13-сәуір
Тайландта Сонгкран Жаңа жыл мерекесі (сәуірдің 13-15-і).
1973 жылы Маңғыстау облыстық «Коммунистический путь» газетінің алғашқы саны жарық көрді. 1988 жылы газет жабылып, 2 жылдан кейін «Маңғыстау» деген атпен шыға бастады.
2005 жылы Алматыда «Ренессанс» коммуникативті менеджмент агенттігінің бастамасымен қазақстандық тұңғыш «Рropr.kz» PR-порталы өз жұмысын бастады. «Propr.kz» - жұртшылықты қоғамдағы өтіп жатқан қандай да бір оқиға, жағдайлармен, еліміздегі ақпарат агенттіктері мен банктері, компаниялары туралы пайдалы мәліметтермен хабардар етеді. PR-порталдың басты міндеті - Қазақстандағы PR мамандары үшін аталған саладағы жаңа өзгерістер мен PR нарығының дамуы және мәселелерді шешу турасында шұғыл ақпар жариялап отыруды көздейді.
2005 жылы Астанада Жапонияның Елшілігі ашылды.
1996 жылы Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың Жарлығымен Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Жоғарғы экономикалық кеңес құрылды.
1970 жылы Шығыс Қазақстан облысы Глубокое ауданының Черемшан тауық фабрикасы бірінші өнімін шығарды. Өндірістің 1972 жылғы жоспарлық қуаты 26 миллион жұмыртқа, 180 тонна тауық еті болды.
2007 жылы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ядролық сынауларға жан-жақты тыйым салу туралы шарт жөніндегі ұйымның Дайындық комиссиясы арасындағы Ядролық сынауларға жан-жақты тыйым салу туралы шартты қолдауға халықаралық мониторинг объектілерінде, сертификаттаудан кейінгі іс-шараларды қоса алғанда, іс-шараларды өткізу жөніндегі келісімді ратификациялау туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды.
1743-1826 жылдары Американың мемлекет қайраткері, «Тәуелсіздік декларациясының» авторы, АҚШ-тың үшінші президенті Томас Джефферсон дүниеге келді. 1775 жылы Солтүстік Америка отарларының Ұлыбританиядан бөлініп шығуы туралы шешім қабылданған Құрлықаралық конгресс мүшелігіне сайланған. 1779-1781 жылдары Виргиния губернаторы, 1785-1789 жылдары АҚШ-тың Франциядағы елшісі, 1790-1793 жылдары Дж.Вашингтонның 1-ші үкіметінде мемлекеттік хатшы, 1800-1808 жылдары АҚШ-тың президенті болған. Ол «Тәуелсіздік декларациясының» жобасын жасау барысында «Жоғарғы билік Құдайдың құдіретімен дариды» деген көзқарасқа қарсы шығып, табиғи құқылар ілімін ұсынған. Отар аймақтар мен метраполия тұрғындардың теңдігін, халықтың революция жасау құқығын жақтаған. Монархиялық билікті табиғи құқық және қоғамдық келісім тұрғысынан сынап, халық билігін негіздеген. Адамның табиғи құқыларын мемлекет белгіленген заңдардан жоғары қойған. Үкімет тарапынан жеке адам құқыларын бұзуға жол бермеу мақсатында мемлекеттік биліктің міндеттерін шектеуді талап еткен. Ұсақ өндірушілердің мүддесін қорғап, фермерлердің демократиялық республикасын құруды аңсаған. Джефферсон басқа саяси қайраткерлермен бірге АҚШ Конституциясын жасауға қатысып, адам құқылары мен бостандықтарына қатысты 10 толықтыру («Құқылар туралы билль») енгізген. Президент міндетін атқарған кезде Джефферсон әр түрлі әлеуметтік топтар арасында келісім саясатын орнықтырып, реакциялық сипаттағы заңдардың күшін жойған, армияны, флотты, мемлекет аппаратын едәуір қысқартып, Луизиана штатын АҚШ-қа қосқан. 1809 жылы президенттік қызметтен босаған соң саясатқа араласудан бас тартқан. 1819 жылдан өмірінің соңына дейін өзі құрған Виргиния университетін басқарған.