10-сәуір
Нидерландыда мұражайлар күні. Амстердам - әлемдегі ең iрi көркем мұражай орталықтарының бiрi. Нидерландыда жыл сайын сәуірдің екінші демалысында Мұражайлар күнін атап өтеді.
2009 жылы Киевте Қазақстан Республикасының Елшілігінде қазақтың танымал ақыны және жазушысы Олжас Сүлейменовтың украин тіліне аударылған «Тарихқа дейінгі түркілер» кітабының таныстырылымы болып өтті.
2006 жылы Жамбыл облысы Қаратау қаласында жаңа саябақтың іргетасы қаланды. Жаңа саябаққа «Наурыз» аты берілді, аумағы 7 гектарға жуық жерді алып жатыр. Оның іргетасын қалауда Қаратау қаласының тұрғындары, бірқатар мекемелер мен кәсіпорындар ат салысты.
2006 жылы Қазақстанның БҰҰ жанындағы Тұрақты өкілдігінің қолдауымен БҰҰ-ның Нью-Йорктегі штаб-пәтерінде Семей аймағының құрбандықтарына арналған Еуропарламент депутаты Струан Стивенсонның «Мәңгілік қасірет» кітабы мен белгілі актриса Кимберли Джозеф фотокөрмесінің таныстырылымы өтті. Бас Ассамблеяның 60-шы сессиясында қабылданған «Халықаралық ынтымақтастық және Қазақстанның Семей аймағы халқын, экологиясын және экономикасын сауықтыру мақсатындағы қызметтерді үйлестіру» қарарын бірауыздан қолдағандары үшін БҰҰ-ға мүше елдерге алғыс білдірген Қазақстан өкілдігінің басшысы Ержан Қазыханов, шетелдік және халықаралық ұйымдардың, атап айтқанда, БҰҰ Даму бағдарламасының, USAID агенттігінің, Еурокомиссияның және Жапония, Ұлыбритания, Канада, Италия, Швейцария үкіметтерінің тікелей қатысуымен Семей аймағында жүзеге асырылып жатқан бірқатар жобаларға тоқталып өтті. Еуропарламенттің шотландтық депутаты Струан Стивенсон Кеңес Одағы кезінде ядролық қаруды сынаудан зардап шеккендер туралы кітап жазып, сол үшін әлем қауымдастығының ілтипатына және 50 мың доллар сыйлыққа ие болған. Еуропарламент депутаты осы сыйақысын Семейдің онкологиялық емханасына аударғанын ҚазАқпарат бұдан бұрын хабарлаған болатын. Қазақстанда, оның ішінде Семей аймағында бірнеше рет болған С.Стивенсон мырзаға полигон проблемасына деген тұрақты қамқорлығы үшін «Семейдің құрметті азаматы» атағы берілген.
2008 жылы Ұлттық банктің орталық филиалына «2008 жылғы Олимпиада ойындары» сериясының коллекциялық шақасы келіп түсті. «Бесайыс» шақасы 925-ші сынамалы күмістен жасалған, салмағы - 31,1 грамм, номиналы - 100 теңге. Дайындалу сапасы - proof. Шақаның аверсінде Қазақстанның елтаңбасы, футбол стадионы бейнеленсе, реверс бетінде бес спорттық ойынның көрінісі мен ойындар өткізілетін жылды білдіретін «2008» деген сандар бейнеленген. Шақаның құны - 5 мың теңге.