1-мамыр
Қазақстан халықтарының бірлігі күні. Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Жарлығына сәйкес 1996 жылдан бастап атап өтіледі. 100-ден астам ұлт өкілдері тұратын Қазақстан үшін бұл мереке дәстүрлі мейрамдардың біріне айналды.
Еңбекшілердің халықаралық ынтымақтастық күні. Әлемнің 66 мемлекетінде атап өтіледі. 1886 жылы американдық жұмысшылар 8 сағаттық жұмыс күнін талап етіп, ереуіл ұйымдастырды. Аяғы полицейлермен қақтығысқа ұласып, үлкен қантөгіс болды. 1889 жылғы маусымда ІІ Интернационалдың Париж конгресі Чикагодағы жұмысшылар ереуілін мәңгі есте қалдыру мақсатында жыл сайын бірінші мамырда шеру өткізу туралы шешім қабылдады.
Маршалл Аралдары Республикасының Ұлттық мейрамы - Конституция күні (1979). Маршалл Аралдары Республикасы - Тынық мұхитының батыс бөлігінде орналасқан мемлекет. Ол 2 топқа бөлінген 34 аралдан тұрады. Оңтүстік-шығысы - Ратак аралы, солтүстік-шығысы - Ралик аралы деп аталады. Әкімшілік жағынан 25 ауданға бөлінеді. Астанасы - Маджуро қаласы. Мемлекеттік тілі - ағылшын тілі. Ақша бірлігі - АҚШ доллары. Елді президент басқарады. Жоғарғы атқарушы органы - Үкімет. Жоғарғы заң шығарушы органы екі палаталы парламент. Маршалл Аралдары Республикасы 1991 жылдан бастап БҰҰ-на мүше. Негізгі сауда серіктестері - АҚШ пен Жапония.
Микронезия Федеративтік Штаттарының Ұлттық мейрамы - Тәуелсіздік күні (1979). Микронезия - Тынық мұхитының батыс бөлігінде, Каролин аралдарында орналасқан мемлекет. Әкімшілік жағынан Трук, Костраэ, Понапе, Иап штаттарына бөлінген. Астанасы - Паликир қаласы. Ақша бірлігі - АҚШ доллары. Ресми тілі - ағылшын тілі, сонымен қатар жергілікті халықтардың тілдері де кеңінен тараған. Мемлекет және үкімет басшысы - Президент. Жоғарғы заң шығарушы органы бір палаталы парламент - Ұлттық конгресс.
Францияда інжугүл күні. Бұл күні барлық жерде інжугүл сатылады. Аталмыш гүл бақыт әкеледі деп сенетін француздықтар оны бір-біріне сыйлайды және сақтап қояды.
Францияда мамырдың бірінде өсімдіктер мен заттар магиялық қайырымдылық қасиетке ие болады деп сенеді.
Әр халықтың мамырдың алғашқы күнін атап өту дәстүрі бар. Мысалы: Италияда мамырдың бірінші күні Серенадалар мерекесі деп саналса, Канадада - Саршұнақ күн, Нидерландыда - Қызғалдақтар күні, Голландияда - Раушан мен лалагүл күні, ал Мексикада Еңбек күні деп аталып өтіледі.
1923 жылы Ақмола облыстық тарихи-өлкетану мұражайы - мәдени-ағарту мекемесі құрылды. Мұражайдың алғашқы экспозициясы түрлі мекемелер сыйға тартқан жан-жануарлардың қаңқалары, қару-жарақ, сауыт-сайман, т.б. бұйымдардан құралды. 1927 жылы мұражай өзінің алғашқы экспедициясын ұйымдастырып, өлкенің табиғаты, тарихы жөнінде құнды мәліметтер жинады.