22-сәуір
Бүкіләлемдік жер күні. Қоршаған ортаны қорғау ісіне бүкіл адамзатты біріктіру мақсатында өткізілетін халықаралық шара ретінде 1990 жылдан бастап атап өтіледі. Бұл атаулы күн 1970 жылдан бастап АҚШ-та дәстүрлі түрде өтеді.
АҚШ-та ағаш отырғызу күні. Мектеп мерекесі. Көктемнің алғашқы күндерінде бастауыш мектеп оқушылары оқытушыларының басшылығымен ағаш отырғызумен айналысады. Мақсаты - қала балаларына табиғатты аялауды үйрету.
2009 жылы БҰҰ-ның Білім, ғылым және мәдениет мәселелері жөніндегі ұйымы 32 серіктес ұйыммен бірлесе отырып, Әлемдік сандық нұсқадағы кітапхана ашты. Бұл кітапхананың қорын кез-келген оқырман пайдалана алады. www.wdl.org сайтында мәдениеттің бірегей туындыларымен, қолжазбалармен, карталармен, сирек кездесетін кітаптармен, фильмдермен, аудиожазбалармен және фотосуреттермен танысуға болады. Олардың ішінде ежелгі қытай мәтіндері, арабтың ғылыми трактаттары, 764 жылғы «Hyakumanto darani» жазбасы және басқа да мәдени құндылықтар бар. Әлемдік сандық нұсқадағы кітапхана ағылшын, араб, испан, қытай, португал, орыс және француз тілдерінде жұмыс істейді.
2008 жылы Мемлекет басшысы ҰҚШҰ мемлекеттері темір жолдарының бірыңғай жүйесін құру келісімін ратификациялау туралы заңға қол қойды.
1900-1973 жылдары қазақтың атақты жазушысы, ақын, драматург, әдебиет зерттеушісі және сыншысы, Қазақстан Ғылым академиясының академигі Сәбит Мұқанов дүниеге келді. Солтүстік Қазақстан облысы Жамбыл ауданында туған. Сәбит Мұқанов қазақ әдебиетінде роман жанрының дамуын биік шыңға көтерді. «Жұмбақ жалау» (кейіннен «Ботакөз») романында революциялық аласапыран кезді басынан өткерген қазақ әйелінің тағдыры бейнеленсе, «Сырдария» романында Ұлы Отан соғысы кезіндегі тылдағы еңбекшілердің қайсарлығы, халықтар достығы, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан үндестік сөз етілген. «Аққан жұлдыз» дилогиясы әйгілі ғалым Шоқан Уәлихановқа арналған. «Өмір мектебі» трилогиясында автор өз ғұмырын кезең-кезеңмен әңгімелей отырып, қазақ халқының жарты ғасыр бойғы тарихының да шыншыл шежіресін жасайды. Шығармалары ТМД және шетелдің бірқатар тілдеріне аударылған.
Абай атындағы мемлекеттік сыйлықтың лауреаты. Екі рет Ленин орденімен, екі рет Еңбек Қызыл Ту, «Құрмет белгісі» ордендерімен және медальдармен марапатталған.
1971 жылы сол кездегі Қазақстанның астанасы Алматы қаласына бірінші рет Ту-154 әуе лайнері келіп қонды. Мәскеуден Алматыға дейінгі аралықтағы - 3 500 шақырымдық жолды лайнер не бәрі 3 сағат 45 минутта ұшып өткен.