13-мамыр
Ресей Федерациясындағы Қара теңіз флоты мерекесі.
Бразилиядағы Претос Велхос фестивалі. 1888 жылы Бразилияда құлдықты жою туралы заң қабылданды.
1904 жылы қазақтың ұлы ғалымы, ағартушы, шығыстанушы, тарихшы, этнолог, географ, фольклортанушы Ш.Уәлихановтың еңбектері алғаш рет жарияланды.
2002 жылы Қазақстан Ядролық жеткізімшілер тобының 40-шы мүшесі болып қабылданды.
1992 жылы Қазақстан Республикасы мен Финляндия Республикасы арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастарды бекіту туралы келісім жасалды.
2007 жылы Санкт-Петербор қаласындағы «Невский пяточок» мемориалында соғыс жылдары қырғын ұрыс болған жерде «Память және Слава» атты интернационалдық саябақтың ашылу салтанатты өтті.
Ұлы Отан соғысы жылдары Ленинград шайқасындағы қорғаушылардың құрметіне саябақта 60 стелла орнатылған, оның ішінде қазақстандықтар да бар. Стеллалардағы жазулар әр ұлттың өз тiлiнде жазылған.
2009 жылы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан Республикасының Үкіметі, Ресей Федерациясының Үкіметі және Түрікменстанның Үкіметі арасындағы Каспий жағалауы газ құбырын салудағы ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы» Заңға қол қойды.
2010 жылы Қазақстанда «KAZNEX INVEST» экспорт және инвестициялар бойынша Ұлттық агенттігі құрылды.
Жаңа құрылған органның негізгі мақсаты экспортты дамыту және жылжытумен қатар Қазақстан экономикасына тікелей инвестициялар тарту болып табылады.
Ұлттық агенттіктің қызметіне Қазақстан аумағында экономиканың өңдеу секторында бірлескен өндірістер құру мақсатымен жетекші трансұлттық компаниялармен өзара іс-қимыл жасасу кіреді. Ел экономикасының шикізаттық емес секторларына салым салуға дайын шетелдік инвесторлар үшін «KAZNEX INVEST» АҚ бір терезе қағидатымен қызметтер ұсынатын болады.
1936 жылы жазушы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты Шәрбану Құмарова Мұхитқызы дүниеге келді. Жазушы Алматы облысының Есік қаласында туған. Қазақ мемлекеттік университетін (әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті) бітірген. «Социалистік Қазақстан» газетінде (қазіргі «Егемен Қазақстан»), Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің Кинематография жөніндегі мемлекеттік комитетінде, «Мәдениет және тұрмыс» журналында, Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында, «Жазушы» баспасында жұмыс істеген.
Содан бергі уақытта «Терезелер», «Сәуірдің ақ таңы», «Әйел шырағы», «Қызыл қайың» атты әңгіме-повестер жинағы, «Құлжа жолы» повесі, «Қазбауыр бұлттар» роман-толғауы, «Сезім патшалығы» романы жарық көрген. Көптеген шығармалары ТМД халықтарының тілдеріне аударылған.«Құрмет» орденімен марапатталған. Есік қаласындағы бір көшеге қаламгер есімі берілген.