14-мамыр
Грузияда Тамара ханшайымды еске алу- Тамароба күні. 1917 жылдан бастап ұлттық мереке ретінде атап өтіледі.
Парагвай Республикасының Ұлттық мейрамы - Тәуелсіздік күні (1811). 1811 жылдан бастап атап өтіледі. Халықтың қысымымен испан губернаторы өз өкілеттілігін тоқтатып, Испанияның Парагвайға билігі жүрмейтін болды. Парагвай - Оңтүстік Американың орталық бөлігінде орналасқан мемлекет. Солтүстігі және солтүстік-батысында Боливиямен, солтүстік-шығысы және шығысы Бразилиямен, оңтүстік-шығысы, оңтүстік және оңтүстік-батысы Аргентинамен шектеседі. Әкімшілік жағынан 19 департаментке бөлінеді. Астанасы - Асунсьон қаласы. Ресми тілі - испан тілі. Ақша бірлігі - гварани. Елді Президент басқарады. Ол жалпы халықтық сайлау арқылы 5 жылға сайланады. Президент екінші мәрте қайта сайлауға түсе алмайды. Жоғары заң шығарушы органы - Конгресс. Ол екі палаталы сенат және депутаттар палатасынан тұрады.
1869 жылы Ақтөбе қаласының іргетасы қаланды. Қазақстан Республикасының батысында орналасқан, Ресейдің Орынбор облысымен, сондай-ақ Қазақстанның Батыс Қазақстан, Атырау, Қостанай, Қызылорда және Маңғыстау облыстарымен шектесетін Ақтөбе облысының әкімшілік орталығы (1932). Қалада 300 мыңнан аса халық тұрады. Халқының ұлттық құрамы сан алуан. Қазақтардың үлестік құрамы — 68,72 %. Біршама орыстар (19,58 %), сонымен қатар украиндер (5,69 %), татарлар (2,21 %), немістер (0,92 %), белорустар (0,35 %), корейлер (0,34 %), молдавандар (0,26 %), азербайжандар (0,23 %), шешендер (0,20 %), өзбектер (0,15 %), болгарлар (0,14 %), башқұрттаа (0,14 %), армяндар (0,12 %) және халықтар тұрады.
2002 жылы Мәскеуде Астананың мәдени күндері өтті.
2007 жылы Қарағанды облысының әкімдігі мен Табиғи ресурстардың Еуразиялық корпорациясы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.
1894-1938 жылдары қазақтың көрнекті жазушысы, қазақ әдебиетін негізін қалаушылардың бірі Ілияс Жансүгіров дүниеге келді. Ол Алматы облысының Ақсу ауданында туған. Ташкенттегі екі жылдық мұғалімдік курсты бітіріп, өз ауылында мұғалім болған. Одан кейін аз уақыт «Тілші» газетінде істеп, Верныйдағы Қазақ ағарту институтының меңгерушілігіне тағайындалды. Мәскеудегі Коммунистік журналистика институтын бітірген, соң «Еңбекші қазақ» газетінде қызмет атқарды. 1932-1934 жылдары - Қазақстан Жазушылар одағы ұйымдастыру комиссиясының төрағасы. 1933-1936 жылдары Қазақ КСР Орталық атқару комитетінің мүшесі болды. 1938 жылы саяси қуғын-сүргін науқанының құрбаны болды.
І.Жансүгіровтың шығармашылығы көп қырлы, алуан сырлы. Ол поэзия, проза, драма саласында өнімді еңбектеніп, өзіндік қолтаңбасы айқын көркем шығармалардың маржан шоғырын дүниеге келтірген құнарлы да тегеурінді қаламгер. Оның шығармаларына арқау болған тақырып өрістері де алуан түрлі. Поэзия, проза, драма салаларындағы шығармаларына өзі ғұмыр кешкен ортадағы нақтылы өмір көріністерінен бастап, тарихи тақырыпқа дейін арқау болып отырады. Қандай тақырыпқа қалам тербесе де ел қамы, халық тағдыры, ұлттың болмыс қасиеті оның шығармаларының алтын арқауы. Оның қаламынан туған «Күй», «Дала», «Күйші», «Құлагер» сияқты он беске жуық көлемді поэма қазақ поэзиясының інжу маржаны болып табылады. І.Жансүгіровтың прозалық шығармаларының ішіндегі көлемдісі - «Жолдастар» романы. Мұнда қазақ сахарасындағы еңбек адамдарының тұрмыс тіршілігін, азаттықты көксеген арман аңсарын, 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісінің дүмпуін суреткерлікпен ашып көрсетеді. Қаламгер әдебиет сыны мен аударма саласында да өнімді еңбектенді. А.Пушкиннің көптеген өлеңдеріне қоса, «Евгений Онегин» романын қазақ тіліне алғаш рет толық аударды. Сондай-ақ, М.Лермонтовтың, А.Горькийдің, Н.Некрасовтың, В.Маяковскийдің көптеген шығармаларын қазақ тіліне тәржімалады.