де, спортпен де ешқандай байланыспаған. Қара теңiздің Самсун Портында Түрiк республикасының бiрiншi президенті Мұстафа Кемаль Ататүрік 1919 жылдың 19 мамырында шетелдiк интервенцияға қарсы мобилизация жариялады. Сол кезде Түркия мен Грекия соғысып жатқан болатын. Тәуелсіздік үшін ұлттық қозғалыстың негізін жастар құрады. Ататүрік республиканың болашағын құруды жастардың қолына бере отырып жаңа мемлекеттің маңызды элементін жасауды көздеді.
Түрікменстанда XVIII ғасырдағы түрікмен ақыны Мақтымқұлы поэзиясының мерекесі.
2005 жылы Алматы қаласында «Тамыр» журналының ағылшын тіліндегі басылымының тұсауы кесілді. Аталмыш басылымда отандық авторлардың философиялық, мәдени және басқа да тақырыптарға жазған еңбектері ағылшын тілінде жарық көреді. Журналдың бас редакторы - Әуезхан Қодар.
1995 жылы Алматыда Елбасы Н.Назарбаевтың қатысуымен банкноттық фабрикасы ашылды.
Банкноттық фабрика жалған ақша белгілерінен қорғайтын, көркем және полиграфиялық өнімді жоғары деңгейде орындайтын бірегей жабдықтардан құрылған. Оның меншiктi базасынан номиналы 100, 200, 500, 1000, 2000, 5000, 10000 теңгелік банкноттар шығарылған. Қазiр фабрикада банкноталардан басқа төлқұжат, куәлiк, диплом, аттестат, куәлiк қағаз, акциз маркалары сияқты құжаттардың жүзден астам түрлерi шығарылады.
2005 жылы қарағандылық Василий Кузнецов «ТМД елдерінің еңбек сіңірген энергетигі» белгісімен марапатталды. Марапаттау құжатына ТМД-дағы электрэнергетикалық кеңесiнiң президентi Анатолий Чубайс қол қойды.
Василий Павлович Кузнецовтың бүкіл еңбек жолы энергетика саласымен байланысты. Ол Қарағандыға Мәскеуден көшіп келген. Орталық диспетчерлік қызметінде жұмыс істеп, кейін сол орталықты басқарды. Теміртаудағы КарГРЭС-1, Жезқазғандағы ТЭЦ-ті орнатуға және тұрба генераторларды іске қосуға өзінің үлесін қосты. Энергетикалық кәсiпорындарға пайдалануға арналған нұсқауларды жасап шығарған. Бірнеше рет ордендермен және медальдермен марапатталған.
1964 жылы әнші, продюсер Қыдырәлі Болманов дүниеге келді.
Жезқазған облысының Қарсақпай ауылында туған. Алматы театр-көркемөнер институтын бітірген (1991). 1995 жылы «Айналайын» деп аталатын алғашқы жеке альбомын шығарған. 1996 жылдан - «АБК» тобының негізін қалаушы, мүшесі және бас продюсері. 2001 жылдан - «Гүлдер» ансамблінің көркемдік жетекшісі. 2005 жылдың қаңтарынан 2007 жылдың қаңтарына дейін - Алматы қаласы Мәдениет департаментінің директоры. 2008 жылдың сәуірінен - Астана қаласы Мәдениет департаментінің директоры. «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығы комиссиясының мүшесі және Қазақстан жастар одағы сыйлығын тапсыру бойынша комиссияның төрағасы.