18-сәуір
Халықаралық ескерткіштер мен тарихи орындар күні. Бұл мереке алғаш рет 1984 жылы атап өтілді. 1983 жылы ЮНЕСКО жанынан құрылған Халықаралық ескерткіштер мен көрнекті орындарды қорғау мәселелері жөніндегі кеңес ассамблеясы бекіткен. Бүгінгі таңда осы ұйымның қатарында әлемнің 175 мемлекеті бар. Дүниежүзінің 122 еліндегі 754 тарихи құндылық ЮНЕСКО тізіміне енгізілген. 2003 жылы осы тізімге еліміздегі «Әзірет Сұлтан» тарихи-архитектуралық кешені, Алматыға таяу Тамғалы тас шатқалындағы жартастарға салынған суреттер топтамасы кірді. Қазақстанда ұлттық құндылық болып табылатын 25 мыңнан астам тарихи-мәдени ескерткіш бар.
Зимбабве Республикасының Ұлттық мейрамы - Тәуелсіздік күні. Африкандықтардың нәсілшілдік режимге қарсы қарулы көтерілісі 1980 жылы Зимбабве мемлекетінің тәуелсіздігін жариялауға алып келді. Зимбабве - Оңтүстік Африкада орналасқан мемлекет. Ол Замбия, Мозамбик, Ботсвана және Оңтүстік Африка Республикасымен шектесіп жатыр. Ресми тілдері - ағылшын және шона тілдері. Астанасы - Хараре қаласы. Ақша бірлігі - Зимбабве доллары. Елді президент басқаратын бұл республика 8 провинцияға бөлінеді. Заң шығарушы органы - бір палаталы Ұлттық ассамблея 150 депутаттан тұрады. Олардың 120-сын халық сайласа, 12-ін президент тағайындайды. Бұған қоса провинцияларды басқаратын 8 губернатор мен 10 тайпа көсемі парламент мүшесі болып табылады.
Қазақстан Республикасы мен Зимбабве Республикасы арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас 1992 жылғы сәуірдің 10-ында орнатылды.
Украинаның тарихи және мәдени ескерткіштер күні. 1999 жылдан бастап Украина Президентінің Жарлығымен ғалымдардың, сәулетшілердің, тарихи және мәдени ескерткіштер қорғау мемлекеттік органдары қызметкерлерінің бастамасын қолдау мақсатында бекітілген.
Англиядағы бәйшешек күні. Бұл мереке 1984 жылдан бастап атап өтіледі.
1995 жылы Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан мен Түрікменстан арасындағы достық қарым-қатынасты нығайту туралы» және «Ресей Федерациясы мен Қазақстан Республикасы арасында «Байқоңыр» ғарыш айлағын жалға беру туралы» Жарлығы баспасөз бетінде жарық көрді.
1911-1991 жылдары жазушы, аудармашы Зейтін Ақышев дүниеге келді.
Павлодар облысы Баянауыл ауданында туған. Омбы жұмысшы факультетін, Семей мемлекеттік педагогикалық институтын бітірген. Павлодар, Талдықорған облыстық оқу бөлімдерінің меңгерушісі қызметтерін атқарған. Алматыдағы Оқу-педагогика баспасының аға редакторы, редакция меңгерушісі, бас редакторы, «Қазақстан мұғалімі» газетінің редакторы, Қазақ КСР Министрлер Кеңесі аппаратының аудармашы редакторы, Қазақ совет энциклопедиясы бас редакциясының аға ғылыми редакторы болды.